Бағытымыз айқын, арманымыз асқақ

Бағытымыз айқын, арманымыз асқақ
ашық дереккөз
Бағытымыз айқын, арманымыз асқақ

5Арайлым БҮРЛІБАЕВА, «Асыл-Ай» би тобының жетекшісі.

Биге кішкене күнімнен-ақ құмар болып өстім. Соңыра бұл өнердің қыр-сырын меңгеруіме өзім оқитын № 26 мектептің хореографы Камшат Несіпбаеваның көп көмегі тиді. Соның нәтижесінде 8-сыныпта оқып жүргенімде «Алатау» жастар ән-би ансамблі құрамына алындым. Ал 10-сыныпта өзімнің «Асыл-Ай» атты жеке би тобымды құрдым. Әрине, әкем көмектесті. Қатарымыз Айжан Қонарбаева, Әлия Шақшамбаева, Алина Абралиева, Жанар Жидебаева, Нәйла Дүйсебаева секілді өнерлі құрбыларыммен толығып, өз жұмысымызды бастап та кеттік. Өнеріміз көпшілік қауымы тарапынан жақсы баға да алды. Кезінде кейбіреулердің тобымыз өзінің өнердегі әлеуеті, техникалық жарақтандырылуы, киіммен қамтамасыз етілуі, басқа да талаптар тұрғысынан алып қарағанда, облыста «Үркерден» (облыстық филармонияның би тобы) кейінгі екінші орынды иеленетіндігі жөнінде пікір айтқандары да болды. Бір қуанарлығы, бүгінде бұл салада да әлеуетті бәсекелестер бар. Қалай болғанда да бір кездегі шыққан биігімізді аласартпауға тырысып бағудамыз. 2009 жылы жастар дельфийлік ойындарының облыстық кезеңінде шеберлік сынасып, өзімізбен деңгейлес 20 би тобынан анағұрлым басым түскеніміз естен қалай шыға қойсын! Сол жылы Павлодар қаласында мәреге жеткен республикалық дельфийлік ойындардың да жеңімпазы атанып, алтыннан алқа тағып оралғанбыз. Одан кейін де жеткен жетістіктеріміз көп-ақ. 2013 жылы «Шабыт» фестивалінің гран-при – бас жүлдесіне ие болдық. Өзім ТарМУ-ді оқып бітіргенмін, үш жылдан бері осындағы шығармашылықты дамыту бөлімінде хореограф болып қызмет атқарамын. Айтпақшы, қазір біз екі топта өнер көрсете бастадық. Жалпы құрамымызда 24 бишіміз бар. Би билеумен шектелмей, ән де айтамыз. Алға қойған мақсаттарымыз көп. Өнеріміз, еңбегіміз, ізденісіміз арқылы еліміздің мәдени тұрғыда өсіп-өркендеуіне өзіндік үлесімізді қосатын боламыз. Әр кезде де Тәуелсіздігіміздің туы биікте желбірей берсін!

Тараз қаласы.

Ұқсас жаңалықтар