Оқимын деген балаға таңдау бар
Халқымыздың ұлттық болмысы білімді болумен, кітаптан алтын қазына жинаумен артады. Кітап оқуды жасөспірім жастан қалыптастырған жөн. Мемлекет басшысы Қасым- Жомарт Тоқаевтың Жолдауында: «Қазіргі міндет – халқымыздың жаңа болмысын қалыптастыру, тұтас ұлт сапасын арттыру.Адамды және қоғамды уақыт талабына сай жетілдіру қажеттігін өмірдің өзі көрсетіп отыр. Жаңарған ұлт қана жаңғырған елдің жетістігін жаһан жұртына таныта алады. Мен халқымыздың әлем үлгі тұтарлық жақсы қасиеттерінің көбірек болғанын қалаймын. Ұлтымыз жаңа сапаға көшуі үшін біздің күнделікті өмірлік ұстанымдарымыз да өзгеруі керек. Қазақ қоғамында жаңа қағидаттар және жаңа бағдарлар салтанат құруға тиіс. Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы: «Білімді болуға оқу керек. Бай болуға кәсіп керек. Күшті болуға бірлік керек. Осы керектердің жолында жұмыс істеу керек» дейді. Бұл көзқарас бүгінгі күні өте маңызды деп атап өтті.
Кітап – әрбір жасөспірімді қиял әлеміне жетелеп, арман-мақсатына қанат бітіретін, көркемдік әлемін байытып, шығармашылыққа жетелейтін ең құнды құралдардың бірі. Кітап оқу–баланың шығармашылыққа құмарлығын арттырып, мәдениетті болып өсуіне жетелейді, жалпы рухани дүниесінің баюына көмектеседі.
Осы орайда, Дінмұхамед Қонаев атындағы балалар мен жасөспірімдер кітапханасы балалардың рухани байлығын арттырудың сан түрлі жолдарын пайдаланып, жас жеткіншектердің ұрпақтың кітапқа құмарлығын арттыру жолында көптеген жұмыстар атқаруда.
Бүгінгі таңда кітапхана қорында 108311 кітап бар. Оның ішіндегі балалар әдебиеті 64725 дананы құрайды. Бұлардың 28175 данасы мемлекеттік тілдегі кітаптар. Биыл кітапхана қорына 347 кітап келіп түскен, оның 287-сі мемлекеттік тілдегі кітаптар. Республикамыздан және жергілікті өңірден балаларға арналған 63 кітап сыйға тартылды. Кітапхана қоры ай сайын толығып отырады.
Балалардың шығармашылығын арттыру мақсатында жобалар мен байқаулар ұйымдастырылуда.
Атап айтсақ, кітапханада «Сиқырлы қылқалам», «Шебер қолдар», «Гүлдер» би өнері үйірмелері мен «Жас қаламгер», «Атамекен» клубтары жұмыс істейді. Аталған клубтар мен үйірмелерде түрлі тақырыпта іс-шаралар өткізіп тұрады.
Балдырғандарға арналған әдебиет елімізде ХХ ғасырдың 30 жылдарынан бастап арнайы әдебиеттің бір саласы болып қалыптасты десек те, түп тамыры сонау бірнеше ғасыр бойы бала тәрбиелеудің қыр-сырын толық меңгерген ата-баба ілімінде жатыр. Бастауы деп қарастырған халық ауыз әдебиетінен соң балалар әдебиетіне ерен еңбек сіңірген қаламгерлер Ыбырай Алтынсарин мен Абай Құнанбаев бастаған ақын-жазушылардың ізін басып бүгінгі таңда балаларды өз шығармаларымен қуантып жүрген ақын-жазушыларымыз да бар.
ХХ ғасырда балаларға арнап үздік туындылар қалдырған Бердібек Соқпақбаев, Сайын Мұратбеков, Мұзафар Әлімбаев, Қадыр Мырза Әли, Қастек Баянбай, Сұлтан Қалиұлы, Әнуарбек Дүйсенбиев, Абдрахман Асылбек, Марат Қабанбай, Тұманбай Молдағалиев, Есенбай Дүйсенбаев, Мәди Айымбет, Байбота Қошым-Ноғай сынды қазақ ақын, жазушыларынан кейін Шәкен Күмісбаев, Арасанбай Естенов, Ескен Елубай, Толымбек Әбдірайым, Жүніс Сахиев және кейінгі толқынға қосылған жас жазушылар да балалар мен жасөспірімдерді қуантып келеді.
Демек, оқимын деген балаға таңдау бар, тақырыптар ауқымы да өте кең.
Толқын КҮЗЕНОВА,
Д.Қонаев атындағы облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасы директорының орынбасары.
Ұқсас жаңалықтар
Жамбылдық өрен Сингапурдегі жаһандық жарыста бақ сынайды
- 27 қаңтар, 2025
Үздік мектептің нәтижелері де үздік
- 27 қаңтар, 2025
Ақпарат
Ұстаздық деген ұлы жол
- 21 қаңтар, 2025
Таразда ҚАЖ департаменті жыл қорытындысын жасады
- 16 қаңтар, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді