ЖАНҒА БАТҚАН ЖАНАРМАЙ «ЖЫРЫ»

ЖАНҒА БАТҚАН ЖАНАРМАЙ «ЖЫРЫ»
ашық дереккөз
ЖАНҒА БАТҚАН ЖАНАРМАЙ «ЖЫРЫ»

Партияның облыстық мәслихаттағы фракциясы отырысында қызу талқыланды

Өткен аптада «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының мәжіліс залында партияның облыстық мәслихаттағы депутаттық фракциясының отырысы өтіп, оған фракция депутаттарының түгелге жуығы қатысты. Депутат Гүлсін Орынбаева төрағалық еткен отырыстың күн тәртібінде бес мәселе қаралды. Алдымен облыс әкімдігі энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Мұхтар Төлеулиевтің «Облысымыздың жанар-жағармай материалдарындағы қажеттілігін қамтамасыз етудің өзекті мәселелері туралы» хабарламасы тыңдалды.

Елімізде әзірге Атырау, Павлодар және Шымкент қалаларында ғана мұнай өңдеу зауыттарының жұмыс істеп тұрғанын айтып өткен ол Жамбыл жұртшылығына жанармайдың негізінен Шымкенттен тасымалданатынын тілге тиек ете келе, биылғы халықты әбден зәрезап қылған бензин «қыжылы» мәселесін де айналып өтпеді. – Соңғы бес ай мерзімде көрші Ресейде бензин бағасының көтеріліп кетуі себебінен (теңгеге шаққанда 160 тг/л) ол елден 30-40 пайыз жанармай көлемі келмей қалды. Облысымызға Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінен ай сайын арзандатылған бағамен бөлінетін жанар-жағармай көлемінің өзі де тым азайып кетті. Бағаның қымбаттығы себебінен көрші Ресей елінен жеке кәсіпкерлердің жанармай жеткізе алмауы елімізде тапшылықты тудырды. Бұдан басқа облысқа белгіленген ірі ресурс ұстаушы компаниялардың өзі уақтылы мұнай өнімдерін жеткізе алмады. Атап айтқанда қараша айында СНПС «АйДанМұнай» ЖШС-на 100 пайыз ақшасы төленіп 750 тонна АИ-80 бензинді операторлар белгісіз себептермен ала алмай отыр. Өткен айларда да осындай жағдайлар орын алып тұрды. Бұдан басқа «Қазмұнайгаз» ЖШС-нан баға айырмашылығын төлеп, Ресей елінен алдырылған бензин облысқа келген жоқ, – деді. Дегенмен, депутаттар бұл мәселе төңірегінде пікірлерін білдіріп, тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін таппақ болғанымен, басқарма басшысы бұл төңіректегі көп мәселе жоғарыдан шешілетінін ашып айтты. Өйткені, бұдан ұққанымыз бұл мәселемен Үкімет тікелей айналысып жатқандықтан жергілікті билік тек сұраныс хат жолдаумен ғана шектеледі екен. Ал, ондағы өтініштердің ескерілу-ескерілмеуі Астанаға тәуелді. Бастысы, облыстың кейбір аудандарында тапшылық фактілері орын алып, жұрт тарапынан наразылықтың туындағаны анық. Ең қиыны АИ-80 маркалы бензиннің мүлдем келмей қалуынан халыққа қызмет ететін көптеген әлеуметтік нысандардың көліктері де қаңтарылып тұрып қалғанын М.Төлеулиев өз хабарламасында атап өтті. Бұл жағдай аталған маркалы жанармайдың талонмен ғана берілуіне әкеліп соқтырды. Ол өз кезегінде көлік иелерін ары да бері сабылтып, жанармай бекеттерін аралаттырып қойған еді. Оның үстіне «Қазмұнайгаз», «Гелиос», «Синойл» сынды ірі компаниялардың облысымыздың Жуалы, Талас, Сарысу, Мойынқұм аудандарында операторларының болмауынан ол компаниялар бөліп жатқан жанармайдан аталған аудандар қағылып жатқан көрінеді. – Сондықтан аталған аудандарда мұнай өнімдері тапшылығы туындап тұр. Осы айтылған жағдайға байланысты, Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігіне ағымдағы жылы 18 қарашада біздің басқарманың, 21 қарашада облыс әкімдігі атынан қосымша көлемде жанармай бөлу туралы сұраныс хаттар жолданды. Алайда, әзірге министрлік тарапынан ешқандай көмек болмай тұр, – дейді Мұхтар Төлеулиев. Қалай болған күнде де басқарма басшысы қазір облыста қызмет көрсетіп жатқан 304 жанармай бекетінде бағалардың тұрақты екенін атап өтті. Сөз соңында фракция мүшелерінен осы мәселеге қатысты түйткілдерді шешуде өз тараптарынан ықпал жасауларын да сұранды. Сондай-ақ, «Нұр Отан» партиясы Сайлауалды тұғырнамасының аймақта орындалу барысын бақылауға құрылған Шағын және орта кәсіпкерлікті қолдау бойынша сарапшы топтың жетекшісі, облыстық мәслихат депутаты Бақтияр Алдашов, әйелдерді қолдау бойынша сарапшы топтың жетекшісі Гүлдара Нұрымова, облыс әкімдігі жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Жорабек Баубековтің де өз салаларына қатысты жұмыстарының қорытындылары тыңдалып, ол бағытта да қызу пікір алмасулар болды. Жиын соңында күн тәртібінде қаралған мәселелер бойынша фракция отырысының қаулылары қабылданып, олардың орындалу барысы депутаттық фракция төрағасының орынбасары Гүлсін Орынбаеваға жүктелді.

Жасұлан СЕЙІЛХАНОВ,  «Ақ жол».

Ұқсас жаңалықтар