Өнеге өрнектері мен сан түрлі бояулар сыр шертті
Ұлы Жібек жолының бойында үш мыңжылдыққа керуен тартқан көне шаһар – Тараз төрінде үш күнге созылған халықаралық қолөнершілер көрмесі өз мәресіне жетті. Шарапаты мол шара барысында жергілікті шеберлер жаһандық әріптестерімен тәжірибе алмасып, өрнегі бөлек өнер иелері мен темірден түйін түйген шеберлердің туындылары көпшілік назарына ұсынылды. Екі мыңжылдық шаһарда мың түрлі бояудың сыры айшықталды. Азия-Тынық мұхиты, Орталық Азия, Еуропа, жақын шетелдер мен Қазақстанның қолөнершілері қатысқан шара тараздықтардың өнер мерекесіне айналды. Шара барысында облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұржан Календеров Дүниежүзілік қолөнершілер кеңесінің халықаралық сарапшыларымен кездесті.
Нұржан Календеров облыста дәстүрлі қолөнерді сақтау және дамыту бойынша белсенді жұмыстар жүріп жатқанын атап өтті.
Айта кетсек, бүгінгі таңда облыс аумағында 3 қолөнершілер қауымдастығы жұмыс істейді. Олар «Шебер Шаңырақ» мүгедектер қоғамдық бірлестігі, Жамбыл облысының «Өшпес мұра» қолөнершілер қауымдастығы, «Жамбыл облысының қолөнершілер одағы» қоғамдық бірлестігі.
«Халықаралық қолөнершілер көрмесі қолөнершілікті дамыту мәселелері мен жоспарларын талқылауға, елдер арасындағы өзара тиімді ынтымақтастықты нығайтуға арналған. Бұл іс-шара жергілікті шеберлеріміздің шығармашылығын қолдап, әлемдік қолөнершілермен тәжірибе алмасуына тиімділігі мол, – деді Нұржан Сәбитұлы.
Азия-Тынық мұхиты аймағының Дүниежүзілік қолөнершілер кеңесінің президенті Азиз Мұртазаев халықаралық Тараздағы қолөнершілер көрмесінің жоғары деңгейде өтіп жатқанын жеткізді.
«Жамбыл облысында жергілікті билік пен қолөнершілер арасында тиімді байланыс орнатылғанын көріп, шын жүректен қуанып отырмыз. Бұл шығармашылық үшін үлкен қолдау. Тараз – басқа қалалар үшін үлгі. Сондықтан, дәл осындай ауқымды шара алдағы уақытта да жалғасын табатынына сенеміз, – деді Азиз Мұртазаев.
БАӘ мәдениет жөніндегі іскер әйелдер кеңесінің басқарма мүшесі Халима Абдулла Рашид қазіргі кезде қолөнершілер орталықтарын ашу, бірлескен шеберлік сыныптарын өткізу мәселелері белсенді түрде талқыланып отырғанын және шеберлердің шығармашылығын қолдау бағытындағы жоспарлар күн тәртібінен түспейтінін тілге тиек етті.
Нұржан Календеров оған қолөнершілікті жандандыру және дамыту ісіне қосқан зор үлесі үшін облыс әкімінің Алғыс хатын табыс етті.
Сондай-ақ, Қазақстан қолөнершілер одағының президенті Айжан Бекқұлова, «Асыл Дизайн» сән үйінің бас дизайнері Айдархан Қалиев өз ойларын ортаға салды.
Айта кету керек, Тараз қаласында үш күнге ұласқан «Тараз – қолөнершілер қаласы» атты ІІ халықаралық көрмесіне әлемнің 8 елінен келген қолөнершілер өзара тәжірибе алмасты.
Өңірдің туристік имиджін ілгерілету, отандық қолөнершілерді халықаралық деңгейде танымал ету мақсатында ұйымдастырылған іс-шараға 250- ден астам қолөнерші қатысты.
– Киізден, жүннен жасалған бұйымдарымызды арнайы Қырғыз Республикасынан алып келдік. Өнімдерімізге қызығушылық танытып жатқан жандар аз емес. Тауарларды біртіндеп сатып жатырмыз. Мұндай іс-шара көптеп өткізілуі керек. Бұл екі елдің арасындағы қарым-қатынасты нығайтады әрі қолөнершілер өзара тәжірибе алмасады. Ал, біз қолөнер бойынша жаңа бағыт алатын боламыз, – дейді Қырғыз Республикасының Жалал-Абад облысынан келген Тотықан Өскембаева.
«Көне-Тараз» тарихи-этномәдени кешеніндегі «Галерея» мен «Көрме залына» қойылған бұйымдарды тамашалауға келген жұрттың қарасы да, еріктілердің саны да қалың болды.
– «Аспара» колледжінің қолдауымен ұйымдастырылған көрме өте жоғары деңгейде өтті. Азия-Тынық мұхиты, Орталық Азия, Еуропа және таяу шетелдерден келген қолөнершілердің туындылары көпшіліктің қызығушылығын тудырды. Қатысушылардың ішінен мен Үндістаннан келген үнді әйеліне көмектестім. Сауда өте қызу өтті. Көбінесе хна мен білезіктер өте жақсы сұраныста болды, – дейді волонтер Балауса Тұрар.
Апта соңында қорытындыланған көрме аясында жас суретшілер мен қолөнершілер байқаулары, сондай-ақ Тараз қаласының тарихи орындары мен көрікті жерлеріне арнайы танымдық турлар ұйымдастырылды.
Ұлданай БАЙҰЗАҚ,
Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің журналистика және саясаттану факультетінің 2-курс студенті.
Ұқсас жаңалықтар
Серіктестікке серпін берген сапарлар
- 23 қараша, 2024
Халықтық сайлау: тиімділік пен мүмкіндік
- 21 қараша, 2024
Ақпарат
Жамбылда заңсыз берілген жер учаскелері қайтарылды
- 25 желтоқсан, 2024
Жамбыл облысы: гранттар арқылы оң өзгерістер жасаудың жаңа мүмкіндіктері
- 25 желтоқсан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді