Тараз – қолөнершілер шаһары

Тараз – қолөнершілер шаһары
ашық дереккөз
Тараз – қолөнершілер шаһары
Тасын түртсең, тарихы сыр шертетін жиырма ғасырдың жауһары – Тараз қаласында II халықаралық қолөнершілер көрмесі өтуде. Кеше басталған дүбірлі шара үш күнге жалғаспақ. Көрмеге Азия- Тынық мұхиты, Орталық Азия, Еуропа, жақын шет елдері мен Қазақстаннан барлығы 250 қолөнерші қатысуда. Сондай-ақ, халықаралық қолөнершілер қауымдастықтары, халықаралық сарапшылар, туризм саласындағы мемлекеттік және мемлекеттік емес ұйымдар өкілдері де өңірге арнайы атбасын бұрды. «Тараз – қолөнершілер қаласы» II халықаралық қолөнершілер көрмесінің ашылуы «Көне Тараз» тарихи- этномәдени кешенінде өтті. Айта кету керек, былтыр 2000 жылдан астам тарихы бар Тараз шаһары Дүниежүзілік қолөнершілер қаласы атанған болатын. Бұл тізімде әлемнің 25 мемлекетінің 57 қаласы бар. Әлем бойынша қолөнершілер шаһарларының тізімі 2014 жылы жасалған. Тараз бұл тізімге енген Қазақстандағы алғашқы қала. Елеулі сәтте облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұржан Календеров шеберлерге шығармашылық табыс тіледі. Облыс әкімінің орынбасары Қанатбек Мәдібек бастаған аймақтың атқамінерлері де қолөнершілердің шығармашылығына қолдау білдірді. Жалпы, бұл шараның мақсаты – өңірдің туристік имиджін ілгерілету, отандық қолөнершілерді халықаралық деңгейде танымал ету, жақын және алыс шетелдерден келген өнер шеберлері арасында тәжірибе алмасу. Қолөнершілер көрмесі «Көне Тараз» тарихи-этномәдени кешеніндегі «Галерея», «Көрме залы» ғимараттарында және кешен алаңында арнайы орналастырылған шатырларда, ақшаңқан киіз үйлерде көпшілік назарына ұсынылды. Үш күнге есептелген іс-шара аясында қолөнершілер көрмесі, кәдесый өнімдерін сату жәрмеңкесі, қолөнер шеберханаларының шеберлік сағаттары, жас суретшілер мен қолөнершілер байқаулары, сондай-ақ, Тараз қаласының тарихи орындары мен көрікті жерлерін аралау бойынша ақпараттық турлар ұйымдастырылуда. Салтанатты шараның ашылуында Азия-Тынық мұхиты аймағы қолөнершілерінің дүниежүзілік кеңесінің вице-президенті Азиз Мұртазаев 80- нен астам имидждік және маусымдық топтамалардың авторы, Қазақстандағы нео-фольклор стилінің негізін қалаушы, әлемге белгілі әулиеаталық дизайнер Айдархан Қалиевке шапан жапты. Айта кетейік, облыста бүгінде үш жарым мыңға тарта тарихи-мәдени ескерткіш бар. Олардың бесеуі ЮНЕСКО-ның бүкіләлемдік мәдени мұра тізбесіне енген. Бүгінгі күні Тараз қаласында 80-ге жуық қолөнерші бар. Олардың 30 пайызы киіз өнімдерін өндіреді. Көрме аяқталғаннан кейін белсенді қатысушыларға сертификаттар тапсырылып, «Көне Тараз» байқауының жеңімпаздары жүлделермен және Алғыс хаттармен марапатталады.  

Нұржан ҚАДІРӘЛІ

Ұқсас жаңалықтар