Кеше облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев Қордай ауданында жұмыс сапарымен болып, бірқатар ауылдық округтерді аралап, жаңа нысандардың ашылуына қатысты.
Облыс басшысы аудандағы «Central Asia Gold Production» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі құрылысын жүргізген, алтын кенін өндіріп, өңдейтін зауытының ашылу салтанатына қатысты. Кәрім Нәсбекұлы бұл жобаның облыс және Қордай ауданы экономикасын дамытудағы маңызына тоқталды. Мұнда жылына 500 килограмм таза алтын өндіріліп, 150 адам тұрақты жұмыспен қамтылады. Жобаның құны – 2,1 миллиард теңге. Кәсіпорын көп ұзамай толық қуатында жұмыс істейді. Соның нәтижесінде салық және басқа да міндетті төлемдер есебінен жергілікті бюджетке жылына 200 миллионға жуық теңге түсетін болады. Облыс әкімі сондай-ақ тағы бір маңызды жобаның бірі – «Vista International» ЖШС құрылысын жүргізген жел электр стансасының ашылу рәсімінде болды. Бұл компания өткен жылы қуаты 4 мегаватт жел электр стансасының алғашқы кезегін пайдалануға берген болатын. Енді Қордайдағы жел электр стансасының жалпы қуаты жылына 59,5 миллион киловатт/сағатты құрайды. Жобаның құны – 6,4 миллиард теңге. Он үш адам тұрақты жұмыспен қамтылады.
Аудан орталығынан жүз шақырым қашықтықтағы Қарасай ауылдық округімен байланыстыратын «Қаракемер-Қарасай» тас жолы осыдан алты жыл бұрын салынған болса, енді осы жол кеңейтіліп және асфальтталып халық игілігіне беріліп отыр. Мереке қарсаңындағы бұл қуанышты оқиғаға куә болуға, қыстың қытымыр аязына қарамастан осы жолды бірге пайдаланатын Қаракемер және Қарасай ауылдық округтерінен жұртшылық өкілдері көптеп жиылды.
Ұзындығы 28,8 шақырымдық бұл жолдың, әсіресе, қарасайлықтар үшін маңызы зор. Бауырлас қазақ пен қырғыз елдері арасында шекара сымдары тартылып, кедендік бақылау орнаған алғашқы жылдары төрт мыңнан астам тұрғыны бар ауылдық аймақ жұртының «үлкен жермен» бұрынғыша Қырғызстан арқылы қатынауы қиындап кеткен еді. Бұл тауқымет облыс басшыларының, Парламент депутаттарының араласуымен шешімін тауып, 2006-2007 жылдары республикалық және облыстық бюджеттен 202 миллион теңге бөлініп, өз жерімізбен тікелей жол салынған болатын. Бұл жол еліміз Тәуелсіздік алғалы бері облыс көлемінде жаңадан салынған алғашқы жол болғанымен, кейіннен сойдақ тастары шығып, жеңіл көліктермен жүруге жарамсыз болып қалды. Сондықтан, осыдан екі жыл бұрын жалпы сомасы 1 миллиард 41 миллион теңгеге «Компания Инвест МК» ЖШС осы жолды күрделі жөндеуді қолға алып, таяуда толық аяқтап шықты. Асфальтталып қайта жасалған жолдың ашылу салтанатында облыс басшысы сөз алды. – Алдымен баршаңызды алдағы Тәуелсіздік күні мерекелеріңізбен құттықтаймын, – деді Кәрім Нәсбекұлы. – Тақтайдай тегіс мынадай жолдың салынуы да тәуелсіздіктің арқасы. Cоңғы төрт жылда ғана облыс көлемінде 36 миллиард теңге жұмсалып, мыңдаған шақырым жаңа жолдар салынды, бұрынғылары күрделі және ағымды жөндеуден өтті. Оның ішінде сіздердің ауданда 2 миллиард теңге тек жолға жұмсалған. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» атты Жолдауында ең көкейкесті жеті мәселенің қатарында аймақтарды бір-бірімен жалғастыратын жолдардың маңызы айтылған болатын. Жолдар тіршіліктің күретамыры, оның бойында жаңа инфрақұрылымдар пайда болып, жаңа жұмыс орындары ашылады. Біздің облыс аумағын басып өтетін «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» көлік дәлізінің бойында да жолаушылар мен көліктерге қызмет көрсететін жаңа жұмыс орындары ашылуда. Ал іргелес ауылдарды жалғаған мына жолдарыңыз игіліктеріңізге жарасын. Қарасай ауылынан Асық Уәлиев пен қаракемерлік Ноғай Жайықбаев ақсақалдар осындай баға жетпес тарту сыйлаған Елбасыға, облыс және аудан басшыларына, осы істі уақытпен санаспай, сапалы атқарған жолшыларға алғыстарын білдірді. Әрине, шашу шашылып, көліктер жаңа жолмен ерсілі-қарсылы қозғалысқа түсті. Бұдан соң облыс әкімі Сортөбе ауылында жаңадан салынған 280 орындық «Бүлдіршін» балабақшасының ашылуына қатысты. Оның құрылысына өткен жылы республикалық және облыстық бюджеттерден – 110 миллион, биыл 570 миллион теңгеге жуық қаржы бөлініп, игерілген болатын. Құрылысты алматылық «Өндірістік компания Вулкан-С» ЖШС былтырғы мамыр айында бастап, жақында сапалы аяқтап шықты. – Өткен жылы ғана сіздердің ауылдық округтегі Бұлар батыр ауылында 600 орындық мектеп, Сортөбеде 300 орындық мектеп пен 140 орындық балалар бақшасы салынып пайдалануға берілген болатын, – деді облыс әкімі құттықтау сөзінде. – Енді сол жаңа құрылыстар жалғасын тауып, 280 орындық балабақша іске қосылып отыр. Ауданның өзге де ауылдарында, бүкіл облысымызда мұндай ғимараттар көптеп салынып жатыр. Осының барлығы Елбасымыздың сарабдал саясатының арқасында, «Балапан» бағдарламасының шапағатымен жасалып жатқан шаруалар. Мұның барлығы еліміздің тәуелсіздіктің арқасында қол жеткен биік абырой-беделінің, жылдан-жылға экономикасы нығая түскендігінің көрінісі,– деген Кәрім Нәсбекұлы балабақшаға үлкен экранды теледидар тарту етті. Аудандағы «Үміт-Қордай» және «Куликов сүт өнімдері» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері сүт өнімдерін шығаратын ірі кәсіпорындар болып табылады. Дегенмен, шикізаттың аздығынан толық өндірістік қуатына жете алмай келеді. Әсіресе, Ауқатты ауылдық округіндегі бұрынғы «Трудовик» май зауытының базасында өткен жылдың сәуір айында ашылған «Үміт-Қордай» ЖШС өңірде осы салаға бейімделген шағын және орта бизнесті дамыту мақсатында Үдемелі индустриялық даму бағдарламасы аясында тұсауы кесілгенмен, күнге үмітті ақтай алмай келеді. Зауыттың орташа өндірістік қуаты тәулігіне 35 тонна сүт өңдеу болса, бүгінде қабылданып жатқан сүт төрт-бес тоннадан аспай отыр. Кәсіпорын басшысы Мұқтар Әлімбаев облыс әкіміне жағдайды былайша түсіндірді. Бастапқыда қырғызстандық инвесторлармен бірлескен кәсіпорын құрудағы мақсат – осы елден де шикізат тартуға негізделген еді. Былтыр бұл елден күніне он бес тоннаға дейін сүт алып тұрғанда жағдай қалыпты болды да, соңғы жылдары бұл елде жаңа үлгідегі сүт зауыттары іске қосылуынан, биылдан бастап шетке сүт шығару тоқтатылып, жағдайды қиындатып жіберген. Дегенмен, кәсіпорын басшысы қол қусырып отырмастан тұрғындардан сүт жинау ісі қолға алынып жатқанын да айтты. Осы мақсатта елді мекендерден сүт таситын жеті көлік сатып алыныпты. Тірек ауылдарға сүтті салқындатып, жинайтын танкерлер қойылмақшы. Әр ауылдағы арнайы өкілдермен келісімшарттар түзілуде екен. Кәрім Нәсбекұлы сүт жинауда жуалылықтар қолданып отырған тәжірибеге де назар аудару керегін ескертті. Облыс әкімі бұдан кейін аудан орталығындағы ғимараты кеңейтілген, халыққа қызмет көрсету орталығының жұмысымен танысты. Мұнда келушілерге жедел және сапалы қызмет көрсетудің барлық жағдайы жасалған. Құжаттарды ресімдеу бір терезе арқылы, компьютерленген жүйемен атқарылады. Арнайы кесте бойынша шеткері үлкен ауылдарға мамандарды жіберіп, көшпелі қызмет көрсету ұйымдастырылып тұрады. Кәрім Нәсбекұлы Отар, Гвардейский тәрізді халық көп тұратын шалғай ауылдарында орталықтың тұрақты филиалдарын ашу жолдарын қарастыруды ұсынды. Сондай-ақ, аудан орталығында ашылған «Ветеринарлық қызмет орталығының» жұмысы да қызықты әрі маңыздылығымен ерекше. Өз ісінің білікті маманы Бақыт Байтөленің бастамасымен пайда болған бүкіл малдәрігерлік қызмет салалары бір жүйеге келтірілген мұндай орталық облыстың басқа аудандарында жоқ. Сондықтан, Кәрім Нәсбекұлы облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы Абдалы Нұралиевке осы орталықтың жұмысын насихаттау мақсатында мүдделі мамандардың басын қосып, осы жерде облыстық семинар өткізуді тапсырды. Аудан орталығына кіре берісте салынып жатқан 50 пәтерлік бес қабатты тұрғын үйдің құрылысы биыл басталғанымен, қазірдің өзінде төбесі жабылып ішкі инженерлік құрылыстары жүргізіліп жатыр екен. Облыс басшысы құрылыстың қарқынына ризашылығын білдіріп, алдағы мамыр айына дейін бітіру керектігін ескертті. – Өздеріңіз білесіздер, келесі жылы Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 70 жылдығы мерекеленеді. Көктем туа ішкі, сыртқы әрлеу және айналаны абаттандыру жұмыстарын жақсылап жүргізіп, Жеңіс мерекесі қарсаңында пайдалануға беріп, елу отбасына пәтер кілтін тапсыратын болсақ, бұл облыс көлеміндегі айтулы оқиға болар еді,– деп Кәрім Нәсбекұлы аудан басшыларын және құрылысты жүргізушілерді қанаттандырып қойды.
Құрманбек Әлімжан, Жанғазы Ахметов, «Ақ жол».
Қордай ауданы.
Суретті түсірген Ақәділ Рысмахан.
Ұқсас жаңалықтар
«Салауатты ауыл» қатары көбейіп келеді
- 17 қараша, 2024
Зертханалық диагностика мәселелері зерделенді
- 17 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді