Сақшылардың жағдайымен танысты

Сақшылардың жағдайымен танысты
ашық дереккөз
Сақшылардың жағдайымен танысты
«Қазақстан сарбаздарының аналары» қоғамдық ұйымының республикалық комитеті қызметінің негізгі бағыттарының бірі – Қарулы Күштердің әскери бөлімдері мен құрамаларына барып, ондағы мерзімдік әскери қызметшілердің күнделікті тыныс-тіршілігі, қызметтері мен тұрмыс жағдайларымен танысу. Жақында осындай ұйымның Түркістан облысы және Шымкент қаласы бойынша мүшесі Шарифа Муминова ҚР ҰҚК ШҚ Жамбыл облысы бойынша департаментіне қарасты «Ақсуат», «Шөлдала», «Бесағаш», «Жасөркен» шекара бөлімшелерінде болып қайтты. Алыстан ат арылтып келген қоғамдық ұйымның өкіліне бөлімшелердегі жеке құрамның мойнына жүктелген міндеттері, сарбаздардың күнделікті мемлекеттік шекараны қорғау мен күзету бойынша қызметтерін ұйымдастырудағы ерекшеліктері және басқа да шекарашылардың қызығы мен қиындығы қатар жүретін өмірлері бойынша біраз ақпараттар айтылды. Ел шебіндегі шекарашы жастарды патриотизм рухында тәрбиелеу мәселелері талқыланып, бөлімшедегі әскери тәртіптің жағдайы туралы әңгімелер тарқатылды. Жамбыл ауданы бойынша ТижҚЖБ бастығының орынбасары, подполковник Қуаныш Мұсабеков шекара бөлімшелеріндегі сарбаздардың бос уақыты қалай ұйымдастырылатындығы жайлы сырымен бөлісті. Қисыны келсе, демалыс немесе айтулы күндері әскери қызметшілер қала, аудан орталықтарында өтетін концерттік шараларға, тарихи және өлкетану мұражайларына барып тұратынын жеткізді. Іссапар барысында бөлімшелердің аумақтарын аралап, сарбаздардың жатын, жуынатын, тамақтанатын орындарымен, психологиялық жеңілдетілу сынды негізгі бөлмелерімен танысты. Шара соңында сарбаздармен жеке және топ бойынша әңгімелесіп, жеке құрамнан анонимді сауалнамалар алынды. Шарифа Муминова ел шебінде қызмет атқарып жүрген сақшылардың өмірлерімен танысуынан жақсы әсер алғанын жеткізіп, басшылық құрамның ұйымдастырушылық жұмыстарына жоғары баға берді. Ол өзінің іссапарын қорытындылай келе, былай деді: –Мен сарбаздармен кездескеніме өте қуаныштымын. Жігіттер өздері, қызметтері туралы әңгімелерін ашық, жасқанбай айтудан тартынбады. Кейін сарбаздармен бірге асханаға бардым. Түскі ас өте дәмді болды. Бөлімшелердегі сарбаздар үшін барлық жағдай жасалғанына көзім жетті. Басшылық құрамның жұмыстарына ешқандай шағымым жоқ, тек балаларымызды осындай ер-азамат қылып тәрбиелеп отырғандарына шексіз алғысымды білдіремін.  

Темірлан СЕРІКҚАЛИЕВ,

ҚР ҰҚК Шекара қызметі әскери-патриоттық қызмет басқармасының офицері, капитан.

Ұқсас жаңалықтар