«Жасыл ел» еңбек жасағы қайта жанданды

«Жасыл ел» еңбек жасағы қайта жанданды
ашық дереккөз
«Жасыл ел» еңбек жасағы қайта жанданды
Жастар – ұлт келешегі, қоғам айнасы. Оларға қарап ертеңгі күннің, болашақтағы қоғамның қандай болатынын болжаймыз. Сондықтан да олардың қызығушылығын қоғам игілігіне қарай бұрған дұрыс. Жалпы, қандай елде болсын, азаматтарының, жастарының ел ісіне араласуы жақсы құбылыс. Қазіргі таңда елімізде жастар саясаты қолға алынуда. Бұл орайда, көптеген игі бастамалар өз жемісін беріп келеді. Осы саясатты іске асырудың негізгі міндеттерінің бірі – жастарды елжандылыққа тәрбиелеу, ішкі саяси тұрақтылықты нығайту. Аталған міндеттерді іске асыру мақсатында республика бойынша жастарды патриоттыққа тәрбиелеу іс-шаралары да әзірленген. Солардың бірі – «Жасыл ел» бағдарламасы. Жуырда облыс әкімдігінің жастар саясаты мәселелері басқармасының мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында «JASTAR» дамыту орталығының ұйымдастыруымен «Тұңғыш Президент» саябағында «Жасыл ел» еңбек жасақтарының маусымдық ашылу салтанаты өтті. «Жасыл ел» жобасының мақсаты – жастарды қоғамдық пайдалы еңбекке баулу. Сондай-ақ, елді мекендерді абаттандыру және көгалдандырумен айналыса отырып, жас ұрпақ отбасылық бюджетті толықтыруға мүмкіндік алып қана қоймай, әлеуметтік өзара іс-қимыл дағдыларын игереді. Одан бөлек, өз бойында қоршаған ортаға ұқыпты қарау мәдениетін қалыптастырады. Іс-шараның ашылу салтанатында облыс әкімі аппаратының әлеуметтік- саяси мониторинг бөлімінің басшысы Асылжан Құрманов еңбек жасақтарының сарбаздары мен жастарға жылы лебізін білдіріп, алдағы жұмыстарына сәттілік тіледі. Сонымен қатар, облыс әкімдігінің жастар саясаты мәселелері басқармасы басшысының уақытша міндетін атқарушы Мақсат Рахымбекұлы және «Жасыл ел» еңбек жасақтарының командирі Ермек Қыпшақбаев құттықтау сөз сөйледі. Сондай-ақ, шарада қаламыздың жас дарынды, облысымызға танымал өнер иелері патриоттық рухты көтеретін әндерінен шашу шашты.  

Мақпал СҮЙІНБАЙ

Ұқсас жаңалықтар