Ауыл мешітін күрделі жөндеуден өткізді

Ауыл мешітін күрделі жөндеуден өткізді
ашық дереккөз
Ауыл мешітін күрделі жөндеуден өткізді
Қайырымдылық жасау үшін міндетті түрде қаражатың болуы қажет деген – жаңсақ пікір, бастысы – ниет. Алла Тағаланың өзі пендесіне асыл діні арқылы мол сауапқа кенелуге жол көрсетіп қойған. Бұған жуырда қақпатастық кең пейілді азаматтардың қолға алған қайырымды істері дәлел.   Мектеп бітіргендеріне 20 жыл толған 1985 жылы туған түлектер ауыл мешітіне ішкі жөндеу жұмыстарын жүргізіп, мәрттік танытты. Қақпатас ауылының мешіті 1994 жылдан бері күрделі жөндеу көрмеген екен. Тозығы жеткен ғимаратты жөндеу кезінде қақпатастық түлектер бөлменің қабырғаларын бояп, соңғы сән үлгісіне сай керме-төбе жасап, жаңа жарық шамдар орнатқан. Бояулардың түстері ерекше талғаммен таңдалып, әрбір жұмыс аса ұқыптылықпен жасалғаны көрініп-ақ тұр. Бұл тұста кезекті жұма намазына үлгерейік деп апта бойы дамылсыз жұмыс істеген азаматтардың еңбекқорлығын да айта кеткен жөн. – Қақпатаста әр жылғы мектеп түлектері жыл сайын қоғамға, көпшілікке пайдасы тиетін қайырымды іс жасауды дәстүрге айналдырған. Биыл біздің кезегіміз де жетіп, отыз жылға жуық жөндеу көрмеген мешітті жөндейік деп шештік. Арамызда өзіміздің шебер жігіттеріміз де бар. «Көп түкірсе, көл» демекші бәріміз жұмылып, бүгін міне, жұмысты аяқтап қалдық, – дейді жомарт түлектердің бірі – Азамат Данегулов. Ал, Қақпатас ауылдық мешітінің имамы Жармаханбет Тәнекеев ауыл азаматтарының бұл ісіне дән риза. «Мешіт – мұсылман қауымының шынайы тәубеге келетін, жабырқаған жанына жұбаныш табатын, Аллаға кіршіксіз құлшылық ететін мінәжат үйі. Сондықтан, осындай қасиетті орынға жөндеу жүргізген азаматтар үлкен сауапқа кенелуде. Осы жігіттердің жасаған жақсылықтарын Алла Тағала өздеріне еселеп қайтарсын, дендеріне саулық, отбасыларына амандық берсін», – деп ризашылығын жеткізді. Бұл күні жұмаға жиналған қалың жамағат жаңарған, ішіне ізгіліктің нұры төгіліп тұрғандай жарқыраған кең бөлмені көріп, шексіз разылығын білдірді. Жұма намазынан кейін көпшілікке дастарқан жайылып, қайырымды істің басы-қасында жүрген азаматтарды ауыл имамы кубокпен, Алғыс хаттармен марапаттады. Ал 1985 жылғы түлектер «игі бастамалар жалғаса берсін» деген ниетпен кубокты өздерінен кейінгі мектеп түлектеріне табыстады.  

Сәуле МҰХАДИНҚЫЗЫ,

журналист.

Қордай ауданы

Ұқсас жаңалықтар