Мал ауруының алдын алу маңызды

Мал ауруының алдын алу маңызды
ашық дереккөз
Мал ауруының алдын алу маңызды
Эхинококкоз – бұл антропозоонозды ауру, көбінесе ауыл шаруашылығы жануарларында, атап айтқанда, қой-ешкі, мүйізді ірі қара, жылқы, түйе, шошқа және басқа да жануарларда симптомсыз өтетін паразиттік ауру. Қазіргі таңда мал басының санын арттырып, сапасын жақсарту – агроөнеркәсіп кешенін дамытудың ең басты мәлелесі. Осыған байланысты мал шаруашылығындағы малдың жұқпалы және инвазиялық ауруларының алдын алу – бүгінгі күннің өзекті мәселелерінің бірі. Нарықтық экономикаға көшуге байланысты халқымыз ежелден мал шаруашылығымен айналысқандықтан, осы саланы одан әрі өркендету үшін мал басын шоғырландыру, қора-жай күтімдерін, оның зоогигиеналық-санитарлық жағдайларын, сапалы азықтандыру және жануарлардың этиологиялық ерекшеліктерін де ескерген жөн. Эхинококкозбен адам да ауырады, кейде тіпті өлімге де апарып соғуы мүмкін. Балалар көбінесе үй жануарларымен қарым-қатынас кезінде, жануарлардың жүнінен, шаң- тозаң, су арқылы жұқтырады. Бұл ауру таспа құрттардың балапан сатысындағы түрімен зақымдайды. Олар негізінен бауырда, өкпеде, кейде өте сирек басқа да органдарда орналасады. Эхинококтардың жынысты жетілген сатысындағы түрлері иттердің, қасқырлар мен шибөрілердің, кей кезде түлкінің де ішектерінің алдыңғы бөлігінде болады да, паразиттік өмір кешеді. Эхинококкоз ауруы созылмалы түрде өтеді. Малдың өкпесі зақымданған кезде мал арықтап, жөтел білінсе, бауыры зақымданғанда қолмен басса ауырсынады, бауырының маңайы үлкейеді, ас қорыту органдары бұзылады, өнімі төмендейді, әбден көтерем болады. Аурудан сақтанудың басты шарасы – малдың өлекселерін, мал сойғанда эхинококпен залалданған органдарын итке тастамай, өртеп көму немесе арнайы өлексе тастайтын «Беккери» шұңқырына тастау. Эхинококкоз ауруының эпидемиологиялық жағдайын тұрақтандыру мақсатында жеке үйлердегі, отардағы малшы иттерінің, күзет және қызметтік иттердің санын анықтап, жоспар бойынша 4 рет дегельминтизация жүргізе отырып, паспорттауды, қаңғыбас иттерді аулауды заң талаптарына сәйкес ұйымдастыру керек.  

Алтынбек ТАЛҒАТБЕК,

облыс әкімдігі ветеринария басқармасының бас маманы.

Ұқсас жаңалықтар