Бар мейірім балаларға болсын

Бар мейірім балаларға болсын
ашық дереккөз
Бар мейірім балаларға болсын
Жаздың алғашқы күнінде тойланатын балалар мерекесі 4 арнаулы әлеуметтік қызметтер ұсыну орталығында «Бар мейірім балаларға!» тақырыбымен ерекше аталып өтті. Тараз қаласында орналасқан бұл орталықта 3 жастан 18 жасқа дейінгі жүйке ауруына шалдыққан балалар тұрақты тұрып, медициналық- әлеуметтік қызмет алады. Облыс әкімдігінің жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына қарайтын орталық 1964 жылы құрылып, бүгінде 57 баланы әлеуметтік қызмет көрсету стандарты бойынша 8 бағытта тәрбиелеп отыр. Балаларды қорғау күнін орталықтағы бүлдіршіндер мерекелік концертпен және демеушілер ұсынған тәтті-дәмділермен көмкерілген дастарқан басында атап өтті. Орталық қызметкерлері тәрбиеленушілермен бірге ән шырқап, түрлі ырғақта би биледі. Кештің көрігін қыздырған сайқымазақ пен «аюлар» да балаларға тамаша көңіл-күй сыйлады. Балаларды мерекемен құттықтай келген «Нұрбанк» акционерлік қоғамының облыстағы филиалы қаржылай сый тарту етсе, «Береке» банк, «Мейірімді жүрек» қайырымдылық қоры, Тараз теміржол, көлік және коммуникация колледжі, жеке кәсіпкер Абдулла Джахунов ойыншықтар сыйлап, аниматорлар әкеліп, мерекелік дастарқан жайды. – Балалар аңғалдығымен, бал қылығымен тәтті ғой. Бірақ оң-солын білмейтіндіктен үлкен қадағалауды қажет етеді. Сайып келгенде, ақыл-есі дұрыс, дені сау баланы бағып, тәрбиелеудің өзі оңай емес. Ал енді тағдыры сынға алған мүмкіндігі шектеулі балаларды қарап, тәрбиелеу, өнер үйретіп, өмірге бейімдеу аса жауапкершілік жүктеумен қатар, зор төзімді талап етеді. Бүгінгі мерекеде балалармен бірге билеп, ән айтқан орталықтың қызметкерлері өз ісінің маманы ғана емес, өнерпаз екендеріне де көз жеткіздік. Оларға шексіз алғысымызды айтамыз. Балалардың бүгінгі іс-шарада мәз- мейрам болған күлкілерінен, әрбір әнге қосыла билегенінен олардың қуанышын көріп, біз қуандық. Әрдайым балаларды қуантуға дайынбыз, – дейді кәсіпкер Абдулла Джахунов. Мерекелік іс-шара барысында орталықта тәрбиеленіп жатқан балаларына келген ата-аналарды да кездестірдік. – Қызымның тірек-қимыл аппараты зақымданған. Осы орталыққа 5 жасында әкелгенбіз, қазір 17-де. Отырып-тұра да, жүре де алмайды. Ондай сырқаты бар бала егер үйде болса, күндіз-түні қасында отырып қарайтын бір адам керек болады. Ал мына орталықта оған түрлі қызмет көрсетумен қатар, өзіндей балалармен бірге ойнап-күліп, қуанышқа бөленеді. Сондықтан, қызымды өзім қарай алмағандықтан емес, көпшілік ортада қуаныштың дәмін сезіп, өмір сүрсін деп әкелдім. Қызыма жиі келіп, біраз уақыт қасында болып тұрамын. Бүгінгі мереке оған қатты ұнады, басталғалы бері езуін жимай күліп жүр. Орталықтың қызметкерлеріне және демеушілерге аналық жүрегіммен риясыз рақметімді айтамын. Денсаулығында ақауы бар балаларды, ешбір азаматын назардан тыс қалдырмай, қамқорлығына алатын Отанымыздың, мемлекетіміздің барына шүкір, – дейді Пернекүл Қаратаева. Орталық директоры Индира Қожамқұлова осы күні кешке дейін тағы біраз мекемелердің өкілдері балаларды құттықтауға келетінін айтты. Басқаға көмек қолын созуға дайын жандардың барын көріп, көңілге қуаныш ұялады.  

Қамар ҚАРАСАЕВА

Тараз қаласы

Ұқсас жаңалықтар