«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Елу – ердің жасы

Елу – ердің жасы
ашық дереккөз
Елу – ердің жасы
Ш.Уәлиханов атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында «Жазушымен бір күн» акциясы аясында «Азамат. Қайраткер. Қаламгер» атты журналист Ерман Әбдиевтің 50 жасқа толуына орай публицистикалық шығармашылық кеші өтті. Оған замандас әріптестері, М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің журналистика факультетінің студенттері мен кітапхана оқырмандары қатысты. Публицист-журналистің қаламынан бүгінге дейін дүниеге келген «Шоқ тілді Шона», «Танымал әннің тарихы», «Нарша деген...», «Серік деген...», «Әзімбек деген...» жинақтары және оның құрастыруымен жарыққа шыққан композитор Мэлс Өзбековтің «Мэлстің музасы», Нарша Қашағанұлының «Бітпейтін кітап», Қаратай Адамбаевтың «Жылдар, ойлар» кітаптары көрмеге қойылған. Кештің ерекшелігі, оны журналист Ерман Қанжанұлының өзі ашып, жүргізді. Қаламгер туралы ардагер журналист, ақын, жазушы Баймаханбет Ахмет толғана айтып, оның публицистикасына тоқталды. Ол «Шонатанушы», «Наршатанушы» деп әріптес інісіне баға бере келіп, «ол – журналист қана емес, тұлғатанушы, өлкетанушы» деп қосты. Сондай-ақ, кеште Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университеті, журналистика және саясаттану факультетінің докторанты Зәуреш Қойгелдиева, «Анаға тағзым» орталығының директоры Эльмира Мырза-Ғали журналистің оқырманға таныс емес тың қырларын қызықты оқиғалармен әңгімелей отырып жеткізді. Сонымен бірге Ерекең туралы естелікпен облыстық тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау және қалпына келтіру дирекциясының директоры Қуаныш Дәурембеков, досы әрі сыныптасы Берік Дадабаев, Тараз теміржол және көлік колледжінің оқу-өндіріс шебері Гүлжан Керменбаева және әріптес інісі Марат Құлибаев бөлісті. Кеште жылы естеліктер мен қызықты оқиғалар айтылып, журналист мамандығының қыры мен сыры жастарға жан-жақты насихатталды.  

Диас МАРАТҰЛЫ,

журналист.

Ұқсас жаңалықтар