Тараз қаласындағы № 9 сайлау округінен сайланған депутат Мұқаш Ескендіровтың төрағалығымен өткен облыстық мәслихаттың кезектен тыс ХХХIII сессиясына облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев пен орынбасарлары, облыс әкімдігі басқармаларының, орталық органдардың аумақтағы департаменттері мен инспекцияларының, құқық қорғау органдарының және жекелеген мекемелер мен кәсіпорындардың басшылары, Тараз қаласы мен аудандардың әкімдері, Тараз қалалық және аудандық мәслихаттардың хатшылары, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты. Сессияда облыс әкімдігінің экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Жомарт Әмірханов «2015-2017 жылдарға арналған облыстық бюджет туралы» баяндама жасады. Ол 2015 жылға арналған облыстық бюджеттің жобасында кірістердің 183,5 миллиард теңгені құрап, ағымдағы жылғы нақтыланған бюджет көрсеткішінен 4,5 пайызға артқандығын, оның ішінде республикалық бюджеттен келіп түсетін трансферттер көлемінің 165,2 миллиард, ал облыстың өз кірістерінің 18,3 миллиард теңгеге тең екендігін баян етті. Сондай-ақ, бюджеттің келесі жылға қарастырылған жалпы шығыстарының 4,4 пайызға ұлғайтылып, 182,7 миллиард теңге көлемінде жоспарланып отырғанын жеткізді. Бюджет шығындарының 39 пайызы немесе 71 миллиард теңгесі әлеуметтік саланы қамтуға бағытталады. Соның ішінде денсаулық саласын қаржыландыруға жұмсалынатын шығындар 42,4 миллиард теңге көлемінде қарастырылып отыр. Оның 31,8 миллиард теңгесі тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемімен қамтамасыз етуге және кеңейтуге, халықты тегін дәрі-дәрмекпен қамтуға бөлінетін болады. Медициналық мекемелердің материалдық-техникалық базасының жабдықталуын жақсарту мақсатында медициналық құрал-жабдықтар сатып алуға 1,8 миллиард теңге қарастырылған. Денсаулық сақтау нысандарын салуға республикалық бюджет есебінен — 5,9 миллиард, ал облыстық бюджеттен 1,5 миллиард теңге қаржы бөлінбек. Осы аталған қаржы көлемі есебінен 2015 жылы Тараз қаласында 300 төсек-орынға арналған көпсалалы қалалық аурухана және 200 орындық перинаталдық орталық, Байзақ ауданында туберкулезге қарсы 60 төсектік аурухана, Жамбыл ауданындағы Жалпақтөбе ауылында ауысымына 100 келушіге алғашқы медициналық-санитариялық қызмет көрсететін пунктті пайдалануға беру көзделіп отыр. Облыстың білім беру саласындағы ірі білім беру нысандарының құрылыстарының аяқталуына байланысты 2015 жылға білім беру саласына бөлінетін қаржы үстіміздегі жылдың нақтыланған бюджетімен салыстырғанда 2 миллиард теңгеге азайып, 24,3 миллиард теңгені құрайтын болады. Бөлінген қаражат шеңберінде 2380 орындық 9 мектептің, 1260 орындық 5 балабақшаның құрылысын аяқтау жоспарлануда. Сондай-ақ, мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында мемлекеттік білім беру тапсырысын іске асыруға 5,1 миллиард теңге, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында мамандар даярлауға — 5,5 миллиард, үш деңгейлі жүйе бойынша біліктілігін арттырудан өткен мұғалімдердің еңбекақысын көтеруге 1 миллиард теңге көлемінде қаражат бөлінбекші. Баяндамашы алдағы жылғы әлеуметтік көмек және әлеуметтік қамтамасыз ету саласы шығыстарының 4,3 миллиард теңгені, мәдениет, спорт, туризм және ақпараттық кеңістік салалары бойынша шығындардың 7 миллиард, мемлекеттік ақпараттық саясат жүргізу шығындарының – 6,2 миллиард, көлік және коммуникация функционалдық тобы бойынша шығындар – 2,9 миллиард, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық функционалдық тобы бойынша шығындар – 14,2 миллиард, ауыл, су, орман, балық шаруашылығы, ерекше қорғалатын табиғи аймақтар, қоршаған ортаны қорғау және жануарлар әлемі, жер қатынастары салалары бойынша шығыстар көлемінің 10,2 миллиард теңгені құрайтындығын, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ арқылы шағын және орта бизнес субъектілеріне несие беруге облыстық бюджет қаражаты есебінен 100 миллион теңге, «Тараз» ӘКК ҰК» акционерлік қоғамының жарғылық капиталын ұлғайтуға 726 миллион теңге қаржы бөлу жоспарланып отырғандығын жеткізді. Сессияға қатысушылар баяндамашы, облыс әкімдігінің экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Жомарт Әмірханов мәлім еткендей, Тараз қаласындағы Төле би көшесінің бойындағы Православий шіркеуі мен Ислам мешіті аралығындағы арнайы мектептің базасы негізінде келер жылдан бастап Өнер және мәдениет колледжінің жұмыс істей бастайтындығы және оған бюджеттен қажетті қаражат қарастырылып отырғандығы туралы хабарды қуанышпен қарсы алды. Баяндама бойынша жарыссөзге шыққан Жамбыл ауданындағы №15 сайлау округінен депутат, облыстық мәслихаттың бюджет бойынша тұрақты комиссиясының төрағасы Масат Берік пен облыс әкімдігінің денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Қанатбек Мырзабеков сессияда қаралып отырған бюджеттің жобасында әлеуметтік мәселелердің шешімін табуға, өңірді дамытуға, аумақтың әлеуметтік-экономикалық әлеуетін арттыру арқылы жергілікті тұрғындардың әл-ауқатын жақсартуға басымдық берілгендігіне тоқталып, халық қалаулыларын бюджет жобасына қолдау көрсетуге шақырды. Күн тәртібіндегі екінші мәселе — «Жамбыл облысында дене шынықтыру мен спортты дамыту жайы туралы» Жамбыл облыстық мәслихатының 2011 жылғы 31 мамырдағы №36-4 шешімінің орындалу барысы туралы» облыс әкімдігінің дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Гамлет Қайнарбеков баяндама жасады. Сондай-ақ, осы мәселе бойынша қосымша баяндама жасау үшін Байзақ ауданындағы №11 сайлау округінен депутат, облыстық мәслихаттың білім, денсаулық сақтау, әлеуметтік-мәдени даму, қоғамдық және жастар ұйымдарымен байланыс, әйелдер істері мен отбасылық-демографиялық саясат мәселелері жөніндегі тұрақты комиссияның төрайымы Дариякүл Қожамжарова сөз алды. Баяндамашылардың алғашқысы негізінен саладағы қалыптасып отырған жағдайға, бюджеттен бөлінген қаржының игерілуіне, қолға алынған шаралардың жүзеге асырылу барысына, мүмкіндігі шектеулі адамдардың спортпен шұғылдануы үшін жасалып отырған мүмкіндіктерге және салада білікті мамандардың жетіспейтіндігіне тоқталса, Дариякүл Пернешқызы оң көрсеткіштермен қатар, жұртшылық жиі қоныстанған ірі елді мекендерде қысқы жағдайда жұмыс істейтін спорт кешендерінің жоқтың қасы екендігін, сондықтан қыс маусымында көптеген ауылдардағы жастардың бұқаралық спорт түрлерімен айналысуға мүмкіндіктері болмайтындығын және басқа да шешімін таппай отырған проблемаларға халық қалаулыларының назарын аударды. Бұдан кейін Меркі ауданындағы №24 сайлау округінен депутат Гүлжан Тлеубердиева, Сарысу ауданының әкімі Қанатбек Мәдібек жарыссөзге шығып, баяндамаларда қамтылынған мәселелерге байланысты ой-тұжырымдарын ортаға салды. Сессия күн тәртібінде қаралған барлық мәселелер бойынша тиісті шешімдер қабылдады. Сессияда облыстық мәслихаттың алдағы болатын ХХХIV сессиясының төрағасы болып Талас ауданындағы №29 сайлау округінен депутат Бақтияр Алдашов сайланды.
Сапарғали ӘЛІБАЙ, «Ақ жол».
Ұқсас жаңалықтар
«Салауатты ауыл» қатары көбейіп келеді
- 17 қараша, 2024
Зертханалық диагностика мәселелері зерделенді
- 17 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді