Жастар акциясы қала тұрғындарының көңілінен шықты
Тұңғыш Президент күні – бодандық бұғауынан сытылып, бостандыққа батыл қадам басқан барша отандасымыздың тарихи таңдау күні. Бұл – ел болып еңсе көтерудің, ұлт болып ұйысудың күні. Бұл – сындарлы жылдарда туған елін кемеңгерлікпен кемел келешекке бастаған Елбасын тану күні. Міне, сондықтан да Тұңғыш Президент күнінің төл тарихымызда алар орны ерекше. Осынау мерейлі мереке аясында жер-жерде мәдени- көпшілік, спорттық шаралар ұйымдастырылды. Тараз қалалық мәдениет үйінде өткен «Тәуелсіз елдің көшбасшысы» атты жастар акциясы соның бір дәлелі.
Салтанатты шараны Тараз қаласының әкімі Нұржан Календеров ашып, құттықтау сөз сөйледі.
– Еліміздің тарихи таңдау күні болып саналатын бұл сәтті мен барша қазақстандықтардың Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың төңірегіне топтасу күні деп есептеймін. Осынау күрмеуі көп қиын шақта, өзіне сенім артқан жұртын өркениетке жетелеген және дамыған әлеуетті мемлекеттердің алдыңғы қатарына қоса білген, өзінің мемлекеттік рәміздері бар тәуелсіз еліміздің уығын қадап, шаңырағын көтеріп, іргесін бекіткен Көшбасшымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың ел алдында еңбегі зор. Өткен күндерді бір төбе деп қарасақ, ширек ғасырға жуық Тәуелсіздік жылдары ел мерейін тасытып қана қоймай, халықтың әлеуметтік ахуалының артуы, өңірлердегі инфрақұрылымдардың қалыптасуы, заман талабына сай әлеуметтік нысандардың бой көтеруі – Нұрсұлтан Әбішұлының сарабдал саясатының арқасы. Небәрі жиырма үш жылдың ішінде дархан даламызда бұрын-соңды болмаған жаңа мемлекет – Тәуелсіз Қазақстан елі көш түзеді. Елбасының кемеңгерлігімен бой түзеген ару Астанамыз бүгінгі күні әлем алпауыттарының бас қосып, түйткілді мәселелерін бейбіт жолмен шешетін ең бір бітімгер шаһарға айналды. Сол бір қиын-қыстау заманда осындай ұлан-ғайыр мемлекет орнатуда, Елбасының ерен еңбегі келешек ұрпаққа үлгі болатыны сөзсіз. Бүгінгі күн – бәсекелестік заманы. Сондықтан да, Елбасы жастарға еліміздің жаңа даму жолында аянбай еңбек етіп, ғылым мен білімнің шыңына жетіп, дүниедегі ең озық технологияларды үйреніп, өркениетті отыз елдің қатарына ену міндетін қойды. Осыған орай, біздің ел жастарының білімі терең, парасаты кең, мемлекет басқару ісіне жетік, өндірісті жандандыра алатын, патриоттық рухы асқақ болуы керек. Отан үшін жанын беретін жастарымыз көп болса, Мәңгілік еліміздің болашағы тереңге тамыр жаятыны сөзсіз,-деді өзінің сөзінде Н.Календеров. Қала әкімі сонымен қатар әралуан салада жетістікке жетіп жүрген шығармашыл жастарға өзінің дәстүрлі сыйақысын салтанатты түрде тапсырды. «Жас ақын» аталымы бойынша М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің студенті Айбек Қадырәлиев марапатталса, «Жас спортшы» аталымы Тараз гуманитарлық-техникалық колледжінің студенті Арайлым Шегеноваға бұйырды. «Дос Тараз» қоғамдық бірлестігінің белсенді мүшесі Дания Доминова «Жігерлі жас» аталымына лайық деп танылды. №45 қазақ классикалық гимназиясының 11-сынып оқушысы Мәдина Жақсылық «Жас көшбасшы», М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің «Патенттер және метрология» секторының меңгерушісі Нұржан Жоламанов «Жас ғалым» аталымдарының иегері атанды. Ал әріптесіміз, «Ақ жол» газетінің бөлім меңгерушісі Тұрсынбек Сұлтанбеков «Жас қаламгер» аталымын жеңіп алды. Сол сияқты облыстық балалар ауруханасының хирург-дәрігері Сейдахмет Шыныбековке «Жас дәрігер» аталымы табыс етілді. Жеңімпаздарға арнайы дипломдар мен ақшалай сыйлықтар тапсырылды. Мерекелік шара барысында оқу озаттары, мектеп белсенділері, халықаралық интеллектуалдық олимпиада иегерлері, республикалық, облыстық және қалалық олимпиадалар мен байқаулардың жеңімпаздары бірыңғай «Жас Ұлан» балалар мен жасөспірімдер ұйымының қатарына қабылданды. Жастар акциясы ары қарай концерттік бағдарламаға ұласты. Өнерлі жастар патриоттық рухтағы әндерді шырқап, Тәуелсіздік, Отан, Астана тақырыптарындағы жүрекжарды өлеңдерін тебірене оқыды. Мерекелік шаралар осы күні кешкісін Тұңғыш Президент атындағы саябақта жарасымды жалғасын тапты. Мұнда да әуезді ән шырқалып, жырдан шашу шашылды. Шаһар күй күмбіріне бөленді. Мерекеге жиылған жұртшылық «Тәуелсіздігіміз тұғырлы болып, еліміз өркендей берсін! Халқымызды бүгінгідей биік белеске көтерген Елбасымыз аман болсын!» деген тәтті тілектермен тарасты.
Шынар Сағиева, «Ақ жол».
Ұқсас жаңалықтар
Аманат жүгі абыройға бастайды
- 19 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді