Өрт сөндірушілердің бір күні...

Өрт сөндірушілердің бір күні...
ашық дереккөз
Өрт сөндірушілердің бір күні...
Кейбір азаматтардың өрт қауіпсіздігі шараларын сақтамай, оған немқұрайлы қарауының соңы көп жағдайда қайғылы жағдайларға соқтырып жатады. Біз бүгін облыс өрт сөндірушілерінің бір күнде атқарған жұмыстарына көз жүгіртіп, тәулік ішінде қандай және қанша рет шақыртуларға барғанын сөз етпекпіз. 25 мамыр күні таңғы сағат 4-ке таман облыстың төтенше жағдайлар департаментінің күштер мен құралдарды жедел басқару орталығына Байзақ ауданының Талас ауылындағы тұрғын үйде өрт туындағаны жөнінде хабарлама келіп түскен. Оқиға орнына аудандық №8 өрт сөндіру бөлімінің 2 техникасы мен 8 адамы дереу жетіп, өрт сөндіруші-құтқарушылар үйдің ауласында орналасқан жаздық асхана мен жапсарлас соғылған монша шатырының өртке оранғандығын анықтады. Жедел жұмыстардың нәтижесінде «қызыл жалын» 29 минутта сөндірілген. Алайда, өрт салдарынан моншаның кіреберіс төбе қаптауы зақымдалып, жаздық асхана, тұрмыстық заттар мен шатыры жанып кетті. Дегенмен, жедел өрт сөндіру жұмыстарын атқарған от жауынгерлері нәтижелі жұмыстың арқасында ауданы 30 шаршы метрді құраған «тілсіз жаудың» одан әрі көрші орналасқан тұрғын үйлерге таралуына жол бермеді. Осы күні ертеңгілік Т.Рысқұлов ауданының орталығы – Құлан ауылында орналасқан екі қабатты үйдің отқа оранғандығы жөнінде хабарлама келіп түскен. Оқиға орнына ауылдағы №10 өрт сөндіру бөлімінен 9 адам мен 3 автокөлік шығып, құрылысы аяқталмаған тұрғын үйдің ішіндегі жанып жатқан тұрмыстық заттар мен ауладағы жарамсыз автобөлшектерді және металл сынықтарын сөндіру жұмыстарын жүргізген. «Қызыл жалынды» ауыздықтауға 2 сағаттан астам уақыт кеткен. Өрттің ауданы 150 шаршы метрді құрап, салдарынан тұрмыстық заттар мен автобөлшектер жарамсыз болып қалған. Сондай-ақ, дәл сол күні түскі уақытта Шу ауданының Төле би ауылындағы тұрғын үйдің ауласында ауданы 120 шаршы метрді құраған екі қабатты шөпхана отқа оранған. Өрт сөндіру жұмыстарын №19 және №5 өрт сөндіру бөлімдері жүргізіп, от жауынгерлері «тілсіз жауды» 50 минуттан астам уақытта жойған. Өрт салдарынан шөпхананың шатыры, ішкі балкалары, қабырғасы жанып кеткен. Ал 25 мамыр күні кешке таман Тараз қаласының Сухамбаев көшесіндегі тұрғын үйдің ауласында монша өртенген. Өрт салдарынан монша, мүлкі бар сарай жанып кетті. Сондай-ақ, өрт көрші үйдің құрылысын ішінара және оған іргелес орналасқан құрылыс нысандарын да зақымдаған. Оқиға орнына 4 өрт сөндіру автокөлігі мен медициналық апаттар қызметінен 19 адам барып, от жауынгерлері «қызыл жалынды» 28 минутта сөндірген. Бір қуаныштысы, облыстық төтенше жағдайлар департаменті қоғаммен байланыс тобының мәліметінше, жоғарыда аталған өрт оқиғаларынан қаза болғандар мен зардап шеккендер тіркелмеген. Қазіргі уақытта өрттердің шығу себептері мен келтірілген материалдық шығындар анықталуда. Сондай-ақ, облыстың өрт сөндіруші-құтқарушылары бір тәулік ішінде қоқыс пен қураған шөптің жану оқиғаларына 12 рет, тұрғындарға құлыптанып қалған есіктерін ашып беруге – 2, полиция қызметіне көмек көрсету мақсатында – 2, контейнердің арасына қысылып қалған мысықты шығару бойынша 1 рет шақыртуларға шыққан. Осы орайда төтенше жағдайлар қызметінің мамандары облыс және қала тұрғындары мен қонақтарына үйден шығарда газ және электр құралдарын қуат көзінен ажыратып, мүмкіндігінше қарттар мен балаларды қараусыз қалдырмай, өрт қауіпсіздігін қатаң сақтау керектігін еске салады. Сондай-ақ, суға шомылу маусымына санаулы күндер қалғандықтан және оқушылардың жазғы демалысы басталуына орай тұрғындардың назарына балалардың қайда және кіммен жүргендігін әрдайым бақылаудан шығармай, сақтық шараларын сақтауды ескертеді. Өрт немесе өзге де төтенше жағдай туындағанда «101», «112» телефон нөмірлеріне қоңырау шалудың ақысыз негізде жүзеге асырылатынын ұмытпаңыз!  

Дайындаған Жүрсінгүл ЖАҚЫП

 

Ұқсас жаңалықтар