Өз саласының үздігі

Өз саласының үздігі
ашық дереккөз
Өз саласының үздігі
Тараз қалалық №3 өрт сөндіру бөлімінің қызметкері, азаматтық қорғау старшинасы Бауыржан Әлімқұлов Рәміздер күні қарсаңында облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды. Марапаттау рәсімі сала қызметкерлерінің қатысуымен қаладағы Тұңғыш Президент саябағында өтті. Бауыржан Ерғараұлы 2004 жылдың сәуір айынан бастап өзінің өмір жолын өрт сөндіру саласымен байланыстырған жан. Алғашында жұмысты Тараз қалалық теміржол ауданындағы №4 өрт сөндіру бөлімінде аға респиратор болып бастаған ол 2014 жылдан бері аға өрт сөндіруші-құтқарушы лауазымында қызмет атқаруда. Дәл осылай өзі ең алғаш қызмет жолын бастаған өрт сөндіру бөлімінде табан аудармай 19 жылдан бері жемісті қызмет атқарып келе жатыр. Бауыржан Әлімқұлов бүгінде сала қызметкерлерінің арасында жоғары беделге ие болып отырған жандардың бірі. Ол осы жылдар ішінде әрдайым күрделі қызметте жұмыс атқару барысында түрлі сипаттағы өрттер мен төтенше жағдайлардың бел ортасынан табылып келеді. Ендеше, осындай оқиғалардың біріне тоқтала кеткен артықтық етпес. 2021 жылдың 2 қыркүйегінде сағат 19.00-де бірыңғай кезекшілік-диспетчерлік қызметіне облыс орталығында екі тұрғын үйдің шатыры, жазғы асхана мен моншаның өртеніп жатқандығы туралы хабар түседі. Оқиға орнына жеткен от жауынгерлері ашық жалынның жазғы асхана мен монша шатырын, сондай-ақ, қос үйдің шатырларын жалмағандығын анықтайды. Ал, өрт аумағы болса 250 шаршы метрді жайлаған. Барлаудан кейін бірінші бөлімше жауынгерлік қанат жайып, үйдің жазғы асханасы мен моншаның шатырындағы өртті сөндіруге кіріседі. Ал, бұл кезде Бауыржан Ерғараұлы екінші бөлімшені басқарып, жауынгерлік қанат жаю әдісін қолданып, өрттің өзге аумаққа жайылуына жол бермей, сатының көмегімен көрші үйдің шатырындағы өртпен арпалысқа түсіп, «қызыл жалынның» бет шарпитын ыстығына қарамастан, өртті ауыздықтайды. Осылайша, дұрыс шешім мен сауатты басшылықтың арқасында яғни, Бауыржан Әлімқұлов секілді өз ісінің үздіктерінің еңбегінің нәтижесінде ешбір жан зардап шекпей, шатырдағы өрт толық сөндірілген. Мұндай мысалдарды көптеп келтіруге болады. Бауыржан Әлімқұлов өзі қызмет атқарған жылдарда бірнеше марапаттарды иеленген өз саласының үздігі. Оның ерен еңбегі мен мол тәжірибесі қашанда өрт сөндіру саласындағы әріптестеріне, әсіресе жастарға үлгі болып келеді.  

Жүрсінгүл ЖАҚЫП

Ұқсас жаңалықтар