«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Инвесторлардың еңбегі ел игілігі үшін...

Инвесторлардың еңбегі ел игілігі үшін...
ашық дереккөз
Инвесторлардың еңбегі ел игілігі үшін...
Облыстың қолайлы инвестициялық имиджін арттыру мен экономикасының перспективалы салаларында инвестициялық ынтымақтастықты одан әрі дамытуды көздеген «Zhambyl Investment and Economic Forum – 2023» инвестициялық форумының бір саласы – ауыл шаруашылығына арналды. Осы іс-шара аясында аймақтағы іргелі кәсіпорындардың жұмысы таныстырылды. Оған облыс әкімінің орынбасары Қанатбек Мәдібек пен Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы вице-министрі Әбілхайыр Тамабек қатысты. Форумда ауыл шаруашылығы құрылымы бойынша бірнеше нысан жұмысы көрсетілді. Атап айтсақ, қонақтар Қордай ауданындағы «GreenwiII» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жылыжай кешені, Меркі ауданындағы «Мыхан Орда» ЖШС жаңбырлатып суару технологиясы, «Жеміс-жидек» серіктестігінің құлпынай алқабы мен «Ар-Ас» шаруа қожалығының «Тау қымыз» өнімін шығаратын цехтың жұмыстарымен танысты. Бұл жобалардың бірқатары шетелдік компаниялармен бірлесе жұмыс істеуде. Соның бірі – Қордайдағы «GreenwiII» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жылыжай кешені. 2015 жылы Оңтүстік Корея технологиясымен іске қосылған жобаның жалпы құны 2 313,7 миллион теңгені құрайды. 4 гектар аумаққа орналастырылған жылыжайдағы гидропониканың әрбір гектарынан орта есеппен 700-800 тоннаға дейін қызанақ пен қияр өндірілсе, 0,5 гектар аквапоникада жылына 60 тонна салат жапырақтары өсірілуде. Мұнда 40 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Ал, «Мыхан Орда» серіктестігінің өз қаражаты есебінен іске асырылып жатқан жобасының жалпы құны 228,4 миллион теңгені құрайды. Агроқұрылым 792 гектар алқапқа жаңбырлатып суару технологиясын енгізген. Бүгінгі таңда оның 400 гектарына қант қызылшасы отырғызылса, 392 гектарына жоңышқа тұқымы себілген. «Мыхан» шаруа қожалығының егіс алқабы басында өткен форумға Қырғыз, Қытай, Корей, Түрік елдерінен келген ірі компанияларының өкілдері қатысты. – Биыл аймақта қант қызылшасы алқабын екі есеге ұлғайтып, 10 400 гектарға жеткізу жоспарланған. Бүгінгі таңда Байзақ, Жамбыл, Қордай, Меркі, Т.Рысқұлов, Талас, Шу аудандарындағы 121 шаруа қожалық 5 мың гектардан астам жерге тәтті түбір отырғызды. Жалпы, биыл қант зауытына өңдеуге тапсырылатын 323 мың тонна қант қызылшасын субсидиялау көзделіп отыр. Оған бюджеттен 8 миллиард теңге қарастырылған. Айта кету керек, өткен жылы қант қызылшасы өнімінің сатып алу бағасы тоннасына 30 мың теңгені құраса, ағымдағы жылы баға 40 мың теңгеге жетіп отыр. Яғни, қант зауыты қызылшаның әр тоннасына 15 мың теңге төлесе, мемлекеттік қолдау 25 мың теңгені құрайды, – дейді облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұрби Жігітеков. «Жеміс-жидек» серіктестігі де биыл 10 гектар алқапқа «Альбион» сортты құлпынай дақылын орналастырған. Польшалық «Arno Group» компаниясының инженерлік сүйемелдеуімен іске асырылып жатқан жобаның жалпы құны 90 миллион теңгені құрайды. Жылына 200 тонна өнім жинауды жоспарлап отырған серіктестікте 50 адам жұмысқа тартылған. Серіктестік директоры Батыржан Қожайбай алдағы уақытта шаруашылықты кеңейтіп, жұмысшы санын 500-ге дейін жеткізуді көздеп отырғанын айтты. 1998 жылдан бері асыл тұқымды жылқы шаруашылығымен айналысып келе жатқан «Ар-Ас» шаруа қожалығы өткен жылы 125 тонна «Тау қымызы» атауымен қымыз өндірген. Жылына 182 тонна өнім өндіретін қожалықта бүгінгі таңда 400 бас бие бар. Оның 200 басы сауылуда. Қожалық 30 адамды тұрақты жұмыс орнымен қамтыған. Кездесуде шаруашылық басшысы Германиядан әкелінген заманауи технологияларын таныстырды. 1,5 тонна бие сүтін бір мезетте өңдеп, суытып шығаратын құрылғылар облыс бойынша қолданыста жоқ. Өндірілген қымыз арша бұтақтарымен ысталып, арнайы бөтелкелерге құйылып, еліміздің түкпір-түкпіріне жіберілуде. Шаруашылық басшысы Мақсұт Несіпбаев нарыққа шығаруда еш қиыншылық болмағанын айтты. Форум аясында Байзақ ауданындағы «Алель-Агро» акционерлік қоғамының құрама жем зауыты да таныстырылып, ашылу салтанаты өтті. Зауыттың ашылуына облыс әкімі Нұржан Нұржігітов, Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы вице-министрі Әбілхайыр Тамабек, Қырғыз Республикасы, Талас облысының губернаторы Нұрлан Дарынов, «Алель Агро» акционерлік қоғамының бас директоры Ерік Ахметбекұлы және ауыл шаруашылығы саласының ардагері Амангелді Кәрентаев қатысты. «Алель-Агро» акционерлік қоғамының құс фабрикасында өндірілетін өнімді көбейту және бағасының қолжетімді болуын қамтамасыз ету мақсатында іске қосылған зауыт жылына 96 мың тонна жем өндіреді. – Қазіргі таңда облыстың ауыл шаруашылығы саласында бірқатар шетелдік компаниялармен бірлескен жобалар жүзеге асырылуда. Аймақта егін егіп, мал өсірумен қатар құс шаруашылығын дамытудың да мүмкіншілігі жоғары. Осы орайда, құс еті өнімін арттыру және бағасының қолжетімді болуын қамтамасыз ету үшін бүгінгі ашылып отырған «Алель Агро» акционерлік қоғамының құс фабрикасында жылына 100 мың тоннаға жуық жем өндіретін зауыттың болашағы зор десек, қателеспейміз. Айталық, облыста 2019-2021 жылдары 4 ірі құс фермаларымен 15,4 мың тонна құс еті өндіріліп, 2022 жылы қосымша «Алель Агро» акционерлік қоғамының құс фабрикасы құрылды. Алдағы жылдары да бұл бағыттағы жұмыстар жалғасып, кәсіпорындар ашу көзделген. 2026 жылға қарай құс етін өндіру көлемін 15,4 мың тоннадан 70 мың тоннаға дейін арттыру жоспарлануда. Осылайша өз-өзімізді құс етімен қамту мәселесі шешіледі деп күтілуде, – деді Нұржан Нұржігітов. Сондай-ақ, өңір басшысы құс шаруашылығын дамыту өңіріміздің әлеуметтік-экономикалық жағдайын көтеруге айтарлықтай серпін беретінін атап өтті. Зауыт толық қуатында жұмыс істегенде ішкі нарықты толығымен қамтитын болады. Ал, Ауыл шаруашылығы вице-министрі Әбілхайыр Тамабек инвестициялық форум аясында шетелдік және еліміздің әр өңірінен келген қонақтар облыста атқарылып жатқан ауқымды жұмыстармен танысып, өзара тәжірибе алмасып жатқанын баса айтты. Сонымен қатар, ол шикізаттан терең өңдеуге көшудің маңыздылығына тоқталып, құрама жем өндіруге мемлекет тарапынан 25 пайыз субсидия қаралғанын жеткізіп, бұл бағытта басқа да қолдаулар қарастырылатынын жеткізді. Сондай-ақ, Қырғыз Республикасы Талас облысының губернаторы Нұрлан Дарынов, «Алель Агро» акционерлік қоғамының бас директоры Ерік Ахметбекұлы және ауыл шаруашылығы саласының ардагері Амангелді Кәрентаев та форумның ауқымдылығы мен ұтымды тұстарына тоқталып, жаңа зауыттың жұмысына сәттілік тіледі.

Марат ҚҰЛИБАЕВ

Қордай, Меркі және Байзақ аудандары

Суреттерді түсірген

Ақәділ РЫСМАХАН.

   

Ұқсас жаңалықтар