Еріктілер мемлекеттік қызметте де аз емес

Еріктілер мемлекеттік қызметте де аз емес
ашық дереккөз
Еріктілер мемлекеттік қызметте де аз емес
Міндеті мен мақсаты мемлекеттік қызметшілердің, азаматтардың, әсіресе жастардың, студенттер мен оқушылардың ерікті қызметке қатысуын кеңейту, оларға белсенді өмірлік ұстаным дағдыларын қалыптастыру, сонымен қатар, осы бағытқа жас мемлекеттік қызметшілерді тартуға бағытталған «Еріктілер кеңесі» – Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Жамбыл облысы бойынша департаментінің жанынан құрылған консультативтік-кеңесші орган болып саналады. Жақында Ш.Мұртаза атындағы халықаралық Тараз инновациялық институтының мәжіліс залында аталған кеңесші органның мүшелері, өңірдің әкімшілік «Б» корпусының мемлекеттік қызметшілері, еріктілер қатысқан алғашқы отырысы өтті. Жиынды Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Жамбыл облысы бойынша департаментінің басшысы Лесбек Илебаев ашып, жүргізіп отырды. – Мемлекеттік қызмет істері агенттігі бекіткен «Мемлекеттік қызметшінің оң бейнесін қалыптастыру жөніндегі 2023-2025 жылдарға арналған іс-шаралар жоспарына» сәйкес, өңірлерде «Еріктілер кеңесі» консультативтік-кеңесші органын құру тапсырылған болатын. Өйткені, еріктілер мемлекеттік қызметте де аз емес. Департамент жанынан құрылған «Еріктілер кеңесі» алдағы уақытта мемлекеттік қызметшілер арасында еріктілер қозғалысын үйлестіруді, сондай-ақ, олардың ерікті бастамаларын және осы саладағы заңнама талаптарының үйлесімдігін қамтамасыз етуге бағытталған жұмыстарды атқаратын болады, – деді Лесбек Құралбайұлы. Жиында облыс әкімдігінің жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Жомарт Зұлпыхар өңірде жүзеге асырылып жатқан волонтерлік қызметтер туралы хабарлама жасады. – Бүгінде облыста 327 мыңнан астам жас бар. Олар облыс халқының 26,8 пайызын құрайды. Жастардың 41,9 пайызы қалада, 58,1 пайызы ауылдық жерлерде тұрады. Облыста мемлекеттік жастар саясатын дамытудың 2021- 2025 жылдарға арналған «Әулиеата жастары» өңірлік бағдарламасын іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспары іске асырылуда. Одан бөлек, «2022-2025 жылдарға арналған жастар арасында отансүйгіштік рухты тәрбиелеуге, құқықтық мәдениетті көтеруге, рухани-ізгілік және патриоттық құндылықтарға баулуға, жұмыссыздықты жоюға, құқықбұзушылықтардың алдын алуға бағытталған бірлескен кешенді жоспар» бекітілген. Жоспар аясында жастар мен кәмелетке толмағандардың құқықтық мәдениет деңгейін арттыру, құқықбұзушылықтардың алдын алу, жастарды отансүйгіштік рухта тәрбиелеу, рухани-ізгілік және патриоттық құндылықтарға баулу, тағы басқа да 11 бағытты қамтыған шаралардың маңыздылығы мен ауқымына және жастардың қамтылуына баса назар аударылуда. Облыста волонтерлік жұмыспен құрамында 10 мыңнан аса ерікті бар 13 ұйым мен 154 волонтерлік және бастамашыл топ айналыcады. Техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында 36, Тараз қаласы мен аудандық Жастар ресурстық орталықтары жанынан 12 волонтерлік топ, сонымен қатар, биыл басқарма жанынан «Қамқор» еріктілер тобы құрылған. 2019 жылы облыстық басқарманың қолдауымен «Qamqor» әлеуметтік- қайырымдылық дүкені ашылған. Жоба аясында 15 мың отбасыға 44 мың тонна киім-кешек үлестірілді. Сондай-ақ, волонтерлер жылы аясында мемлекеттік әлеуметтік тапсырыспен 7,3 миллион теңгеге 21 ерікті жасқа 300 мың теңгеден гранттар бөлінді. Биыл волонтерлік жұмысты жандандыру мақсатында облыс бойынша 11 бағытты қамтыған 638 іс-шара өткізіліп, оған 9883 жас қамтылды, – деді Ж.Зұлпыхар. Облыстың жастар жетекшісінің айтуынша, жануарларға жауапкершілікпен қарауды қалыптастыру, тарихи-мәдени мұра объектілерін сақтау, ауылдық жерлердегі орта мектептердің жоғары сынып оқушыларына ҰБТ-ға дайындық, ағылшын тілін, компьютерлік және құқықтық сауаттылықты оқыту бойынша волонтерлік көмек көрсету, «Қарттар үйлеріне, халықты әлеуметтік қорғау жүйесінің әлеуметтік қызмет көрсету орталықтарына волонтерлерді тарту бойынша жалпыұлттық жобалары аясында көптеген іс- шаралар өткізілген. Жоба аясында волонтерлер жалғызілікті қарттар, аз қамтылған, көпбалалы отбасыларды қажетті азақ-түліктермен қамтамасыз етіп, үй шаруашылығына көмек көрсеткен. Денсаулық сақтау саласына волонтерлерді тарту, науқастарды күтуде, соның ішінде хоспистерде, онкологиялық диспансерлерде және тағы басқа көмек көрсету жөніндегі «Birgemiz: Saýlyq» жалпыұлттық жобасы аясында 64 іс-шара өткізілген. Одан бөлек, «Өмір сыйла» жобасы аясында 200-ге жуық адам ерікті түрде қан тапсыруға тартылғанын айта кеткен жөн. Сонымен қатар, «Қан орталығымен» бірге донор болудың пайдасы мен саламатты өмір салтын ұстану бойынша тұрғындар арасында кең көлемді түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ, жастардың рухани дамуы мен кітапқа деген қызығушылығын арттыру мақсатында «Кітап сыйла» жобасы аясында «Өзгемен бөліс» акциясы өткізіліп, «Өмірлік қиын жағдайдағы балаларды қолдау орталығының» тәрбиеленушілеріне кітаптар сыйға тартылды. Қоршаған ортаны қорғау, өзендер мен ормандарды тазалау, ағаш отырғызу, қоқыстарды сұрыптауға үйрету жөніндегі «Birgemiz: Taza Álem» жалпыұлттық жобасы аясында «Өзіңнен баста» жобасы мен «Бұл – менің қоқысым емес, бірақ бұл – менің қалам» атты тазалық жобалары жүзеге асырылуда. Басқа да атқарылып жатқан шаралар аз емес. Еріктілердің еңбегі елеусіз қалған емес. Басқарма басшысы коронавирустық инфекциямен күресте ерекше көзге түскен 35 жас волонтер «Халық алғысы» медалімен, «Әулиеата жастары» волонтерлік штабында қызмет атқарған 180 жас облыс, қала және аудан әкімдерінің Құрмет және Алғыс хаттарымен марапатталып, 2 волонтер мемлекеттік наградаға ие болғанын айтты. Атап айтқанда, белсенді де жемісті қамқоршылық қызметі мен қайырымдылық ісі үшін берілетін «Шапағат» медалімен облыстық «Өркен-ниет» қоғамдық қорының президенті А.Базаров, «Жамбыл жастары» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Н.Дятлова марапатталды. «Жыл волонтері» халықаралық сыйлығының «Корпоративті волонтерлік көшбасшылары» номинациясы бойынша облыстық «Жаңғыру жолы» қозғалысының төрайымы Х.Турдыева, «Бейбітшілікті, достық пен келісімді нығайтуға қосқан үлесі үшін» номинациясы бойынша Қордай ауданынан жастар қозғалысының белсендісі С.Насыров иеленді. «Алдағы уақытта волонтерлік қызмет бағытындағы жұмыстар өз жалғасын табатын болады», – деді жастар жетекшісі. Жиында «Еріктілер кеңесі» консультативтік- кеңесші органының ережесі бекітіліп, соған сәйкес мемлекеттік қызметшілерден еріктілер қозғалысы құрылатыны нақтыланды.  

Жүрсінгүл ЖАҚЫП

Ұқсас жаңалықтар