Тараз қаласының «тақиясына» тар келе ме?
Заманға сай зәулім ғимараттар, заңғар үйлер, зау биік нысандар...
Бүгінде мұндай көз сүйсінетін көрікті сәулет туындыларын көру үшін мұхит асып Нью-Йорк, Дубай, Шанхай шаһарларына барудың қажеті жоқ. Астана мен Алматы қаласында-ақ «әп бәрекелді!» дегізетін биік те, сұлу үйлерді көптеп кездестіресіз. Ал, Тараз қаласында олар неге жоқ? Көк желекке оранған көркем қала көшелерінің бойындағы жапырайған, жатаған үйлер қашанға дейін мұрты бұзылмай тұра береді? Арыға бармай-ақ, іргеміздегі Шымкент сияқты қалалардағы көпқабатты тұрғын үйлер мен басқа да түрлі зәулім нысандар шаһардың көркін көрген жанды тамсандырып, ажарын ашумен қатар, баспана мәселесін шешу мен қарқынды құрылыс жұмысы арқылы халықты жұмыспен қамтуда, сондай-ақ жергілікті бюджет қоржынын толтыруда үлкен септігін тигізуде. Бұл жерде «көпқабатты» үйлер немесе «зәулім» нысандар деп Тараз қаласындағыдай негізінен бес қабаттан тұратын үйлерді айтып отырғанымыз жоқ. Үлкен қалалардағы 10-15 қабат, тіпті 20 қабаттан асатын тұрғын үйлері бой түзеген, қарасаң көркіне көз тоймайтын әртүрлі зәулім ғимараттарды меңзеп отырмыз. Тараз қаласын туризм орталығына айналдырамыз десек, бір қабатты можантопай мейрамханалар «шеруінен» бас тартып, 10-15-20 қабаттан тұратын тұрғын үй, шағын және орта бизнес нысандарын ашуды қолға алу керек емес пе? Бұл пікірді неге ортаға салып отырмыз? Қараңыздаршы, басқа көшелерді айтпағанның өзінде қаланы қақ жарып өтетін Абай және Жамбыл даңғылы бойында жатаған там-жеке үйлер мен бір қабаттан ғана тұратын тойхана, кафе, дүкен, тағы басқа кәсіпкерлік нысандары жетіп артылады. Егер осы даңғылдардың және қаланың басқа да орталық көшелерінің бойынан 10-15 қабаттан тұратын тұрғын үйлер салынып, бірнеше қабаттарынан думанхана, халыққа қызмет көрсететін орындар ашылып жатса, қала бірден оңды, өркениетті өзгеріске ұшырамас па еді? Бұл баспанаға зәру жандарды тұрғын үймен қамтамасыз етудің түйткілді түйінін де тарқатып, кәсіпкердің шығыны жыл аралатып орнына келіп,табысқа кенелер еді. Мәселен, 1-2-3-4 қабаттарға түрлі шағын және орта бизнес нысандарын ашып тастап, жоғары қабаттарын қонақ үй ретінде ұсынса да ұтылмайды. Ертең ежелгі Тараз қаласының орны туризм орталығына айналып, оған қазақ елінің әр қиырынан, алыс-жақын шет елден келетін туристер «маңдайынан шертіп жүріп» қонақ үй таңдайды. Сонда барлық жағдайын жасап қойған кәсіпкердің мерейі үстем болып шыға келері хақ. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына биылғы Жолдауында да кәсіпкерлік саласын назардан тыс қалдырған жоқ. Үкімет пен тиісті министрліктерге және жергілікті әкімдіктерге бұл салаға мейлінше қамқор болуды тағы да міндеттеді. Мысалы, «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» атты Жолдауында «Шағын және орта орта бизнес пен іскерлік белсенділікті қолдау бойынша жұмысты жалғастыру қажет» деп атап көрсетті. Сондықтан да қалалық әкімдік замана сәулет өнеріне толық жауап беретін зәулім кәсіпкерлік нысандарын саламыз деген кәсіпкерлерге заң талаптарына сай жер бөліп, инфрақұрылыммен қамтамасыз ету жұмыстарына қолұшын беру керек деп ойлаймыз. Мемлекет тарапынан жасалып жатқан нақты қамқорлықтың арқасында өңірде қалталы кәсіпкерлердің саны жыл санап артып жатқанын ескерсек, бұл іске асатын шаруа. Қазір өз бетінше тірлік жасаймын деген азаматтар да аз емес. Қала орталығындағы жеке үйлердің бағасы мықтағанда 100-150 мың АҚШ доллары дейік, мейлі орналасқан жеріне, сәулеті мен салынған жылына қарай 200 мың доллар болсын, оны сатып алған қалталы азамат оны түгелдей бұзып тастап орнына біз айтқандай 10-15 қабаттан тұратын нысан салса ешқашан ұтылмайды. Мұны шағын және орта бизнес саласында жүрген азаматтар жақсы біледі. Алайда, біле тұра тәуекелге бара бермейді. Осы жерде Алматы қаласындағы көк тіреген тұрғын үйлер мен түрлі нысандарды көріп, ару қаланың ажарын айшықтап жатқанына қызығасың. Тіпті, мына Шымкент қаласында да осындай зәулім үйлер мен түрлі нысандар жыл сайын қанатын кеңге жайып, көршілеріміздің мерейін асқақтата түсуде. Рас, Тараз қаласы сейсмологиялық қауіпті аймаққа жатады. Сейсмологтардың мәліметі бойынша облыс орталығында 8 баллға дейін жер сілкінісі қаупі бар. Алайда, біздің облыс орталығымен бір «қызыл сызықтың» бойында орналасқан Алматы мен Шымкент қалалары да ештеңеден үрікпей зәулім ғимараттар құрылысын қарқынды жүргізіп жатыр емес пе? Баяғыда Алматы қаласы Верный аталған тұста жойқын жер сілкінісі болып, қала үйлері қирап қалды. Бірақ, ол заманда ағаштан немесе шымнан салынған жатаған үйлер еді. Ташкентті де дүлей зілзала жартылай тып-типыл етті. Өзбек ағайындар кеңес одағының арқасында астаналарын бұрынғыдан да жайнатып, бұрынғыдан да зәулім ғимараттар тұрғызып алды. Оның үстіне қазіргі құрылыс салу технологиясының қарыштап өскен заманында он, жиырма қабатты үйлер салу ойыншық болып қалған жоқ па? Құрылысты жобалаушылар бар, сейсмологтар бар үйдің немесе бизнес нысандарының қанша балл жер сілкінісіне дейін төтеп бере алатынын дөп басып айтып, құжат жүзінде не жасау қажет екенін көрсетіп бекітіп берсе, құрылысшылар оны технологияға сай темір-бетонмен құрсаулап, жобаға сәйкес салып береді. Бірақ, өкінішке қарай, біздің сәулетшілер көрші қалаларға қарап ой түзер емес. Мысалы, облыс орталығындағы «Арай» тұрғын алқабының 14 гектар жер телімінде 5 қабатты 19 тұрғын үйдің құрылысы аяқталғаннан кейін, «Қолжетімді тұрғын үй-2020» бағдарламасын орындау мақсатында Сүлейменов көшесінің аяғындағы 362,2 гектар тұрғын ауданда
36 пәтерлік тоғыз қабатты 22 үйдің құрылысы жобалануда екен. «Автобекет» аумағындағы 100 гектар жерге 14-ші шағын аудан бой көтереді. Осы шағын ауданнан жобалау жұмыстарына сәйкес 9 қабатты 52 үй салынады деп отыр. Сонымен қатар, Сабалақов және Крупская көшелері қилысынан 362 гектар жердің 22,5 гектар жер телімінен 15-ші шағын аудан ашылып, ол жерде құрылысы басталатын 50 көпқабатты тұрғын үйдің 26-ы 9 қабатты болады екен. Ондағы әр үйде 70 пәтерден болмақ. Тараз қалалық әкімдігінің құрылыс бөлімінің басшысы Нұрбол Қалдыбаев осылай дейді. Тәуелсіздіктің 23 жылын артқа тастадық. Бірақ, біздің сәулетшілер мен құрылысшылар қарқыны әлі 10 қабатты нысандарға жете алмай жатыр. Қала құрылысына басшылық жасайтын азаматтың сөзіне қарағанда 9 қабатты тұрғын үй салу алдағы уақытта қарқын алатын көрінеді. Біздің пайымдауымызша бұл дұрыс сияқты. Қаланың аумағын үлкейте бергенше осындай көпқабатты үйлер бой түзеп жатса, шеткері аймақтарға тартылатын инфрақұрылымдарға жұмсалатын қаржы үнемделеді. Тараздықтардың ары-бері қатынауына да қиындық тумайды. Ал енді ол төбесі көк тіреген бизнес нысанын салу туралы ештеңе айта алмайды. Біздің міндет – қаржысы көп азаматтарға ой салу, жұрт пікірін жеткізу.
Амангелді ӘБІЛ, «Ақ жол».
Ұқсас жаңалықтар
«Салауатты ауыл» қатары көбейіп келеді
- 17 қараша, 2024
Зертханалық диагностика мәселелері зерделенді
- 17 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді