«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Бір ғасырдың қарайды төбесінен...

Бір ғасырдың қарайды төбесінен...
ашық дереккөз
Бір ғасырдың қарайды төбесінен...

Миллиондардың жүрегінен орын алған...

Менің қаным миллионның тамырында ағады, Бір жүрегім миллионның жүрегі боп соғады. Менің бақытым, қуанышым бүкіл елдік болады, Мен жасасқан жаңа өмір жайнап өсед, жанады.

Осы бір шумақты алғаш оқығанымда-ақ балаң бойымда ерекше тебіреніс пайда болған-ды. Мектепте жоғары сынып оқушыларымен бірге саяхаттап, Түркістан қаласына барғанымда Саттар Ерубаев ескерткішін көргенім бар. Саттар есімімен де алғаш танысқаным сол еді. Сондағы ескерткіш түбінде жазылған осы бір шумақтан тұла бойымның шымырлап кеткенін әлі күнге сол әсермен, сол қалпында жадыма жаттап қалғанмын. Онда мен мүшел жасқа жаңа ғана аяқ басар жаста едім. Содан бері тағы бір мүшелді артқа тастасам да осы жолдарды оқыған сайын, сол баяғы алғаш оқығанымдай, құдды бір өзімнің жүрегімнен жарып шыққан, менің де жар салып айтқым келетін жолдар секілді күй кешемін... Иә, бүгінде оның жүрек дүрсілі талайлардың сол жақ кеудесіндегі лүпілмен бірге үндесіп үлгерген. Оның бақыты һәм қуанышы күллі қазақтың сүйікті ақынына айналғаны. Ақынның ақиқатын бүгінде Саттар болып толғанатын, Саттар болып ойланатын ойлы оқырманның аз еместігінен де аңғаруға болады. Жарық жұлдыз ерте сөнеді ғой. Әйтпесе, сәулелі ғұмырының күрмеуге келмес қысқа шағында артынан алапат дүниелер қалдырып кету деген... небәрі 24-ақ жыл... осы көзді ашып-жұмардай-ақ, қас-қағым уақытта қаншама шаруаны тындырып үлгерген Саттар Ерубаевтың туғанына бұл күнде 100 жыл толып отыр. Ғасыр парағы түрілгенімен жасындай жарқылдап өткен асылдың есімі естен шыға қойған жоқ. Ол туралы айтылып та, жазылып та жүр, жазыла да береді. Асқар тау – алыстаған сайын асқақтай түспейді ме?!.

Өрлеумен өткен он жыл

Саттар Ерубаев 1914 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы Түркістан ауданында Ұзынқұдық деген жерде туған. Әкесі мен анасы да суырып салма ақын жандар болыпты. Саттарға ақындық қасиеттің даруы да содан болуы керек. Тағдыр тауқыметімен жастайынан ата-анасынан айырылып қалған ол балалар үйінде тәрбиеленеді. 1923 жылы Түркістанда жетіжылдық мектепте оқып жүріп, сол мектепте комсомол қатарына өтеді. Мектепті бітіре салысымен Түркістан аудандық комсомол комитетінде біраз уақыт қызмет істейді. Бұл уақыт 1927 жылдарға дөп келеді.Оның негізгі шығармашылық өрлеу жылдары да осы кезден бастау алады. Саттар белсенді комсомол қызметкері бола жүріп, өзінің білімге деген құштарлығын да аңғартпай қалмайды.Соның арқасында Алматыдағы жоғары оқу орындарына түсуге даярлайтын арнайы курсқа жіберіледі. Курсты үздік үлгеріммен бітіріп, 1930 жылы Қазақтың оқу комиссариатының жолдамасымен Ленинградтың тарих-философия-лингвистика институтына түседі. Ленинградта оқып жүргенінде Саттардың ішкі дүниесі, рухани өсуі сол елдің әлеуметтік және саясаттық ахуалына байланысты болуы заңдылық та еді. Осы оқу кездерінде бірталай ленинградтық ақын-жазушылармен танысып, олармен кейін де қарым-қатынаста болып тұрады. 1933-1934 жылдары Саттар елге қайтып келген соң, біраз уақыт «Ленинская смена» газетінің өнер және әдебиет бөлімінің меңгерушісі қызметін атқарады. Кейіннен «Лениншіл жас» газетінің бас редакторы болып тағайындалады. «Пионер» газетінің редакторы, мәдениет саласында музыка театрының директоры да болып жұмыс жасайды. 1935 жылы С.Ерубаев Ленинград университетінің аспирантурасына түсіп, оқуын жалғастырады. Аспирантурадағы оқуы басталғанда Саттар сырқаттанып, бір айдай емханада жатады. Дәрігерлер оған климатты ауыстыру керегін айтып, еліне оралуына кеңес береді. Алматыға оралғаннан кейін Саттар дертіне қарамай белсенді өмір сүреді. Қазақ педагогикалық институтының қазақ әдебиеті кафедрасына доцент болып орналасады, әдеби үйірмені басқарады. 1934 жылы Қазақстан өлкелік партия комитетінің ұйғаруымен Саттар Қарағандыға жастар газетін ұйымдастыруға жіберіледі, сол газеттің редакторы болып, кейіннен жауапты редактордың орынбасары қызметін атқарады. Бұл газет «Қарағанды пролетариаты» деп аталған болатын. Жастар баспасөзі Саттардың қаламын ұштады, журналистік-ұйымдастырушылық шеберлігін шыңдады, қоғамдық белсенділігін арттырды. Алайда, өмірге ғашық қаламгерді жылымшы дерті асқынып қара жермен қауыштырмай тынбайды. 1937 жылы Алматы қаласында қазақтың Саттары мәңгілік сапарына аттанып кете барады. Сонау, жиырма жетінші жылдан бері ол ғазиз жүрегі ғапылға қош айтқан отыз жетінші жылға дейін бір тыным көрмей, өнімді еңбек етті.

Өлімді жеңген – «Мәңгілік өмір»

Қазақ әдебиетінен қомақты, тың дүниелерімен ойып тұрып орын алған Саттар Асқарұлы ақын ғана емес, сонымен қатар публицист, прозашы, әдебиет сыншысы және аудармашы. Ол сол кездегі зиялы ортаны өзінің жан-жақты білімімен, журналистика саласындағы білікті ізденістерімен, әдебиеттегі жаңашыл сыни ой-пікірімен, жалынды жырларымен, баллада, пародияларымен елең еткізген. Ақын Әбділда Тәжібаев «Саттар – ақыл-ойы шүпілдеп тұрған, жасына жетпей-ақ бәрін оқып, бәрін тоқып алған үздік талант еді. Мен дәл кезінде Алматыға қайтқаныма, Саттармен табысқаныма осы күнге дейін қуанамын. Егер мен Саттармен кездеспесем көп нәрседен кенже қалған болар ма едім, әлде қайтер едім... Менен бес жас кіші болса да ол маған он жас үлкен ағадай үлгі көрсетті. Саттар поэзиядан музыка, философия іздейтін, өлеңнен екпін дауыл тапса қуанатын» деп бағалағаны да тегін емес-ті. Сондай-ақ, замандастарының айтуынша оның бір ерекшелігі ол өз өлеңдерінен бөлек жазған шығармаларын да жатқа айта беретін болған көрінеді. Жарық жұлдыздай жарқырай ағып өткен қас-қағым тіршілігінде ол өзін халқының адал перзенті ретінде танытты. Артына салмақты, құнды әдеби мұра қалдыра білді. Оның қазақ кеңес әдебиетінде бірінші болып игерген жаңа жанрдағы шығармалары – балладалары, новеллалары, пародиялары мен эпиграммалары қазіргі әдебиеттің алтын қорына енді. Саттар қаламынан туған «Бақыт», «Мәңгілік өмір», «Өмір көркемдігі», «Келесі соғыс туралы» новеллалары, «Өмір туралы рапорт», «Үш шахтер туралы баллада», «Меруерт алқа» тәрізді балладалары, алуан өлеңдері мен сын мақалалары, очерктері мен эпиграммалары өзіндік өзгеше үнімен, жүрек жарды лебімен, мөлдір сыршылдығымен және шыншылдығымен оқырманды бей-жай қалдырмайды. Аяқталған «Менің құрдастарым» романы да әлі күнге ел сүйіп оқитын жаңашыл мәңгі жас шығарма. Бұл романында жазушы көмір өндірісінің қайнаған өміріне терең үңіліп, жас қазақ инженерлері мен жұмысшыларының өсу жолын, өмір шындығын, адамдар арасындағы адамгершілікті суреттей отыра, бас кейіпкерлер Рақмет пен Лиза арқылы жаны таза, білімді, жігерлі жандардың бейнесін кейінгі ұрпаққа үлгі етіп ұсынады. ...Ол туралы көптеген замандас қаламдастары естелік әңгімелер, очерк, балладалар қалдырған десек те, негізінен, Саттардың өзі хақында өз шығармалары сөйлеп тұратыны аян. Бұл да болса қаламгердің алдына қойған өз мақсатының айқындылығын көрсетсе керек. Сөз соңында айтарымыз, «Мен өлемін алтын күннің шығуына қарамай» деп жырлаған Саттар Ерубаевтың балаң жүрегі бәрібір өмірге ғашық еді. Оның кез-келген шығармасын оқысақ та, өмірдің қызу тіршілігі, керім сәттері, қызықты шақтары суреттеліп, сол арқылы өзінің де, өзгенің де санасына сенім, рахат сезім сыйлай білетіндігімен бөлекше. Яки, сол тұрғыдан алғанда шынында өлді деуге симайтын ұғымға айналып үлгерген Саттар есімі мәңгі жас болып жасай бермек. Ол, әу бастан-ақ, «Мәңгілік өмір» мен өлімін де мойындатып қойған талант еді... Бүгінде ел жүрегінен орын алған, туғанына жүз жыл толып отырған көрнекті қаламгер жайлы ойымды мына бір өлең жолдарымен аяқтағанды жөн көрдім: Кеткен еді келместің кемесімен, Шығармайды алайда ел есінен. Бар қазақтың бағына туған бала, Бір ғасырдың қарайды төбесінен!

Жанғазы АХМЕТ, «Ақ жол».

Ұқсас жаңалықтар