Еділдің бейнесі

Еділдің бейнесі
ашық дереккөз
Еділдің бейнесі

Жұртшылықтың көзіне хас батырлық жасағандардың барлығы да майдан даласында, оқ пен оттың ортасында жүрген жаужүрек боп көрінсе, бүгінгі таңда бейбіт күннің өз батырлары пайда болды.

Қараша айы бел ортасынан ауа бере Миллионовтар отбасы көздерінің қарашығындай ұлы Еділ Миллионовтан көз жазып қалды. Тумысынан сабырлы Еділ айдың-күннің аманында әлдебір қанішердің қолынан шейіт болды. М. Х. Дулати атындағы ТарМУ-дың электро-энергетика факультетінің екінші курс студенті Еділ әкесі Жаңабайдың айтуынша оқуына алғыр, өзі сабырлы, салмақты біртоға жігіт болып өсіпті. Қаракөлеңке кеште қала кезіп, көше қыдырмайды екен. «Студенттер күнінен бірер күн бұрын ұлым досымен келе жатады. Сол кезде қасындағы жолдасы әлдебір жігітке амандасады. Ол баланың қасында қыз болған екен. Менің балам әрірек барып, өзімен-өзі тұрады. Сол кезде әлгі жігіт менің ұлыма: «Сен неге қарап тұрсың?» деп қадалған көрінеді. Еділ өзінің салмақтылығынан танбай тыныш тұра береді. Содан не керек, әлгі қадалған жігіт менің баламның достарынан-ау, шамасы, Еділдің телефон нөмірін алып, хабарласып отырған. Анық айтқанда оқиға орын алған күні кездесулері керек болған. Бәлкім, Еділ шықпаған жағдайда әлгі жігіт үйге келем немесе оқу орныңа барам деген де болуы ықтимал. Айтып айтпай не керек, ұлым жолдастарымен хабарласады. Олар: «кел, бірге боламыз, саған ешнәрсе болмайды» деген. Ұлым шынын айту керек, жайшылықта көшеге шыға бермейтін. Мерекесі болғаннан кейін сұранды. Жаным қаламаса да, жол қаражатын бердім. Достары шақырған соң, ықшам аудандардағы мейрамханалардың біріне барып отырады. Түн ортасынан ауа әлгі қаскөй автокөлікпен сол маңға келеді. Сөйтеді де ұлымды шақырып алады. Еділ ешкімге айтпаған. Қасындағы досы бірге шыққан. Досы әлгі автокөлікке бірге мінем десе де, Еділім, қала бер, мені осы тұста күтіңдер, бәрі дұрыс болады дейді де, өзі әлгі қаскөйдің машинасына отырады. Достарына неге іздемедіңдер десем, Еділ ылғи бізден бұрын үйге қайтатын. Үйге кеткен болар деп ойладық дейді олар. Содан әлгі қылмысты жасаған бала мылтығын алған. Сөйткен де Ниетқалиев көшесінің аяқ тұсына, Төрткүл жақтағы бір алаңқайға барып, «шолақ» (обрез) мылтықпен атқан да ізін суытқан. Әрине, қазір тергеу амалдары жүріп жатқаны аян. Ұлыма бұзақының қашан телефон соққаны да нақтылануда. Бұл жерде Еділім көптің көзіне көріне бермейтін ерлік жасап отыр ғой. Егер ол шықпағанда әлгі бұзақы бәлкім үйге келіп ойран салар ма еді, әлде мейрамханада бұзақылық жасар ма еді, кім білсін. Университет студенттерін де оққа байлар ма еді? Еділім сол мүмкін болған қауіптің барлығының алдын алып отыр» дейді марқұмның әкесі. Иә, Еділ өзіне тән жігіттік жасап, басқаларға да төнетін қауіпті сейілтті. Талайлардың қауіпсіздігін қамтамасыз етті. Салқынқандылық, салмақтылық атаулы оның бойында бар екені талас тудырмаса керек. Ерлік күтпеген жерден орын алады. Оны ешкім де жасаймын деп жасамайды. Сол жанкештіліктің, батырлықтың жолында басын тіккен Еділ бауырымыздың азаматтық бейнесі жадымыздан өшпек емес. Біртоға мінезді жігіттің бұл ісі елеуге тұрарлық. Ал, біз қыршыннан қиылған жас жігіттің туыстарына сабыр тілейміз.

Табиғат Абаилдаев,  «Ақ жол».

Ұқсас жаңалықтар