Әрбір тұрғынға мүмкіндік бар
Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей тапсырмасымен «Халықтың табысын арттырудың 2025 жылға дейінгі бағдарламасы» аясында жүзеге асқан «Ауыл аманаты» жобасы кәсіп ашуға ынтасы бар тұрғындардың қызығушылығын арттырды. Бұл мақсатта жергілікті атқарушы органдарға пилоттық жобаның ауқымын кеңейту тапсырмасы жүктелген еді. «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» акционерлік қоғамының басқарма төрағасы Дәулет Әбілқайыровтың төрағалығымен өткен кеңейтілген семинарда жобаның алға қойған міндеттері түсіндірілді. Жиынға еліміздің әр аймағынан ауыл шаруашылығы саласы мен әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялардың өкілдері қатысты. Басқосуда әуелі Ауыл шаруашылығы министрлігінің Қаржылық құралдар және микрокредит беру департаментінің директоры Тұрар Мұхамеджанов сөз алып, «Ауыл аманатының» артықшылықтарына тоқталды. Бұдан кейін облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұрби Жігітеков «Жамбыл облысы тұрғындарының тұрмыстық табысын арттыру» жобасының іске асырылу барысы туралы баяндама жасады. Ол аталған жобаға қатысу үшін 2019 жылы облыс аумағындағы 11 ауылдық округ таңдалып алынса, биыл олардың саны арта түскенін атап өтті.
– 2019 жылы іске қосылған жоба Мемлекет басшысы тарапынан қолдау тапты. Нәтижесінде есепті кезеңде экономикалық тиімділік 14,9 миллиард теңгені құрады. Биыл 7,2 миллиард теңгенің 4,6 миллиарды кері қайтарылды. 239 несие алушы 547,7 миллион теңгеге несиелерін толық жапты. Жалпы, несие қайтарылымы 99,2 пайызды құрады. Кооперативтерді ғылыми сүйемелдеу мақсатында ауылдық аумақтарды дамыту ғылыми-зерттеу институтының ғалымдарымен бірлесіп, облыстық әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясында агротехникалық қызмет құрылды. Бұл мақсатқа биыл жергілікті бюджеттен 25 миллион теңге бөлініп отыр. Сондай-ақ, Қазақ ұлттық аграрлық университетімен бірлесіп, 2019-2022 жылдары жобаға енген 24 ауылдық округтегі мүйізді ірі қараның аналық басын қолдан ұрықтандыру арқылы асылдандыру жұмыстарын ұйымдастыруға 100 миллион теңге қаражат бөлінді. Жалпы, жобаны облыстағы 153 округтің барлығында іске асыру үшін 87,8 миллиард теңге қажет. 2019-2022 жылдары 18,3 миллиард теңгеге 24 ауылдық округтегі 3 955 кәсіпкерге несие берілді. Биыл жобаға қосымша 24 миллиард теңге бөлінді. Оған 26 ауылдық округ қатысады және 4 644 кәсіпкерді несиелендіру көзделуде, – деген Нұрби Рахметханұлы мұнан соң жобаларға жеке-жеке тоқталып, түйіні тарқатылмаған мәселелерге қатысты ұсыныстарын жеткізді.
Семинардың сұрақ-жауап бөлімінде жылдық мөлшерлемесі 2,5 пайызды құрайтын жеңілдетілген несиені қалай алуға болатыны, кооперативтің қандай мақсатта құрылатыны, лизингке техника алу бойынша қойылған сұрақтарға жауап берілді. Басқосудың екінші бөлімінде департаменттің бірқатар мамандары баяндама жасап, пилоттық жобаны жан-жақты талқылады. Ал, семинардың келесі күнінде қонақтарға Тараз қаласындағы Гидропоника және Жуалы ауданының Ақсай ауылындағы жобалар таныстырылды.
Есен ӨТЕУЛІ
Ұқсас жаңалықтар
Қан қысымының көтерілуі неден пайда болады?
- 26 қараша, 2024
Дәрі тапшылығының алдын алу маңызды
- 26 қараша, 2024
Ақпарат
«Әйелдер көшбасшылығы» тақырыбында семинар өтті
- 28 қараша, 2024
Адвокаттық сауалдан бас тартудың салдары қандай?
- 26 қараша, 2024
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді