
Таразға тартылатын инвестиция артады
Биылғы жылдың алғашқы тоқсанында Тараз қаласына 21,8 миллиард теңге инвестиция тартылған. Ал, жыл соңына дейін бұл көрсеткішті 150 миллиард теңгеге дейін арттыру көзделіп отыр. Бұдан бөлек, бөлшек саудадағы тауар айналымын 323,1 миллиард теңгеге жеткізу жоспарлануда. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз-брифингінде қала әкімі Бақытжан Орынбеков айтты. Оның сөзінше, инвестициялық жобалар сәтті жүзеге асқан жағдайда жаңа жұмыс орындары ашылмақ. – Бүгінгі таңда әкімдік тарапынан инвесторларды көптеп тарту мәселесіне айрықша көңіл бөлінуде. Себебі, әрбір инвестиция шаһардың дамуына зор үлес қосып, жергілікті тұрғындардың жұмыспен қамтылуына мүмкіндік бермек. Мәселен, осы жылдың қорытындысымен өнеркәсіп көлемін 531,2 миллиард теңгеге жеткізу көзделген. Биыл жалпы құны 9,2 миллиард теңгені құрайтын 3 инвестициялық жобаны іске қосу есебінен тиісті көрсеткішті орындаймыз, – деді Б.Орынбеков.
Сондай-ақ, басқосу барысында қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы кеңінен ақпарат берілді. Спикердің сөзінше, бұған дейін Тараз қаласының дамуын заманауи жоспарлау әрі тұрғындарға қажетті әлеуметтік инфрақұрылымдарды тиімді салу мақсатында жаңа Бас жоспар әзірленген. Бұл жоспар мемлекеттік сараптамадан сәтті өткен жағдайда көптеген мәселелердің оң шешілуіне мүмкіндік тумақ.
Брифинг соңында жергілікті БАҚ өкілдері өздерін мазалаған сұрақтарға жауап алды. Өз кезегінде Бақытжан Орынбеков халықпен кері байланыс орнатылғанын, әр аптаның жұма күні тұрғындарды жеке қабылдайтынын жеткізді.
Есен ӨТЕУЛІ
Ұқсас жаңалықтар
Ауруын анықтау үшін адамнан жымиюды сұраңыз
- 14 маусым, 2025
Бала шыр етіп дүниеге келгенде қатты қуанамын
- 14 маусым, 2025
Ақпарат
Жамбылда ҚАЖД қызметкерлері қан тапсырды
- 14 маусым, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді