
Тараз қаласындағы №54 мектептің 4 «г» сыныбының оқушысы Нұршахризада Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында Елбасыдан хат алды. Жас жеткіншектің қуанышында шек жоқ.
– Қызым кішкентайынан Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевты «Менің атам» деп өсті. Бірде ауруханада жатқанында ғимарат қабырғасына ілінген Президентіміздің суретін көріп, қасындағыларға «Бұл менің атам» деп әбден мақтаныпты. Кейін келе Елбасымыздың өзінің ғана емес, барша халықтың атасы екенін білді ғой. Осылайша өзінің жүрегінен шыққан «Нұрсұлтан ата – патшамыз» атты өлеңін Елбасымыздың атына жолдаған болатын. Арада бір ай уақыт өткенде үйімізге Ақордадан хат келіп тұр. Өз көзімізге өзіміз сенбедік, – дейді Нұршахризаданың анасы Қалбибі Маханова. Өзінің сәлемдемесінде Елбасы жеткіншекке «Еуразия жүрегінде» атты кітабын тарту етіп, «Айналайын Нұршахризада! Ұдайы жақсы оқып, ақылды, білімді, өнерлі қыз болып өс. Келешекте Астанада жоғары оқу орнын бітіруіңе тілектеспін» деп қолтаңбасын қалдырыпты. – Елбасынан хат келгенде қуанышымды сөзбен жеткізу мүмкін емес. Айтарға сөз таппай қалдым. Болашақта Елбасының сенімін ақтап, халыққа қалаулы, елге елеулі қыз болғым келеді. Сол үшін де өлең жазумен қатар домбыра, би, драма үйірмелеріне қатысып жүрмін, – дейді қаршадай қыздың өзі. Нұршахризада үйдегі төрт баланың екіншісі. Ағасы Нұрсұлтанның да есімі Елбасымыздың 1999 жылғы Президент сайлауындағы жеңісінің құрметіне қойылыпты. Нұрдастан есімді інісі мен Інжу атты сіңлісі де ата-анасының көзқуаныштары.
Тұрсынбек СҰЛТАНБЕКОВ, «Ақ жол».
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Тоқаев Ассамблея отырысында тіл мәселесін қозғады
- 24 сәуір, 2025
Ақсақалдар тағылымы – адам қоғамның кепілі
- 18 сәуір, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді