Осыдан жарты жыл бұрын Таразда тұратын Ермек Тайчибеков дейтін біреу интернет сайттары арқылы «Қазақстан Ресейдің губерниясы болуы керек» деп сұхбат беріп, жаһанға жар салды. Селт еткен ешкім болмады. Содан елдің санасын оятайық, кімнің кім екенін білсін деген ниетпен «Ақ жолға» «Тайчибеков қашанғы тайраңдайды?» деген мақала жаздық. Сол мақаланы жазу барысында осы облыста жастар мәселелері жөніндегі бір мекемені басқарып отырған азаматтың ой-пікірін білгіміз келген.
Шыны керек, «Төңірегіне жастарды топтастырып жүрген жетекші ғой, Тайчибековтің тірлігіне қатысты азаматтық көзқарасын білдірер» деген ой болды бізде. Оның үстіне бұл азаматтың «алаулатқан-жалаулатқан» жиындарда «Тәуелсіз еліміздің ертеңі бізбіз, құрметті жастар! Сондықтан да біз Отанымызды шексіз сүюіміз керек, өз еліміздің шынайы патриоты болуымыз қажет!» деп сөйлегенін талай естігенбіз. Сөйткен сабазымыз біздің бұйымтайымызды ести сала «ойбай» деп ат-тонын ала қашты. Оу, Отанды сүю оның суығына тоңып, ыстығына күю емес пе? Осындайда шұғыл жастардың басын қосып, Тайчибековтің «пәлсапасына» қарсылық ретінде патриоттық акция өткізіп жіберсе кім қой деп жатыр? Акция өткізбек түгілі, бір ауыз сөз айтуға жарамай, басын бұққан басшыға қарап басқалар қалай бой түземек? Осыдан кейін барып «Біздің облыста жастардың жалынды жетекшісі бар ма?» деген ой келді. Енді бір сәт тарихқа көз жүгіртейік. Қазақтың қайсар ұлдарының бірі – Ғани Мұратбаев туралы сөз қозғала қалса, «Ол жастардың жалынды жетекшісі еді» деген тіркестер тілге оралады. Оның 1916 жылғы және одан кейінгі оқиғалар салдарынан аштыққа, жалаңаштыққа ұшыраған Түркістан республикасы байырғы тұрғындарының қаңғырып жүрген жетім балаларын интернаттарға, балалар үйлеріне, мектептерге тартудағы жанқиярлық еңбегінің өзі неге тұрады? Орталық Азия мен Қазақстан жастар қозғалысын ұйымдастырудағы көшбасшылық қыры да аңызға бергісіз. Облысымыздағы Түркістан ауылдық аймағынан түлеп ұшып, еліміздегі жастар қозғалысының қайраткеріне айналған Әшір Бүркітбаев ше? Жастайынан жетім қалып, балалар үйінде тәрбиеленді. Кейін Қазақстан өлкелік комсомол комитетінде қызмет істеген ол 1934 жылы еліміздегі тұңғыш техникалық жоғары оқу орны – Қазақ кен-металлургия институтының іргетасын қалап, оның алғашқы ректоры болды. Бұл кезде Әшір Бүркітбаев небәрі 28 жаста еді. Оған республика үшін ең ауыр, жалпы халықтың 65 пайызы ғана сауатты болған кезеңде жұмыс істеуге тура келді. Оның үстіне, бұл тоталитарлық режим репрессия жасап, қазақ интеллигенциясы өкілдерін аяусыз қырып-жойып жатқан уақыт еді. Жастарды төңірегіне топтастырып, білім биігіне жол ашқан Ә.Бүркітбаев 1938 жылы «халық жауы» деп айыпталып, ату жазасына кесілді. Көңілге медет тұтары: 1958 жылы ақталды. Міне, олар жастардың жалынды жетекшісі болды. Қиын-қыстау кезеңнің өзінде олар көшбасшылық қасиеттерімен дараланды. Жалынды сөздерімен жүректерге от беріп, ілкімді істерімен үлгі болды. Замандастарын ізінен ерте білді. Әрдайым қастарынан табылды. Шүкір, бүгінде еліміз азат, еңсеміз биік. Осындай бақытты елдегі жастардың жалынды жетекшілері қандай болу керек? Сіздің ортаңызда осындай көшбасшылар бар ма? Бар болса, олар қандай қасиеттерімен ерекшелененіп жүр? Ой бөлісейік. Біз сіздерден хат күтеміз, жас достар!
«Маздақ».
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
«Әйелдер көшбасшылығы» тақырыбында семинар өтті
- 28 қараша, 2024
Адвокаттық сауалдан бас тартудың салдары қандай?
- 26 қараша, 2024
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді