Саясат
Президенттің Қытайға мемлекеттік сапары: Бірқатар маңызды құжаттарға қол қойылды
- author «Ақ жол»
- 19 мамыр, 2023
- 510
Президенттің Қытайға мемлекеттік сапары: Бірқатар маңызды құжаттарға қол қойылды
17 мамырда Қазақстан Республикасының Президенті Қасым- Жомарт Тоқаев Қытай Халық Республикасына мемлекеттік сапармен барды. Қазақстан Президентін ҚХР төрағасы Си Цзиньпин қарсы алып, сапардың алғашқы күнінде-ақ екі ел басшылары келіссөз үстелінде бас қосты. Кездесу барысында бірқатар маңызды құжаттарға қол қойылды. Келіссөз кезінде Қазақстан Президенті Қытаймен өзара сауда-саттықты 40 миллиард долларға жеткізуді ұсынды. «Бүгінде Қытай – Қазақстанның негізгі сауда серіктестерінің бірі. Өткен жылдың қорытындысы бойынша өзара сауда-саттық көлемі 30 жылдың ішіндегі рекордтық деңгейге жетіп, 31 миллиард доллардан асты. Мұндай қарқынмен біз жақын арада тауар айналымы көрсеткішін 35 миллиард долларға дейін жеткізу мақсатына қол жеткізе аламыз деп ойлаймын. Сондықтан, 2030 жылға қарай 40 миллиард долларлық межені белгілеуді ұсынамын», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Кездесу барысында тараптар екі елдің сауда-экономика, мұнай-газ, мұнай химиясы, энергетика, білім және ғылым, қаржы салаларындағы жан-жақты ынтымақтастығын дамыту, көлік-транзит әлеуетін арттыру мәселелерін талқылады. Сондай-ақ, олар халықаралық және өңірлік күн тәртібіндегі мәселелер жөнінде пікір алмасты. Сонымен қатар, Мемлекет басшысы қос елдің «Бір белдеу – бір жол» аясындағы табысты ынтымақтастығын атап өтті. «Сиань қаласының құрғақ портында логистика орталығы іргетасының онлайн режимде қалануы біздің көлік- логистика саласындағы байланыстарымыздың тағы бір белесі болмақ. Көлік дәліздерін әртараптандыру аясында Транскаспий халықаралық көлік бағдарының әлеуетін белсенді түрде пайдалануды ұсынамын», – деген Қасым-Жомарт Тоқаев бүгінгі келіссөздер екіжақты ықпалдастыққа тың серпін беретініне сенім білдірді.
Маңызы зор 23 құжат
Келіссөз қорытындысы бойынша 23 құжатқа қол қойылды. Қол қойылған құжаттар қатарында Қазақстан Республикасы және Қытай Халық Республикасы басшыларының Бірлескен мәлімдемесі, екі ел Үкіметтері арасындағы Транскаспий халықаралық көлік бағытын дамыту жөніндегі және техникалық-экономикалық ынтымақтастық туралы меморандум, индустрияландыру және инвестициялық ынтымақтастық жоспары, халықаралық автомобиль тасымалдары туралы келісімдер, Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлігі мен Қытай Халық Республикасының Бас кеден басқармасы арасындағы экспорттауға қойылатын санитариялық және фитосанитариялық, инспекциялық және карантиндік талаптар, су өнімдерін экспорттау жөніндегі хаттамалар, Қазақстан мен Қытай арасындағы үшінші трансшекаралық теміржолды бірлесіп іске асыруды алдын ала қарау туралы өзара түсіністік және мәдени орталықтар құру туралы меморандумдар бар. Олардың қатарына «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қытай Халық Республикасының Үкіметі арасындағы визалық талаптардан өзара босату туралы келісім» кіреді. Сондай-ақ, Қазақстанның үш өңірі Қытай қалаларымен өзара келісімдерге қол қойды. Нақтырақ айтсақ, Шығыс Қазақстан облысының әкімдігі мен Тяньцзинь қаласының Халық Үкіметі Қазақстанда «Лу Бань шеберханасын» құру туралы мәміле жасасты. Ал Шымкент қаласы мен Сиань қаласы бауырластық байланыс орнату жөнінде уағдаласты. Бауырластық байланыстар/қатынастар орнату туралы келісімге сондай-ақ Солтүстік Қазақстан облысы мен Шэньси провинциясы да қол қойды. Ал әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Сиань Солтүстік-Батыс политехникалық университетінің филиалы ашылатын болды. Жалпы, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың ҚХР-ға мемлекеттік сапары аясында құны 22 миллиард доллар болатын 47 құжатқа қол қойылды.Мемлекет басшысы қазақ-қытай инвестициялық дөңгелек үстеліне қатысты
Президент өз сөзінде дөңгелек үстелге қатысушыларға Қазақстан мен Қытайдың сауда-экономикалық қатынасы қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті. «Біз Төраға Си Цзиньпинмен бірге екіжақты қарым-қатынастың кең ауқымды мәселелері бойынша нәтижелі пікір алмастық, нақты келісімдерге қол жеткіздік, бірлескен мәлімдемеге қол қойдық. Жалпы, менің Қытайға мемлекеттік сапарым ойдағыдай өтті деп сеніммен айтуға болады. Қол жеткізілген уағдаластықтар екі елдің арасындағы тығыз ынтымақтастыққа зор серпін береді. Қазақстанда Қытай қаржысы жұмсалған бірқатар ірі компания табысты жұмыс істеп жатыр. Дегенмен, біз ынтымақтастығымыздың әлеуетін одан әрі игеруіміз керек», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Мемлекет басшысының айтуынша, мұнай-газ саласы талай жылдан бері табысты әріптестіктің негізі болып келеді. Президент еліміздің 2060 жылға қарай көміртегі бейтараптығына қол жеткізуді мақсат етіп отырғанына назар аударып, қытайлық әріптестерді осы саланың инвестициялық мүмкіндігін қарап көруге шақырды. Мемлекет басшысының пікірінше, ынтымақтастықты нығайтуға мүмкіндік беретін мол саланың бірі – агроөнеркәсіп. Сонымен қатар, Президент елімізді қант өнімімен толық қамтамасыз ету көзделіп отырғанын жеткізіп, Қытай компанияларын қант өндірісін дамытуға белсене атсалысуға шақырды. Жиын барысында Қасым-Жомарт Тоқаев құрлықтағы көлік дәліздерін дамыту мәселесін де қозғады. Қытай Батыс Еуразияның ауқымды нарықтарына Қазақстан аумағы арқылы шыға алатынына инвесторлардың назарын аударды. Президент қытайлық іскерлік орта өкілдерін қаржы саласындағы серіктестікті нығайтуға шақырып, оларға «Астана» халықаралық қаржы орталығының артықшылықтарын айтып берді. Қазір Қаржы орталығында 73 елдің 1800-ден астам компаниясы тіркелген. Олардың оннан бірі – Қытай компаниялары. Президент сөзінің соңында елімізде инвесторларға барынша қолайлы жағдай жасалғанын атап өтіп, бүгінгі кездесу екі елдің сауда-экономикалық серіктестігін нығайта түсетініне сенім білдірді.Сианьда Қазақстанның логистика орталығының іргетасы қаланды
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Сиань қаласындағы құрғақ портта Қазақстанның логистика орталығының іргетасын қалау рәсіміне онлайн режимде қатысып, аталған жобаның маңыздылығын атап өтті. Оның айтуынша, осыдан 10 жыл бұрын Астанада Си Цзиньпин мырза Ұлы Жібек жолының экономикалық белдеуін құруды ұсынған. Бүгінгі іс-шара Қытай төрағасының сол бастамасымен толық үндеседі. «Еліміз соңғы 15 жылда бұл салаға 35 миллиард доллар инвестиция салды. Ляньюньган портында қазақ-қытай логистика орталығын құрдық. Жаңа теміржол бағыттарын аштық. «Қорғас – Шығыс қақпасы» құрғақ порты жұмыс істей бастады. Каспий теңізінде заман талабына сай инфрақұрылым жасалды. Былтыр екі ел арасында теміржол арқылы 23 миллион тонна жүк тасымалданды. Біздің ынтымақтастығымыз мұнымен шектелмейді. Алыс-берісті одан әрі дамыту үшін қытайлық әріптестермен бірге Сиань қаласындағы құрғақ портта логистика орталығын салу керек деген шешім қабылдадық. Бұл хаб Шэньси аймағын Қазақстанмен, Орталық Азиямен байланыстырады. Әрі қарай Еуропаға, Түркияға және Иранға жол ашады. Жобаның толық іске қосылуы екі елдің ынтымақтастығына тың серпін береді деп сенемін», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.Қазақстанның Ұлттық павильоны ашылды
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев JD.com электронды коммерция алаңында Қазақстанның ұлттық павильонын салтанатты түрде ашу рәсімінде сөйлеген сөзінде бизнесті онлайн-кеңістік арқылы жүргізу әлем экономикасының маңызды бағытына айналғанын айтты. – Қазір электронды сауда нарығының көлемі 3,5 триллион долларға жетті. Бұл үдеріс жыл сайын артып келеді. Халықаралық онлайн сауда-саттықты дамыту ісінде Қытай өте маңызды рөл атқарады. Бүгін әлемдегі аса ірі электронды сауда алаңында Қазақстанның ұлттық павильоны ашылады. Бұл қадам екі елдің алыс-берісін жандандырмақ. «Цифрлы Жібек жолы» бастамасы осы міндетті орындауға жол ашады, – деді Мемлекет басшысы. JD.сom (Jingdong Mall) – Қытайдағы тауарлар мен қызметтер сатуға арналған ең ірі онлайн платформа. 1998 жылы негізі қаланған онлайн ритейл алаңының 400 миллионнан астам пайдаланушысы бар. 2022 жылы JD.com 1 триллион юань таза пайда тауып, Қытайдағы электронды сауда алаңдарының арасында бірінші орынға шыққан. Қазіргі кезде платформада 40-тан аса елдің ұлттық павильондары жұмыс істейді. Қазақстанның ұлттық павильонын ашу жөнінде келісімге биыл наурыз айында қол қойылды. Бүгінде ұлттық павильонымызда еліміздің бірнеше өнім түрі сатылымға қойылған. Бұған қоса алдағы уақытта экспорттық әлеуеті жоғары 15 отандық азық-түлік өндірушісінің өнімдерін Қытай нарығына шығару жоспарланып отыр.Қытай ірі компаниялары басшыларымен кездесу
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мұнай мен газ өндіру, өңдеу және тасымалдау, мұнай химиясы, энергетика, жаңартылатын энергия көздері, металлургия, телекоммуникация, қаржы-банк қызметі және инвестиция салалары бойынша жұмыс істейтін Қытайдың ірі компаниялары басшыларымен кездесу өткізді. China National Petroleum Corporation компаниясының басқарма төрағасы Дай Хоулянмен кездесу барысында энергетика саласындағы ынтымақтастық және мұнай мен газды тасымалдау, қайта өңдеу мәселелері талқыланды. Қасым-Жомарт Тоқаев CNPC компаниясы Қазақстанның энергетика саласындағы бұрыннан келе жатқан стратегиялық серіктесі екенін атап өтті. Мемлекет басшысы State Power Investment Corporation компаниясының басқарма төрағасы Цянь Чжиминьмен кездесуде жаңартылатын энергия көздері саласындағы жобаларды іске асыру мәселелерін талқылады. Қытайдың ірі энергетикалық компанияларының қатарына кіретін State Power Investment Corporation Қазақстанның «жасыл» энергетика саласындағы жобаларына белсенді түрде инвестиция құяды. Қасым-Жомарт Тоқаев компанияның Жамбыл облысында қуаты 1 ГВт болатын ауқымды жел электр стансасын салу жөніндегі бастамасын қолдады. Мемлекет басшысы, сондай-ақ CITIC Group компаниясының басқарма төрағасы Чжу Хэсинмен, China Nonferrous Metal Mining компаниясының бас директоры Чжан Цзиньцзюньмен, Азия инфрақұрылымдық инвестициялар банкінің президенті Цзинь Лицюньмен, Huawei Technologies компаниясының басқарма төрағасы Лян Хуамен, Sun Seven Stars Investment Group компаниясының басқарма төрағасы У Чжэнмен кездесіп, әңгімелесті.Бас консулдықтың ашылу рәсімі
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қытайға мемлекеттік сапары аясында Қазақстан Республикасының Сиань қаласындағы Бас консулдығының салтанатты ашылу рәсіміне қатысты. – Төраға Си Цзиньпинмен өте мазмұнды келіссөздер жүргіздік. Сондай-ақ, бірлескен мәлімдеме жасалды, бірқатар маңызды келісімдерге қол қойылды. Шын мәнінде, бұл сапар қазақ-қытай ықпалдастығының «30 жылдық алтын дәуірін» бастады деуге болады. Әрине, бұл сапардың мән-мағынасы ерекше. Бүгін – Қазақстан мен Қытай ынтымақтастығы үшін тағы да бір аса маңызды әрі тарихи күн. Біз Сиань қаласында Қазақстанның Бас консулдығын ашқалы тұрмыз. Бүгінде Сиань – «Бір белдеу – бір жол» экономикалық белдеуінің маңызды бекеті. Шэньси өлкесі және Сиань қаласы Қазақстанмен тығыз байланыс орнатқан. Солтүстік Қазақстан облысымен және Шымкент қаласымен бауырластық қатынас туралы келісімге қол қойылды. Бұл шаралар екі ел арасындағы барыс-келісті жандандыра түсері сөзсіз. Бас консулдық осы ынтымақтастықты одан әрі дамытуға үлес қосады деп сенемін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.Президент саммитте не туралы айтты?
Мемлекет басшысы өз сөзінде алғашқы «Орталық Азия – Қытай» саммиті – өте маңызды тарихи оқиға екенін атап өтті. «Қытай – әлемдегі ірі инвестор және жаһандық экономиканың көшін бастап тұрған мемлекеттердің бірі. Сондықтан Қытаймен жан-жақты ынтымақтастықты нығайту Қазақстанның орнықты дамуына мүмкіндік береді. Қазіргі таңда елімізде ұлттық экономикамызды әртараптандыру үшін ауқымды әрі жан-жақты реформа жүргізіп жатырмыз. Шетел инвесторларына қолайлы жағдай жасауға және кедергілерді жоюға бағытталған жұмыстар атқарылып жатыр», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Мемлекет басшысы тәуелсіздік жылдарында елімізге 350 миллиард доллардан астам инвестиция тартылғанын айтты. Соның 23 миллиард доллардан астамы – Қытайдың еншісінде. Президент Қытаймен инвестиция саласындағы ынтымақтастықты одан әрі дамытуға әзір екенін жеткізді. Сондай-ақ, Мемлекет басшысы аймақтағы ел басшыларының бірлескен күш-жігерін талап ететін ынтымақтастықтың басым бағыттарын айқындады. Ең алдымен, тауар айналымының көлемін арттыру мәселесі қозғалды. Мемлекет басшысының пікірінше, электронды коммерция саласында өзара алыс-берісті арттыру үшін қосымша мүмкіндіктер бар. Бұл бағытта Қытай әлемде көш бастап тұрғаны сөзсіз. Президент көлік-логистика инфрақұрылымын дамытуды тағы бір басым бағыт деп санайды. Аймақтағы жобаларға Қытайдың атсалысуы олардың табысты ілгерілеуіне өз септігін тигізері анық. Қазақстан мұнай экспортын көбейтуге мүдделі. Сол үшін «Қазақстан – Қытай» мұнай құбырының тасымал мүмкіндігін арттыруды жоспарлап отыр. Сонымен қатар Президент ауыл шаруашылығы саласындағы ықпалдастықты дамыту маңызды екеніне тоқталды. Мемлекет басшысы трансшекаралық су ресурстарын тиімді пайдалану мәселесін ынтымақтастықтың келесі басым бағыт ретінде атап өтті. Мемлекет басшысы мәдениет және білім ынтымақтастығын, сондай-ақ туризмді дамыту мәселесіне де назар аударды. Осы мақсатта Қазақстан мен Қытай азаматтарының екі ел арасында 30 күнге дейін визасыз жүруіне мүмкіндік беретін үкіметаралық келісімге қол қойылды. Бұл құжат іскерлік байланыс аясын кеңейтіп, туристер легін арттыруға ықпал етеді. Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан көтерген бастамалардың бәрі еліміздің жан-жақты ынтымақтастық пен мызғымас қарым-қатынасты нығайта түсуге ұмтылысын көрсететінін айтты. «Орталық Азия – Қытай» саммитінің қорытындысы бойынша мемлекеттер басшылары Сиань декларациясына қол қойды және бірқатар бастаманы қабылдады. Келесі саммит 2025 жылы Қазақстанда өтеді.Дайындаған Жүрсінгүл ЖАҚЫП.
Ұқсас жаңалықтар
Серіктестікке серпін берген сапарлар
- 23 қараша, 2024
Халықтық сайлау: тиімділік пен мүмкіндік
- 21 қараша, 2024
Ақпарат
Жамбылда заңсыз берілген жер учаскелері қайтарылды
- 25 желтоқсан, 2024
Жамбыл облысы: гранттар арқылы оң өзгерістер жасаудың жаңа мүмкіндіктері
- 25 желтоқсан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді