Өрт сөндіру бөлімі ашылды

Өрт сөндіру бөлімі ашылды
ашық дереккөз
Өрт сөндіру бөлімі ашылды
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен еліміздегі саяси жүйе «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» формуласына негізделген. Президенттің тапсырмасымен барлық мемлекеттік билік институттарының алдына «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын жүзеге асыру міндеті қойылды. Осы мақсатта Төтенше жағдайлар министрінің міндетін атқарушы Ибрагим Күлшімбаев облысқа келіп, халықпен кездесті. Министрліктің атқарған жұмыстары жөнінде есеп берді. Ибрагим Даукесұлының айтуынша, биылғы төрт ай ішінде республика бойынша төтенше жағдайларды жоюға және авариялық-құтқару жұмыстарына 22 мыңнан астам құтқару қызметіне шығу жүзеге асырылған. 11 мыңға жуық адам құтқарылған және эвакуацияланған, 1,5 мың зардап шеккендерге алғашқы медициналық көмек көрсетілген. Жалпы еліміз бойынша 4 мыңға жуық төтенше жағдай тіркеліпті. Соның ішінде шамамен 7 пайызы, яғни 258 оқиға Жамбыл облысына тиесілі. – Өңірдегі төтенше жағдайлардың негізгі үлесін тұрғын үй секторындағы, көліктегі, өндірістік және табиғи өрттер құрайды. Қабылданған алдын алу шараларының арқасында жылу беру кезеңінде өрт кезінде қаза тапқандар саны 6 пайызға азайды. Жазатайым оқиғалардың көпшілігі электр, жылу беру желілерінің және газ жабдықтарының дұрыс жұмыс істемеуіне, отпен абайсыз жұмыс істеуге байланысты екенін айта кету қажет. Тұрғын үйдегі өртті болдырмау мақсатында Төтенше жағдайлар министрлігі қызметкерлері жыл сайын профилактикалық іс-шаралар кешенін өткізеді. Жамбыл облысының төтенше жағдайлар департаменті 400 мыңнан астам тұрғын үйді аулалық аралаумен қамтыды. Бұл ретте көпбалалы отбасылар, мүмкіндігі шектеулі азаматтар сияқты халықтың белгілі бір санаттарына баса назар аударылады. Оларға атаулы мемлекеттік әлеуметтік қолдау көрсетіледі. Төрт мыңнан астам үйге өрт датчиктері орнатылды. Жазатайым оқиғаларды болдырмау үшін газ толтыру стансаларының иелерімен және коммуналдық-тұрмыстық тұтынушылармен олардың газ жабдықтары мен тұрмыстық газ баллондарын пайдалану қағидаларын сақтауы бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізіледі. «ҚазТрансГаз Аймақ» өкілдерімен бірлесіп тұрғын үйлерді аралап, газ аппаратурасы тексерілді, тұрғындарға түсініктемелер берілді, – деді Ибрагим Күлшімбаев. Жыл басынан бері еліміз бойынша 136 орман өрті тіркелген. Орын алған өрт жалпы 20 мың гектардан аса ауданды қамтып, 56 миллион теңгеден астам шығын келтірген. Атап айту керек, бүгінде облыс аумағында табиғи өрт тіркелмеген. Жалпы, республика бойынша өрттен қорғауда қазіргі заманғы өрт техникасымен жарақтандырылған 426 өртке қарсы бөлімше қызмет етсе, оның 20-сы, ел аумағында 599 өрт сөндіру бекеті жұмыс істесе, оның 15-і Жамбыл облысында екен. Биыл жыл соңына дейін Қаракемер, Майтөбе және Өрнек ауылдарында 3 бекет құру жоспарланып отыр. Бүгінгі таңда республика бойынша 4 мыңнан астам арнайы техникамен және өрт сөндіру құралдарымен жарақтандырылған ерікті құрылымдар бар. Министрдің айтуынша, облыс аумағының көп бөлігі немесе 10 ауданның 8-і жер сілкінісіне бейім. Өңірде соңғы жойқын жер сілкінісі Т.Рысқұлов ауданында 2003 жылы тіркелген. Наурыз айында Тараз қаласында екі балдық дүмпулер тіркелді. Түркия мен Сирияда болған қайғылы оқиғалар елдегі сейсмикалық қауіпсіздікті күшейту қажеттігін көрсетті. Өткен жылдан бастап министрлік құрамында Сейсмикалық қауіпсіздік институты және Сейсмологиялық тәжірибелік-әдістемелік экспедициясы жұмыс істейді. Күн сайын олар ел бойынша жер сілкіністерін болжауды жүзеге асырады, сейсмикалық қауіп пен сейсмикалық тәуекелді бағалап, жер бетінің қозғалысына мониторинг жүргізеді. Ел бойынша 68 сейсмостанса жұмыс істесе, оның 4-еуі Әулиеата өңірінде. Биыл қосымша тағы 5 сейсмостанса орнатылмақшы. Республика бойынша барлығы 350 ғимаратта сейсмикалық күшейту жүргізілген. Облыста 60 нысанды күшейту талап етіліп, нәтижесінде 41-і сейсмикалық күшейтіліп, 19-ы сейсмикалық қорытындының нәтижесінде бұзылған. Облыс халқын төтенше жағдайлар қаупі туралы құлақтандыруға арналған электр дабылдың шамамен 100-ге жуығы жұмыс істеп тұр. Халықты эвакуациялау схемасы мен орындары түзетіліп, жер сілкінісінің салдарын жоюға арналған күштер мен құралдардың топтастырылуы нақтыланған. Медициналық дәрі-дәрмектер мен жабдықтар қоры құрылып, жер сілкінісі кезінде іс-қимыл бойынша халықты оқыту жүргізілген. Маусым айының бірінен басталатын шомылу маусымында облыста 12 орынға адамдардың суға түсуіне рұқсат берілген. Демалыс орындарында шомылу маусымы кезеңінде су айдындарын тексеру және жағалай күзету жұмыстарын жүргізіп тұруға төтенше жағдайлар саласының қызметкерлері дайын. Халық алдында есеп беріп, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерімен сұхбаттасқан Ибрагим Күлшімбаев Тараз қаласындағы №1 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің аумағында азаматтық қорғау органдарының қаза тапқан қызметкерлерінің ескерткішіне гүл қойды. Осы бөлімнің аумағында ұйымдастырылған техника мен түрлі өрт сөндіру-құтқару жарақтарының көрмесін тамашалап, №20 өрт сөндіру бөлімінің салтанатты түрде ашылуына қатысты.  

Қамар ҚАРАСАЕВА

Ұқсас жаңалықтар