«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Бәсекеге қабілетті мамандар даярлануда

Бәсекеге қабілетті мамандар даярлануда
ашық дереккөз
Бәсекеге қабілетті мамандар даярлануда
Жастарға кәсіптік білім беру – білім саласының басты бағыттарының бірі. Өйткені, ел экономикасының дамуы өндіріс орындарының білікті мамандармен қамтамасыз етілуіне тікелей байланысты. Сондықтан, техникалық және кәсіптік білім беру бағытына ерекше ден қойылып, оның қолжетімді болуына көп көңіл бөлінуде. «Қордай аудандық техникалық шығармашылық және кәсіби білім беру орталығы» он жылдан бері осы бағытта жұмыс істеп келеді. Орталық директоры Еркін Тулеуовтың айтуынша, 2012 жылға дейін мекеме «Мектепаралық оқу- өндірістік комбинаты» деп аталыпты. Одан кейін «Техникалық шығармашылық және кәсіби білім беру орталығы» болып өзгертілген. – Бізде білім алатын колледж студенттері «Аспазшы», «Жас кондитер», «Жас даяшы», «Автоэлектрик», «Тігін ісі», «Шаштараз» мамандықтары бойынша мамандық алып шығады. Оқу бітірерде диплом жұмысын қорғап, мамандық алғанын растайтын куәлік беріледі. Бұдан бөлек, орталықта «Шебер қолдар», «Робототехника», «Ағаш ою», «Автоүлгілеу», «Кемеүлгілеу», «Авиаүлгілеу», «Сиқырлы ілмек», «Сөз өнері» сынды үйірмелер бар. Осы мамандықтар бойынша 925 студент 65 топты бітіріп жатыр. Біздің мақсатымыз – студенттерге ғылымның түрлі саласымен байланыстыра отырып, кәсіби, техникалық сапалы білім беру, жан- жақты тұлға етіп тәрбиелеу. Осы ретте ұлттық құндылықтарымызды да ұмыт қалдырмаймыз. Студенттеріміз «Аспаз ісі» үйірмесінде ұлттық тағамдарымызды дайындаса, «Тігін ісі» үйірмесінде қазақы нақыштағы киімдерімізді тігеді. «Қолөнер» үйірмесінде халқымыздың күнделікті тұрмыста қолданған ұлттық бұйымдарын тоқиды. Сондай-ақ, былтырдан бастап «Бизнес инкубатор» жобасы аясында жұмыс істеудеміз. Мәселен, «Жас кондитер» үйірмесінің студенттері жоба аясында аудан орталығындағы кондитерлік цехтардың біріне барып, тәжірибе алмасып, кондитер мамандығының қыр-сырымен тереңірек танысуға мүмкіндік алуда, – дейді орталық директоры. Орталықтағы кабинеттердің барлығы талапқа сай жабдықталған. Мәселен, «Шебер қолдар» кабинетінің қабырғасына жас қолөнершілердің керемет туындылары ілулі тұр. Олардың әрқайсысының өз тарихы, терең мәні бар. Бір-біріне ұқсамайтын көздің жауын алар бұйымдар әртүрлі техникада – бірі жүннен, бірі майлық қағаздан, енді біреуі матадан, тіпті инесіз құрақ құру әдісімен жасалған. Біз барғанда қолөнерші студенттер су моншақтан браслет дайындау үстінде екен. «Шебер қол» үйірмесінде қолөнер бұйымдарын жасаймыз, гобелен, түкті кілемдер тоқимыз, пластик бөтелкелердің өзін кәдеге жаратамыз», – дейді үйірме жетекшісі Тлеулес Абишева. «Жас кондитерлердің» өнерін топта жұмыс істеп жатқан қыздар қазіргі таңда трендке айналған «шоколадтағы финиктерді» әзірлеудің әдісін айтып берді. Бұдан бөлек, студенттер үлкен сұранысқа ие торт түрлерін, прәндіктерді дайындауды әрі оларды әдемі етіп сәндеуді үйренген. «Үйірмеге тек қыздар ғана емес, ұлдар да қатысуда. Студенттеріміз сабаққа үлкен қызығушылықпен келеді. Біз оларға кондитерлік істің қыр-сырын барынша үйретуге тырысамыз. Қазірдің өзінде тапсырысқа торт пісіріп, кішігірім кәсібін жүргізіп жатқан оқушыларымыз бар. Тағы бір айта кететіні, бұл жерде балалар бір кондитерлік өнім дайындауға қанша азық-түлік кеткенін өздері есептеп, қаржылық сауаттылыққа да үйренеді», – дейді үйірме жетекшісі Майра Талмұханбетова. – Өзім кондитерлікке қызығамын, тәтті тағамдар мен торттар дайындағанды ұнатамын. Оларды жасай білу үшін аспаздық негіздерді білу керек. Сондықтан, «Жас кондитер» үйірмесіне келдім. Осында кондитер мамандығын игеріп, болашақта кәсіп ашуға да мүмкіндік мол, – дейді үйірме студенті Айжан Омарқұл. Тағы бір кабинетте студенттер гипстен жинақ сандықшаларын жасап жатыр екен. «Алдымен гипс пен суды араластырып, қоспаны дайын қалыпқа құямыз. Одан кейін гипстің қатуын күтеміз. Ол 10-15 минутта-ақ қатады. Сосын қалыпты алып тастаймыз. Осылайша, біздің жинақ сандықшамыз дайын болады», – дейді студенттер. «Сиқырлы ілмек» үйірмесінің студенті Малика Сәрсенбек өз қолдарымен ілмекпен тоқыған қос өрімді қазақ қуыршақтарын көрсетті. Бұдан бөлек, «Шаштараз», «Тігін ісі», «Автоэлектрик» кабинеттері де қажетті құрал-жабдықтармен толық жабдықталған. «Шәкірт – ұстаз айнасы» демекші,  ұстаздың еңбегі студенттердің жетістігімен өлшенетіні белгілі. Атап айтсақ, орталық студенттері «Dreamfest», «Ақ көгершін», «Ұлы дала рухы» халықаралық байқауларында жеңіске жетіп, «Ғажайып өнер әлемі» атты халықаралық фестивалінде «Тігін ісі» мамандығының студенттері «Ұлттық нақыштағы сахналық киім үлгісі» номинациясы бойынша жүлделі 1-орынды иеленген. Бұдан бөлек, орталықтың дарынды жастары бірқатар республикалық, облыстық сайыстарда да үздіктер қатарынан табылуда. Мұндай ауыз толтырып айтарлық жетістіктерге жетуіне студенттердің қарым-қабілетімен қатар, оларға бағыт- бағдар беріп, аянбай тер төгіп жүрген ұстаздарының үлесі зор. Орталықта Ләззат Толеуова, Майра Талмұханбетова, Эльмира Коконбаева, Тлеулес Абишева сынды тәжірибелі, білікті ұстаздар қызмет етуде. – Біз әр баланың жеткен жетістіктерімен мақтанамыз. Осында белгілі бір кәсіпті меңгерген студенттерімізге мектеп бітірген соң дәл сол мамандық бойынша оқу орнына түсіп жатады. Мәселен, «Тігін ісі» үйірмесін бітірген қыздарымыздың ішінде Алматы қаласындағы «Сымбат» сән колледжіне түскендері бар. Бір жолы осында оқып кеткен оқушымды кездестіріп қалдым. Ол «Шаштараз» үйірмесінде оқитын. Мектеп бітірген соң сол мамандық бойынша жұмысқа тұрып, қазір Мәскеуде ірі сұлулық салондарының бірінде шаштараз болып жұмыс істеп жүр екен. Осындай түлектерімізді көріп бір марқайып қаламыз», – дейді Еркін Өксікбайұлы. Аудандық техникалық-шығармашылық орталығы биылғы оқу жылын ойдағыдай аяқтады. Бәсекеге қабілетті, білікті мамандар даярлауға үлес қосып жатқан іргелі орталық алдағы оқу жылына да зор дайындықпен келіп, жас ұрпаққа сапалы білім- тәрбие берудегі жетістікке толы жолын жалғастыра бермек.  

Сәуле МҰХАДИНҚЫЗЫ,

журналист.

Қордай ауданы

Ұқсас жаңалықтар