ТӨРТ ЖҮЗ МЫҢҒА ЖУЫҚ ТАРАЗДЫҚТАР
Небәрі 2735 дана «Ақ жолға» жазылған Тараз қаласы тұрғындарының саны 400 мыңға таяды. Облыс орталығында негізінен жергілікті ұлттың өкілдері тұрады. Оған қоса өзбек, түрік, қарашай және басқа да ұлт өкілдерінің өзі қазақ тілін меңгерген. Бұл өте дұрыс. Ортақ Отанға, жергілікті ұлтқа деген құрметтің үлкені осы. Осылай бола тұра, аймағымыздың қаймағы саналатын тараздықтар облыстағы қазақ тілінде шығатын бас басылым – «Ақ жол» газетіне жазылуға келгенде енжар. «Қазпошта» акционерлік қоғамы облыстық филиалының 5 желтоқсандағы мәліметіне қарағанда облыс орталығының ойлы оқырмандары алдағы жылға небәрі 2735 данаға ғана жазылыпты. Облыстың зиялы қауым өкілдері шоғырланған қалада бірнеше жоғары оқу орындары, басқа да білім беру мекемелері, құқық қорғау органдары, түрлі басқармалар мен мекемелер, ұйымдар, жүздеген кәсіпорындар мен компаниялар шоғырланған. Солай бола тұра, қазақ тілінде жарық көретін «Ақ жолға» жазылуда Тараз қаласы бірде-бір ауданнан алға шығып көрген емес халық санына шаққанда. Әдетте, ел мен жер, ұлт құндылықтары, тіл тағдыры туралы көп айтамыз. Әркім өзінше отаншыл. Осы сөздерін дәлелдейтін істің бірі – ана тілінде шығатын газетке жазылу емес пе?! Олардың бір парасы «Ақ жолдың» кезекті нөмірін сұрап, редакцияға келуден де ұялмайды. Жазған-сызғандарын осылай «оқығанды» жөн санайды.
«Ақ жол» газеті тоқсан жылдан аса тарихында ақ жолынан айныған емес. Газет бетінде оқырманға не керек, соның бәрі бар. Сондықтан газетті іздейді, көп адам сұрап оқиды. Мысалы, олар бір жылға тұтас жазылып алса жыл бойғы рухани азығына айналар еді. Басшы азаматтардың ұжым жиындарында өз қызметкерлеріне жазылым науқанының жүріп жатқанын ескертіп қойғанының артықтығы жоқ. Өңірдің тыныс-тіршілігінен жан-жақты хабардар болу үшін «Ақ жол» газетінің бағыт-бағдары туралы, онда көтеріліп жатқан дүниелер жайында да әңгіме қозғап, ой-пікірлерін ортаға салып жатса, қанеки.
Ойлан, қалалық оқырман, жазылым науқанының аяқталуына бір айға жетпейтін уақыт қалды.
Амангелді ӘБІЛ, «Ақ жол».
Тараз қаласы.
Ұқсас жаңалықтар
«Салауатты ауыл» қатары көбейіп келеді
- 17 қараша, 2024
Зертханалық диагностика мәселелері зерделенді
- 17 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді