Жәрмеңкеде кездескенше...

Жәрмеңкеде кездескенше...
ашық дереккөз
Жәрмеңкеде кездескенше...

жылдың соңғы жәрмеңкесіне 60 миллионға жуық теңгенің өнімі саудаға шығарылды

Желтоқсан айы басталар кезде Таразда тағы бір жәрмеңке ұйымдастырылды. Дегенмен, қар көптен жаумаса да, нағыз қыс күшіне енген шақтағы бұл «базарға» келушілер қарасы бұрынғыдай көп бола қоймады. Оның үстіне қалалықтар мен қала қонақтары үшін жасалған бұл жақсылық биылдыққа осымен тәмамдалатын болған соң ба, бізге сөредегі тауарлар мол болып көрінді. Жәрмеңкеге әдеттегідей Тараз қаласындағы тауар өндірушілермен қатар, Қордай, Талас, Сарысу, Шу, Меркі сынды бес аудан барын алып келіпті. О баста қырықтан астам шатыр орнатылғанымен, жеміс-жидек пен көкөніс саудалаушыларға сол баяғыша қосымша орындарға жайғасуға тура келіпті. 

Ұйымдастырушылардың берген мәліметіне сүйенсек, бұл жолы аудандар мен «Тараз сауда саттық-дайындау компаниясы» ЖШС-ның ауылшаруашылық тауар өндірушілерінің қатысуымен өткізіліп жатқан Тараздағы жәрмеңкеге 110 тонна ауылшаруашылық тауары ұсынылды. Оның ішінде, 12 тонна ет, 4 тонна сүт, 3 тонна кондитерлік, 2 тонна макарон өнімдері, 2 тонна балық, 4 тонна бал, 3 тонна кептірілген жеміс, 80 тоннадан астам көкөніс-бақша және жеміс-жидек өнімдері мен басқа да ауылшаруашылық тауарлары өткерілді. Жалпы, жәрмеңкеге ұсынылған тауардың құны 58,2 миллион теңгені құрайды. Облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Зиятхан Өмірәлиев бізге берген сұхбатында мұндағы бағалар нарықтағыдан 7-8 пайыздан бастап, 20-25 пайыз аралығында төмендетілгенін айтып өтті. – Дәстүрлі ауылшаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі қазан айынан бері өткізіліп келеді. Осы күнге дейін оннан аса мәрте өткізілген жәрмеңкеге қалалықтар бұл жолы да өздерінің ризашылықтарын білдіріп жатыр. Өйткені, мереке қарсаңында облыстың бес ауданынан келген шаруашылықтар тараздықтарға өз өнімдерін ұсынды. Одан бөлек мұнда тауар өндірушілер мен сатушылар үшін де өз тиімділігі қарастырылған. Мәселен, олар біріншіден табыс салығынан босатылса, екіншіден орталық алаңдағы орынға ақы төлемейді. Яғни, бұл жерде алыпсатарлық әркеттер орын алмайды. Сонымен қатар, мұндай жәрмеңкелер аудан орталықтарымен бірге Жаңатас, Қаратау қалаларында да өткізіліп жатыр. Болашақта да ол жақтарда жалғаса береді деген ойдамыз. – Қыс болса қаһарына мініп келеді, мемлекеттік мерекелер де келе жатыр. Соған байланысты жәрмеңке өткізу Тараз қаласында осымен тоқтай ма, әлде жалғаса бере ме? – деп сұрағанымызда басқарма басшысының орынбасары: – Мерекелердің жақындап қалғанын ескеріп, ақылдаса келе осымен доғарайық деген шешімге келгенбіз. Оның үстіне, қала әкімдігінің Орталық алаңды Тәуелсіздің күні, одан әрі Жаңа жыл мерекесіне дайындау туралы да жоспарлары бар екен. Дегенмен, әлі де ақылдасып көреміз, – деген жауап қатты. Молынан әкелінген тауарлардың ішінен ет өнімдері де көбірек көрінді. Оның да өзіндік себебі анық еді. Қыстың қамымен жал мен жаядан, қазы мен қартадан таразыға тартып жатқандар қарасы да аз болмады. Қой еті өткен жолы 900 теңге болған, бұл сенбіде 850 теңгеге түсіріліпті. Жылқы еті – 1150, қазы – 1400, ал, жал 1300 теңгеге саудаланды. Қашан көрсең де алдына қаз-қатар кезек тізіп қоятын картоп бұл жолы 65 теңгеге сатылды. Бұған дейін 60 теңгеден асырылмаған еді. Алайда, 5 теңге айырмашылыққа қарамастан тараздықтар картопты қап-қабымен алды. Естеріңізге сала кетсек, тонна-тонна бұл картоп облыс әкімдігінің тұрақтандыру қорынан бөлінген.

Жасұлан СЕЙІЛХАНОВ, «Ақ жол».

Ұқсас жаңалықтар