Он бес күн түзде...

Он бес күн түзде...
ашық дереккөз
Он бес күн түзде...

Бұрын асфальтта өскен балалардың көбі еңбекке қабілетсіз, тілге шорқақ келеді деген біржақты ұғым қалыптасты. Алайда, мұны азаттықтың арайлап атқан таңы жоққа шығарды. Тәуелсіздік жылдары мектеп табалдырығын аттаған жастардың алды биліктің әр тармағында басшылық қызметтің тұтқасын ұстай бастады. Мемлекеттік тілдің мерейі асқақ болуы үшін де тер төгіп жүрген жастар аз емес. Қалаған мамандықтары бойынша еңбек етіп жүрген жастар қаншама?!

Мақсат та Тараз қаласындағы №8 Төле би атындағы мектеп-гимназияны бітірді. Одан кейін Тараз мемлекеттік университетінің механикалық факультетіне оқуға түсті. 2004 жылы жоғары оқу орнын мұнай-газ мамандығы бойынша тәмамдап, «Амангелді газ» кен орнына жұмысқа тұрады. Алғашқыда газ және газ конденсатын өндіру операторы болып жұмысқа қабылданған ол қазір газ өндіру шебері болып, еңбек етіп жүр.

– Бізге жүктелген міндет – газдың қалыпты ағынын бақылау. Газ кен орнының отыз ұңғысының дұрыс жұмыс істеуін және көгілдір отын қозғалысын жіті қадағалап, орталық газ дайындау қондырғысына қалыпты жетуін бақылап отырамыз. Қандайда бір жұмыстың өзіне тән қиындығы болады. Ал, газ саласында жұмыс істеуде үлкен жауапкершілік пен мол тәжірибе керек. Университеттен алған білімімізді осында еңбекпен ұштастырып жатқан жайымыз бар. Жазы аптап ыстық, қысы қақап тұратын құмды өңірдің ауа райының қолайсыздығы да үлкен төзімділікті қажет етеді. Вахталық әдіспен жұмыс істейтін болғандықтан он бес күн үйде, он бес күн түзде, жұмыста боламыз, – деді Мақсат Мантеев. Жас маманның облыс орталығындағы отбасында Аяжан, Айбек және Әмина есімді бүлдіршін өсіп жатыр. «Жұмыста жүргенде балаларды сағынатын шығарсың?» дедік Мақсатқа. «Әрине, «бала – бауыр етің» дегендей, кім сағынбасын перзентін. Аңсаймын, сағынамын. Әсіресе, жеті айлық қызымды бір иіскегенше асығатыным бар. Алғашқы жылдары жарты ай өтпей қоятындай көрінетін. Қазір еңбектің тайқазанында қайнап жүріп, уақыттың қалай өткенін білмей де қалатын болдық», – деді ол.

Амангелді ӘБІЛ, «Ақ жол».

Талас ауданы.

Суретті түсірген Ақәділ РЫСМАХАН.

Ұқсас жаңалықтар