«Анамның алдында есеп бердім»
Танымал өнер шеберлерінің өмірі, ойы мен пікірі, жүрген жолы оқырманға қызықты болатыны рас. Олардың ішінде айтыскерлерге де құрметпен қарайтын оқырмандар аз емес. Біз осы орайда танымал айтыскерлерден түрлі тақырыпта сұхбат алып, ұсынуды жөн көрдік. Алғашқы сұхбатты белгілі айтыс ақыны, мемлекеттік «Дарын» сыйлығының иегері Біржан Байтуовтан алдық. – Біржан, оқушы күніңізден үлкен айтыста көзге түстіңіз. Айтыстың бір жүгін көтеріп жүрсіз. Мақсатым қаншалықты орындалды деп ойлайсыз? – Ең алғаш айтыс сахнасына Айдаралы Амантаев деген ұстазымның жетекшілігімен 12 жасымда шықтым. Айтысқа келгеніме еш өкінбеймін. Қазақтың төл мұрасының дамуы жолында қолымнан келгенше қызмет етіп жүрмін. Мұны ұлттық өнердің алдындағы парызым деп есептеймін. Қазір жас ақындардың бірнеше айтысына, «Күміс қалам», «Күміс домбыра» жобаларына атсалысып жүрмін. Мұнан бөлек, жылына 8-9 айтыстың өтуіне үлесімді қосып келемін. Бұл жас дарындардың танылуына мүмкіндік береді. Жұмысымыздың нәтижесін уақыт көрсетеді. – Айтыста бас жүлде алған кездеріңіз көп. Жеңіс баппен, еңбекпен келе ме әлде кейде бақ шауып кете ме? Жүлде алған сәттеріңізде өзіңізді қалай сезінесіз? – Оныңыз рас, бала күнімнен айтыс жүлдесінен шет қалмаған екенмін. Алғашқы ең үлкен жүлдемді 11-сынып оқып жүргенімде Жүрсін Ерман ағамыз ұйымдастырған айтыста алыппын. Сонда бас жүлдеге тігілген автокөліктің кілтін қазақтың көрнекті ақыны Қадыр Мырза Әлі тапсырып тұрып: «Балам, бұл көлікті алғаннан гөрі алмағаның жақсы еді. Бағың жанып алған екенсің. Енді өз-өзіңе мықты бол» деген сөзі жадымда қалды. Содан кейін де талай жүлде алдым. Бірақ, асқақтап кетпей, Қадыр атамыздың әлгі сөзін жадымда ұстадым. Жеңіс үшін бақ та керек, бап та керек. «Таудай талап бергенше, бармақтай бақ бер» деген бар ғой. Ізденіспен бірге бармақтай бақ та керек. Еңбекпен келген жеңістің дәмі тәтті. Айтыстан соң көрермен ата-апалар келіп, «Айналайын, балам, жеті ұрпағың жамандық көрмесін» деп бата бергенде бойыңды қуаныш кернейді. – Кей жас айтыскерлер жасы үлкендеу ақындарды «Шалсың. Қартайып айтыста не істеп жүрсің?» деп әжуалап жатады. Оған қалай қарайсыз? Айтысқа 30-40 жыл еңбегі сіңген алдыңғы буын ақындарды жаңа шыққан жүйріктердің «Айтыстан кет» деуі орынды ма? – Айтыста ақсақалдарымыз да, жастар да қатар жүргені дұрыс деп ойлаймын. Бірыңғай жас болса, ол да болмайды. Әр кезеңнің, әр уақыттың өкілдері болуы керек. Кешегі Жамбыл атамызды 90 жасқа дейін айтысты деп жатамыз. Тәушен апамыз айтысуды 56 жасында бастаған екен. Қазір 56 жасында айтысып жүргендер жоқтың қасы. Біздің ақсақал деп жүргендеріміздің өзі елуге енді қадам басып жатқан кісілер. Бекарыс Шойбеков, Айбек Қалиев, Алтынкүл Қасымбекова дегендей. Елуден асқан Аманжол Әлтай, Ақмарал Леубаева, Маржан Есжановалар қазір айтыс сахнасында жоқ. Кейде шіркін- ай, сол кісілермен бірге айтысып жүрсек деп те армандаймын. «Ақсақалсың. Айтыстан кет» дегендерге әдемі жауабын беруге болады. «Ер болсаң, бопсаға шыда» дейді ғой. Әселхан Қалыбекова апамыздың көзін көргендер бүгіндері айтысып жүрсе, айтыс өнері айшықтала түседі деген ойдамын. – Қазақтың айтысы бүгін қай деңгейде? Дамып жатыр ма? Айтыскерлер суырып салмалыққа бара бермейді. Жаттандылық басым дегенге қалай қарайсыз? – Қазақ айтысы қазір бұрын-соңды жетпеген жетістіктерге жетті. Ол жетістіктің бастауында Тәуелсіздігіміз, онан соң Жүрсін Ерман ағамыз тұр. Мұны мойындауымыз керек. Қазақ айтысы мемлекеттік, отаншылдық деңгейге көтерілді. Кезінде бір ру, бір байдың атынан сөйлесе, қазір ұлттың атынан сөйлейді. Айтыскерлер қоғамдық өмір былай тұрсын, саяси өмірде де үлкен беделге ие болды. Аманжол Әлтай, Ринат Зайытовтың Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжіліс депутаты болуы, жергілікті мәслихаттарда ондаған айтыскердің халық қалаулысы болуы – сөзіме дәлел. Бұл айтыстың биік деңгейге көтеріліп, айтыскерлердің де ел сөзін сөйлеуге жарағанын көрсетеді. Жаттандылық бар деп жатады. Бірақ, суырып сала алмайтын айтыскер жоқ қазір. Дулат Тастекеев жылда «Асыл домбыра» айтысын өткізіп, сахнада жұптайды. Сонда айтыскерлердің тосылып қалған жері жоқ. – Сіз үшін көрермен деген кім? Көрерменнің бағасы қандай? – Ақындардың бағасын негізі қазылар да емес, көрермен береді. Көрерменнің бағасы деген – халықтың ақ батасы. Айтыста әртүрлі шешімдер болып жатады. Бірақ, көрерменнің бағасынан артық баға жоқ. Көрермен айтыскердің бағасын дәл беретін – борометр. – Директорлық жұмысыңыз бар. Ол айтысқа қаншалықты кедергі келтіреді? – Республикада алғашқы болып Шымкент қаласында ашылған Қаратау дәстүрлі өнер мектебін басқарамын. Өзімнің тікелей бастамаммен ашылған. «Терме – өсиет бұлағы» авторлық жобам бар. Соны өткіземін. Жұмысым айтысқа кедергі келтіреді деп айта алмаймын. Себебі, шығармашылық жұмыс қой. Бірақ, осы мектеп жаңадан ашылғанда бір жылдай 2-3 айтысқа бара алмай қалған кезім болды. Жүрсін Ерман аға шақырған айтысқа да мүмкіндігім болмады. Себебі, жауапкершілік болды. Қазір екі жылдан асты, жұмыс өз арнасына түсті. Айтысқа қолбайлау жоқ. – Бір кісідей атақ-абыройыңыз бар. «Дарын» жастар сыйлығын иелендіңіз. Жалпы, айтыскерге атақ маңызды ма? Атақ не үшін қажет деп ойлайсыз? – Абырой және атақ деген дүние бар. Абыройды ешқандай қаражатпен де, көке- жәкемен де сатып ала алмайсың. Атақты түрлі жағдайда алуы мүмкін. Таныс-тамыр арқылы да қол жеткізуі мүмкін. Тағы бір дүние бар. Егер ақынға атақтар ұсынылып жатса, айтыскер одан бас тартпауы керек. Себебі, ол – өз еліміздің құрметі. Ақынның еңбегі бағаланып жатса, несі жаман. Айтысқа 30-40 жыл еңбегі сіңген аға-әпкелер мемлекеттік «Парасат», «Құрмет» ордендерін алып жатыр. Орынды. Бірақ, ел алдындағы абырой бәрінен жоғары. – Біраз айтыскер депутат болып жатыр. Оның ішінде жерлесіңіз Бекарыс Шойбеков те бар. Өзіңіз де үміткер болдыңыз. Осы депутат айтыскерлерден не күтесіз? Сіз не мақсатпен түсіп едіңіз? – Ұлттың сөзін сөйлеп жүрген ақындар депутат болса, одан халыққа пайда келмесе, зиян келмейді. Халық қалаулысы болған ағалардан көп үміт күтемін. Ол үміт ақталып та жүр. Аманжол Әлтай ағамыз Парламент мінберінен қандай маңызды мәселе көтерді десеңізші! Ринат Зайытов енді барып жатыр. Бекарыс Шойбеков ағамыз облыстық мәслихатта жүріп, жергілікті халықтың әлеуметтік жағдайына қатысты көп түйткілдердің шешілуіне ықпал етіп жүр. Ақындардың депутат болуы құптарлық іс. Мен де Шымкент қалалық мәслихатқа партиялық тізіммен үміткер болдым. Өте алмадым. Бірақ, оған көңіл-күйім түскен жоқ. Лайықты азаматтар депутат болды. Бұйырса, алдағы уақытта болармыз. Депутат болмасақ та халыққа қызмет ете береміз. – Айтыстың ақшасымен қаншалықты бай болуға болады? – Айтыстың ақшасымен байып кеткен ақындарды білмеймін. Бірақ, айтыс арқылы абырой тапқан, абыройы арқылы жақсы ғұмыр кешіп жүрген аға-әпкелеріміз баршылық. Бірақ, оны тек айтыспен деп ойламаймын. Ол кісілердің басқа да тіршілігі, ептіліктері бар. Өзімді кедеймін деп те, баймын деп те есептемеймін. Қазақтың ішінде жүрген орташа деңгейдегі азаматпын. – Жамбылдық айтыскерлерді, Әулиеата айтысын қалай бағалайсыз? Кімдерді құрметтейсіз? Кімдерде ізденіс бар? Жамбылдық айтыскерлерге көңіліңіз тола ма, толмай ма? – Жамбыл айтысы – қазақ айтысының ажырамас бөлігі. Еңселі, иықты бөлігі. Шымкент пен Жамбыл Қаратаудың күнгей мен терістігінде қатар жатқан ел ғой. Жамбылда Жамбыл бабамыздан бөлек, беріректе Шорабек, Әзімбек, Айтмұханбет, Мұхаметжан, Ахметжан ағалар, Алтынкүл, Күмісай, Айнұр әпкелеріміз бар. Олар қазақ айтысының аспанында феномен болып жарқылдады. Бүгінгі Алик Бекмұсаев, Олжас Отар, жастардан «Асыл домбыраны» жұлып әкелген Қанат Мырзахан, Дархан Әбдіманат, Айтбек Тұрсынбай. Көп-ақ. Бұрын Жамбыл айтысы өте жоғары деңгейде болған. Қазір де сол биігінде. Ахметжан Өзбеков бастаған айтыскерлердің облыстық филиалы жақсы, белсенді жұмыс істеп жатыр. Оның бір жағында Есет аға, өзіңіз де жүрсіз. Кеше менімен айтысқан Мұхтар Қонарбаев та болашағы жарқын айтыскер. Ол сол айтыста Ғалым Жайлыбай, Роза Мұқанова, Жанарбек Әшімжан ағалардан жоғары баға алды. – Түркістан мен Жамбыл – көрші облыс. Көрші облыстардың айтыстағы байланысы қалай болуы қажет деп ойлайсыз? – Шымкент, Түркістан, Жамбыл – қатар жатқан көрші өңірлер. Айтыскерлері де үнемі тату-тәтті. Шәй, дескен жеріміз жоқ. Шымкентте айтыс болса, Әулиеата айтыскерлері міндетті түрде шақырылады. Жамбылда айтыс болса, Шымкент, Түркістанның ақындары қосылмай қалған кезі жоқ. Ахметжан Өзбеков пен Бекарыс Шойбеков ағалардың достығы да осы ынтымаққа жақсы әсер етіп жатыр. – Жақында Таразда Жамбыл Жабаевқа арналған айтыс өтті. Жалпы ұйымдастырылуы туралы не айтасыз? – Менің бір риза болғаным, қатысқан 20 айтыскердің 10-ы Жамбыл облысынан. Бұл – өте дұрыс. Себебі, Әулиеатада талантты айтыскерлер көп. Олардың бәрі Жүрсін Ерманның айтысына шақырыла бермейді. Бұл жамбылдық алдыңғы буын, жас ақындарға да көрінетін мүмкіндік. Биыл Алина Айдаралы деген ұлты болгар қыздың шығуы қуантты. Надежда апамыздан кейін өзге ұлттан шығып тұрған айтыскер осы. Ал жүлде жағына келсек, Жамбыл жұрты ақынның бағасын қашанда біледі. Ақындар жүлде үшін айтыспайды. Бірақ, еңбек, төгілген тер ақталуы қажет. Мәселен, осы айтысқа батыстан Жансая Мусина, Қызылжардан Жарқын Жұпархан келіп-кетем дегенше, бір апта уақыттары өтеді. Оған дейін дайындыққа қаншама уақытын сарп етеді. Соның бәрі ескерілгені жөн. – Анаңызды көзіміз көрді. Елдің анасындай ардақты кісі екен. Осы анаңызға не жасай алдым деп қуанасыз, не жасай алмадым деп өкінесіз? Не жасағыңыз келеді? Жалпы, әр перзент ата-ана үшін не жақсылық жасауы қажет? – Әркімге өз анасы аяулы. Менің де анам мен үшін аяулы. Анама қарсы сөйлемеуге, көңілін қалдырмауға тырысамын. Әнеубір жылы Меккеге де ертіп апардым. Меккеге жеті рет арқалап апарсаң да анаңның қарызынан құтылмайсың деген. Қолымнан келгенше жақсы перзент болуға тырысып келемін. Тектілік, тәрбие анамның ақ сүтінен дарыды. Анам маған ұрысқан емес. Ұрыспай-ақ тәрбиеледі. Өткен жылдың соңында «Анамның ақ кимешегі» атты шығармашылық кешімді бердім. Өзге ақындар халықтың алдында есеп берсе, мен анамның алдында есеп бердім. Аллаға шүкір, жоғары деңгейде өтті. Анам менің айтысымды келіп көрмейді. «Қобалжимын, үйімде дұғамды оқып, тілеулес болып отырайын» дейді. Онда шығармашылығымды көрсін деп кеш бердім. Ата-ана үшін «Сенің перзентің жақсы бала екен, жақсы тәрбиелепсің. Атасына мың рақмет» дегеннен артық қуаныш жоқ. – Әсерлі әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан Есет ДОСАЛЫ.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді