«Елбасы жолы» киноэпопеясының үшінші фильмі облыс орталығындағы «баласағұн» орталық концерт залында көрсетілді
«Ол таза адам!». Фильм кейіпкерлерінің бірі айтқан осы бір сөз тау тұлға жүріп өткен сан жылғы соқпақ жолдары мен ізгі амалдарына берілген ең әділ баға. Шынында, ол таза адам. Ол – Елбасы. Елі үшін түрлі тығырықтан жол тапқан ерен ер. Сан қилы саясаттың сүрлеуінен де, халықтың сынынан да сүрінбеген, сөйте тұра, өз жолын – таза жолын сала білген жан.
«Елбасы жолы» киноэпопеясының жалғасы болып табылатын «Тығырықтан жол тапқан» атты фильмді тамашалаған жан Елбасы жайлы осы пікірге қосылары сөзсіз. Тұңғыш Президент күніне орайластырылып түсірілген бұл туынды бір мезгілде еліміздің 25 қаласында жұрт назарына ұсынылды. Солардың қатарында Тараз қаласындағы «Баласағұн» орталық концерт залында аталмыш кинотуындыны біз де тамашалап қайтқан болатынбыз. Ш. Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы түсірген фильмнің режиссері – Рүстем Әбдірашов. Мұның алдында киноэпопеяның «Балалық шағымның аспаны», «Отты өзен» және «Темір тау» атты бөлімдерін де жұрт жылы қабылдаған болатын. Фильмде Н. Назарбаевтың металл комбинатының партия хатшысы болған кездегі жұмысшыларға деген жанашырлығы мен өз ісінің білгір маманы бола білгендігі керемет көркем жеткізіледі. Ел сеніміне ие бола бастаған алғашқы саяси қадамдары да осы картинада көрініс тапқан. Басты кейіпкер Сұлтанның өзіне жүктелген міндеттерді адал атқаруымен қатар, оның айналасында орын алып жатқан кейбір келеңсіздіктерге бей-жай қарай алмайтындығы, сонымен қатар, сол тығырықтан шығудың жолын нұсқай білетіндігі бейнеленеді. Фильм сюжетін сәл сөз ете кетсек. Сұлтан өзі маңдай терін төге еңбек етіп жүрген металл комбинатының төңірегіндегі түрлі түйткілдерді жіпке тізгендей етіп және оның орын алуына кімдердің тікелей қатысы бар екенін меңзеген мақала жазып, онысы Мәскеудің өзін дүр сілкіндіреді. Кейіпкер тағдырын өзгерткен осы мақалаға қатысты «жоғарғы жақтың» қандай шешім шығаратыны көрерменді еріксіз тыпыршытып-ақ қояды. Шиеленісе түскен сюжет хатшы Сұлтанның Мәскеуге барып, өз ойын батыл қорғап шыққанымен шешімін табады. Осы аралықта оның мемлекет қайраткерлігіне тән қасиеті барынша ашыла түскен. Жалпы, түрлі тағдырлар, қызықты оқиғалар желісі, ата-баба тарихы, бүтіндей бір қоғамның зары мен мұңы бір ғана кинотуындыда тамаша жымдасқан. Назар аудартпай қоймайтын және бір ерекшелік – қылышынан қан тамған Кеңес заманындағы саясаттың бел ортасында жүрсе де Елбасының қазақы болмысын жоғалтпағандығы. Ата-баба салтына беріктігі, құмай тазы жүгіртіп, қыран бүркіт ұшырып, қырда аңға шығуы да, фильмді қобыздың қоңыр үні, дәуір сарыны жетелеп отыруы да, бастан-аяқ қара домбыраның қастерленуі осының айнымас айғағы. Бұл бір жағынан соқтықпалы-соқпақты дәуірді бастан кешірген қилы заманмен бүгінгі қазақтың біте қайнасып жатқанын, тамырынан ажырамағанын байқатса, екінші жағынан қобыздың үніне деген, кезеңдерге деген ностальгиялық сезімді оятады. Биылғы ақпан айынан бастап түсірілген фильмнің сценарийін Елбасының «Әділеттің ақ жолы», «Бейбітшілік кіндігі» және «Еуразия жүрегінде» шығармаларын негізге ала отырып, белгілі драматург-сценарист Шахимарден Құсайынов, Рүстем Әбдірашов және Геннадий Земель жазып шыққан екен. Ал, арнайы музыка жазған талантты композитор Әбілқайыр Жарасқанның есімін ерекше атап өтуге тұрарлық. Мұндағы музыка көрерменді бірден баурап ала жөнеледі. Жетпісінші жылдардың ауанын қалыптастырып, сол кездегі тұрмыс-тіршілікті дәлме-дәл көрсету үшін еліміздің белгілі қоюшы суретшілері – Сәбит Құрманбеков пен Өмірзақ Шманов арнайы шақырылыпты. Басты рөлді Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұрлан Әлімжанов сомдап шыққан. Мәдина Есманова, Тілеубек Аралбай, Ержан Жарылқасынұлы, Алмагүл Әлішева, Иісбек Әбілмәжінов, Арман Әсенов, Ислам Нұртазин сынды еліміздің актерлерімен қатар, ресейлік актерлер Валентин Гафт, Игорь Ясулович, Александр Рапопорт, Владимир Стеклов, Евгений Сидихин, Александр Галибин, Евгений Стычкин, Наталия Орынбасарова, Ирина Шевчук та өздеріне тиесілі жанама рөлдерін шебер орындаған. Сценарийді жазу барысында авторлар киноның түсірілуі үшін мәтіннің библиографиясына айрықша назар аударғаны аңғарылады. Режиссерлік, операторлық жұмыс та көңілге қонады. Эпизодтардың өзара байланысы да тастай. Шиеленіс, шарықтау шегі, шешім жұп-жұмыр жымдасқан. Фильмді тамашалаған көрермендермен ой бөлісіп, пікірін білген едік. Олардың қай-қайсысы да қол соғуға тұрарлық туынды деген баға беруде. Раушан Әлімбаева, қала тұрғыны: – Шынын айтсам, кеудемде зор мақтаныш сезімі ұялады. Бұл – біздің Президент, бұл – біздің көшбасшымыз! Еңселі елімізді қандай тығырықтан болса да жол тауып шығаратын көреген басшысы. Фильмнің кәсібилігіне, айтар ойын көркем жеткізуіне риза болдым. Айнұр Төреева, студент: – Жастық шақта ерінбей еңбек етіп, өз мамандығына адал адамның қашанда биікке өрлейтінін түйсіндік бұл фильмнен. Бастысы, жалықтырмайды. Сюжеттің соңына дейін бір деммен қарап шықтық. Барлық замандастарыма ұнады деп сенімді түрде айта аламын.
Маржан РАҚАЙ, «Ақ жол».
Ұқсас жаңалықтар
Халықтық сайлау: тиімділік пен мүмкіндік
- 21 қараша, 2024
Аманат жүгі абыройға бастайды
- 19 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді