Қоғамдық көліктер жаңарып келеді
Қоғамдық көлік қызметінің сапасын арттыру мақсатында 23 жаңа қоғамдық көлік пайдалануға берілді. Облыс әкімі Нұржан Нұржігітовтің қатысуымен Тараз қаласындағы орталық алаңда жаңа автобустардың кілтін тапсыру іс-шарасы өтті. Қала аумағындағы тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыру мақсатында «№1 Тараз автобус паркі» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне 20 бірлік «Zhong Tong» маркалы автобустар жеткізілді. Ұзындығы 8,5 метрді, жалпы сыйымдылығы кемінде 55 адамды құрайтын бұл көліктер №11, 46, 28, 55 бағыттары бойынша тұрғындарға қызмет көрсетеді. Сонымен қатар, «ӘулиеатаТрансПасс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі тарапынан алынған 3 бірлік «Zhong Tong» маркалы автобустар №19 бағытқа қосымша қатынайды. Аталған бағыттағы көліктер саны 13 бірліктен 16 бірлікке артып, жүру жиілігі 14 минуттан 10 минутқа қысқармақ. – Облыс орталығындағы қоғамдық көліктердің жетіспеушілігіне қатысты мәселені субсидия арқылы шешу қолға алынуда. Ол үшін бюджеттен 2 миллиард 200 мың теңге көлемінде қаржы қаралды. Біз жыл сайын 70-100 жаңа автобус алу керекпіз. Алдағы үш жылда қоғамдық көліктер паркін жаңалап, жаңа бағыттармен шалғай тұрғын алқаптарды қамтуға тиіспіз. Қоғамдық көліктер үшін жанар-жағармай бағасын тұрақтандыру бойынша да жұмыстар атқарылуда, – деді облыс әкімі Нұржан Нұржігітов.
Жолаушылар көлігі тасымалын жандандыру, жетілдіру және де тұрғындарды жолаушы көлігімен толық қамтамасыз ету мақсатында 2023-2025 жылдарға арналған іс-шаралар жоспары әзірленген. Соған сәйкес, жыл сайын қалаға 70 жаңа автобус жеткізу жоспарлануда.
– Бүгінгі таңда қалада 9 тасымалдаушы мекеме бар. Барлығы 35 бағыт бойынша қызмет көрсетеді. Қалаға күнделікті 350 автобус шығады. Бүгінгі таңда бұл жеткіліксіз. Қосымша сұраныс бойынша 15 жаңа маршрут ашылуы қажет. Сонда 350 көліктің 30 пайызы жаңарады. Осы бағытта жұмыс атқарылып жатыр. Мемлекет тарапынан «Даму» қоры арқылы жеңілдетілген несие арқылы алынды. Банктің пайыздық мөлшердегі үстемақысы 23 пайыз болатын болса, оның 15 пайызын мемлекет өз мойнына алып отыр. Қалған 8 пайызын кәсіпкер төлейді. Бұл мемлекет тарапынан үлкен қолдау. Алдағы уақытта 25 автобусқа тағы да тапсырыс беріледі. Осылайша, аталған мәселе бүгінде оң шешімін тауып келеді, – деді қала әкімі Бақытжан Орынбеков.
Автопарктердегі жылжымалы құрамдарды жаңарту жұмыстары бойынша 2019 жылдан бастап жалпы 154 бірлік автобус жеткізілген. Сондай-ақ, өткен жылдың мамыр айында «ӘулиеатаТрансПасс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі үлкен сыйымдылықты «ZHONG TONG» маркалы 20 бірлік автобус сатып алып, ескірген автобустарды алмастырған болатын. Ал, «Smart City Servise» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі арқылы («City Bus») 10 бірлік отандық «Golden Dragon» маркалы автобустарын, «ТаразТрансМоторс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 7 бірлік ПАЗ маркалы автобустарды алып келіп, іске қосқан.
Алдағы 3 жыл көлемінде 120 аялдама орнату, аялдамаларға 90 бірлік жарық диодты цифрлық таблолар орнату, кемінде 200 бірлік автобустар сатып алу, жаңа 15 жолаушылар бағыттарын ашу, күнделікті қызмет көрсететін автобустар санын 460-қа дейін арттыру көзделуде. Осы мақсатта «СапарТранс-2012» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі тарапынан кемінде 10 бірлік Yutong маркалы автобустарды қыркүйек айында жеткізу қолға алынса, «ӘулиеатаТрансПасс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі тарапынан жыл аяғына дейін қосымша 25 бірлік автобус жеткізу жоспарланып, «City Bus» жауапкершілігі шектеулі серіктестігімен 60 бірлік автобус жеткізуге қатысты меморандум жасалған. Аталған автобустар 3 жылдық жоспарға сәйкес жаңадан ашылатын бағыттарға қызмет көрсететін болады.
– Былтыр 20, биыл 3 көлік алып келдік. Осы жылдың аяғына дейін тағы да 25 көлік алып келсек деген жоспарымыз бар. Қазіргі таңда салыстырмалы түрде айтар болсақ, 85 пайыз автокөліктеріміз жаңа. Осы күз айында 30 бағыттағы көліктерді ауыстырсақ, алдағы уақытта сыйымдылығы үлкен көліктермен толықтырылады. Біз өз жүргізушілерімізді жұмысқа аларда үш күндік, б і р апталық ж ә н е о н к ү н д і к 3 с е к ц и я ғ а бөлінген тәжірибеден өткіземіз. Сол уақытта халықпен мәдениетті сөйлесуге, қарым-қатынасын дұрыс бағыттауды үйретеміз. Қазіргі жол жүру құны 85 теңге, ал қоғамдық көлікті жаңартуға бұл қаржы жетпейтіні белгілі. Негізі әр адамға 200-250 теңге төленсе, дұрыс болар еді, – деді «ӘулиеатаТрансПасс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Рашид Пірманов.
Сондай-ақ, облыс әкімі Нұржан Нұржігітов «Жасыл Ел-Тараз» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне жаңа техникаларды салтанатты жағдайда тапсырды.
Серіктестіктің қала тазалығына қосып келе жатқан үлесі зор. Атап айтсақ, қаладағы тұрмыстық қатты қалдықтарды шығару, саябақтар мен скверлерді, гүл бақтарын, жаяу жүргінші жолдарын күтіп ұстау, қыс мезгілінде қардан тазалау, мұз қатпау үшін жолдарға құм, тұз себу және тал егу жұмыстары атқарылады. Осы жұмыстарды үздіксіз, уақтылы әрі сапалы орындау мақсатында Тараз қаласының әкімдігі тарапынан «Заңды тұлғалардың жарғылық капиталын қалыптастыру немесе ұлғайту» мақсатында құны 470 132 мың теңгені құрайтын 7 арнайы техника сатып алынды.
Жаңа техникалардың қатарында қалалық жолдарды күтіп ұстау және жүк тасымалдау үшін, жыл бойы пайдалануға арналған 5 бірлік аралас жол машинасы, 1 бірлік қалдықтарды механикаландырылған тиеуге арналған бүйірлік тиегіші бар қоқыс тасушы машина және КАМАЗ-65115 шассиіндегі кран-манипулятор бар.
Өңір басшысы серіктестікке тағы да жаңа техникалар алу бойынша жұмыстар жүргізілетінін атап өтіп, алайда, мекеме тарапынан қаладағы тазалық жұмыстары барынша сапалы орындалу керектігін баса айтты.
Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ
Ұқсас жаңалықтар
Қан қысымының көтерілуі неден пайда болады?
- 26 қараша, 2024
Дәрі тапшылығының алдын алу маңызды
- 26 қараша, 2024
Ақпарат
«Әйелдер көшбасшылығы» тақырыбында семинар өтті
- 28 қараша, 2024
Адвокаттық сауалдан бас тартудың салдары қандай?
- 26 қараша, 2024
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді