Кәсіпкерлер қолдауға ие

Кәсіпкерлер қолдауға ие
ашық дереккөз
Кәсіпкерлер қолдауға ие
«Аграрлық несие корпорациясы» АҚ-ның басқарма төрағасының орынбасары, басқарма мүшесі Айдын Досқараевтың қатысуымен брифинг өтті. Сонымен қатар, жиынға облыс әкімінің орынбасары Мәдібек Қанатбек, облыс әкімдігінің ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұрби Жігітеков, «Атамекен» ҰКП облыс бойынша филиалының, кредиттік серіктестіктер басқармасының, «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ филиалының өкілдері және облыстың ірі фермерлері қатысты. Брифингте алдымен сөз алған А.Досқараев Аграрлық несие корпорациясының атқарып жатқан жұмыстары туралы сөз етті. Сонымен қатар, республика бойынша 300 мыңға жуық ауыл шаруашылығы кәсіпкер бар болса, соның 80 мыңға жуығы аграрлық несие корпорациясымен жұмыс істейтіндігін мәлімдеді. Одан бөлек, биыл компанияға 11 миллиард теңге қарастырылса, бүгінгі күні оның 6 миллиард теңгесі игерілгенін тілге тиек етті. Сонымен бірге, фермерлермен кездесу барысында А.Досқараев «Аграрлық несие корпорациясының» қолдайтын негізгі бағыттары: тікелей несиелеу, ЕДБ, МҚҰ және лизингтік компаниялар және несие серіктестерін қаржыландыру екенін еске салды. Брифинг барысында еліміздегі ауыл шаруашылығы саласын дамыту мақсатында ұсынылып отырған «Кең дала», «Іскер», «Агробизнес» несиелендіру бағдарламаларын және жастарға арналған жеңілдетілген шағын несиелендірудің шарттарымен де таныстырды. Одан бөлек, облыстағы ауыл шаруашылығын дамыту және ауыл шаруашылығы кәсіпорындарын қаржылық қолдау мәселелері де талқыланды. Айдын Досқараевтың сөзіне сүйенсек, алдағы уақытта аграрлық несие корпорациясының мобильді қосымша енгізуді жоспарлауда. Ондағы мақсат – шалғай ауылдарда кәсібін дөңгелетіп отырған кәсіпкерлерге несиені рәсімдеу оңайырақ болатындығы. Сонымен қатар, құжатты да онлайн форматта рәсімдеуге болады. Бұл кәсіпкерлер үшін тиімді болмақ. Жиында облыс әкімінің орынбасары Қанатбек Мәдібек Аграрлық несие корпорациясының тарапынан беріліп отырған несиенің мақсатты жұмсалуы әрдайым бақылауда екенін айтты. Сондай-ақ, алдағы уақытта да несие корпорациясымен бірлесе жұмыс жасайтындығын жеткізді. Сұрақ-жауап кезеңінде кәсіпкерлер өздерін толғандырған сұрақтарын жолдап, сауалдарына нақты жауаптар ала алды.  

Мақпал СҮЙІНБАЙ

Ұқсас жаңалықтар