«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Ұлттың рухы асқақтаған күн

Ұлттың рухы асқақтаған күн
ашық дереккөз
Ұлттың рухы асқақтаған күн
Ташкент төрінде аяқталған бокс бәсекесі қазақстандық былғары қолғап шеберлері үшін сәттілікке толы болды. Екі аптаға созылған жаһандық бәсекеде біздің елдің жігіттері жарады. Бұл жаңалықты қазақ елі қуанышпен қабылдады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Twitter парақшасында жеңіске жеткен Санжар Тәшкенбай, Махмуд Сабырхан, Асланбек Шымбергенов және Нұрбек Оралбайды құттықтады. Сонымен, тарқатып айтатын болсақ, финалға бес отандасымыз шықты. 48 килограмдағы отандасымыз Санжар Тәшкенбай ресейлік Эдмонд Худоянды ұтып, алғашқылардың қатарында әлем чемпионы атанды. 54 килограмда жұдырықтасқан Махмуд Сабырхан кубалық Йосвани Вейтияны айқын жеңіп, алтыннан алқа тақты. 71 килограмда жамбылдық жерлесіміз Асланбек Шымбергенов өзбекстандық Саиджамшид Жафаровты таза жеңіп, құрамаға үшінші алтынды сыйлады. 80 килограмда жұдырықтасқан отандасымыз Нұрбек Оралбай қытайлық қандасымыз Тоқтарбек Таңатқанды жеңіп, құрамамыздың қоржынына төртінші алтын жүлдені салды. Ал, 67 килограмда жұдырықтасқан жерлесіміз Дулат Бекбауов өзбекстандық қарсыласына есе жіберіп, күміс жүлдені қанағат тұтты. Әрине, Әлем чемпионатынан күміс жүлде олжалаудың өзі – зор жетістік. Бұл орайда, Асланбектің жеке бапкері Ермек Ертаев пен Дулаттың жеке бапкері Нұрлан Ақүрпековтің еңбегі ерен екенін айта кеткеніміз жөн. Еліміздің намысын қорғаған жігіттер бір алтын, бір күміс жүлдеге қол жеткізіп, мерейімізді өсірді. Сонымен , өткен аптаның жексенбісі алтын жауған күн болды. Мырзағали Айтжанов шәкірттері Қазақ елінің мерейін өсірді. Тіпті, бокс тарихында Қазақстан құрамасы алтын медаль алу жағынан Куба мен Ресейден кейінгі үшінші орынға көтерілді. Рекордтар жасалып, тарих жаңарды.  

Есет ДОСАЛЫ

Ұқсас жаңалықтар