Ұлттық жобадан не күтеміз?
Облыстағы 26 мың мұғалімнің тек 445-і ғана «Шебер мұғалім». Аймақта 485 мектеп барын ескерсек, кей мектептерде бұл статустағы мамандар жоқ деген сөз. Қосымша білім беру, ауылдық оқушыларға арналған үйірмелер мәселесі де үмітті ақтамай отыр. Облыс әкімдігінде өткен мәжілісте білім саласына қатысты осы мәселелерге басымдық берілді. Аймақ басшысы Нұржан Нұржігітовтің төрағалығымен өткен басқосуда «Білімді ұлт» сапалы білім беру» ұлттық жобасының орындалу барысы талқыланды. Білім басқармасының басшысы Мейірхан Өмірбектің айтуынша, ұлттық жобада атап көрсетілген 5 негізгі міндеттің 4-еуі, 15 нәтижелі көрсеткіштің 12-сі білім саласына қатысты.
– Ұлттық жобадағы негізгі міндеттердің бірі – ауыл мен қала мектептеріндегі алшақтықты қысқарту. Осы мақсатта кешенді шаралар қабылдануда. Соның бірі – Қазақстанның білім беру жүйесіндегі оқу жетістіктерін бағалау құралдарына білім алушылардың білім жетістіктерінің мониторингісі. Бұған халықаралық зерттеулер жатады.
Осыған сәйкес өткен жылы білім алушылардың білім жетістіктеріне жүргізілген мониторинг нәтижесінде 4-сынып оқушылары – 21,52 балл, 9-сынып оқушылары – 48,5 балл жинап, республикалық көрсеткіштен жоғары болды. Биыл мониторинг сәуір айында өтеді. Оған жалпы мектептердің 25 пайызы қатысады, – деді Мейірхан Азатұлы.
Басқарма басшысының айтуынша, бастауыш сыныптар арасында білім деңгейі бойынша облыстық деңгейден төмен аудандар да бар. Бұл тұрғыда Қордай, Мойынқұм, Талас және Т.Рысқұлов аудандары әлі де көбірек жұмыс істеулері керек.
Аймақта үш ауысымда жұмыс істейтін 4 мектеп бар. Қордай ауданындағы №7 орта мектеп пен Тараз қаласындағы №3 мектеп-лицейдің мәселесі «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында салынатын мектептердің құрылысы есебінен шешімін тапқалы отыр. Ал, Меркі ауданындағы №21, №48 орта мектептердің мәселесі 2024 жылы шешіледі.
Сондай-ақ, Тараз қаласындағы №53, №55 орта мектептердегі орын тапшылығы «Арай» алабындағы 600 орындық жаңа мектеп пайдалануға берілгеннен кейін шешімін табуы мүмкін. Ал, бір бөлігі апатты жағдайда тұрған Шу ауданындағы Ғ.Мұратбаев атындағы мектептің мәселесі әлі күнге дейін шешімін тапқан жоқ. Өйткені, оның спорт зал, асхана, мәжіліс залын соғу үшін жобалау-сметалық құжаттары бастапқыда аудан әкімдігі тарапынан әзірленген. Бұл құжаттар енді ғана мемлекеттік сараптамадан өтуде.
Облыс әкімі кейбір мәселенің шешімі қаржыға келіп тірелетінін айтып, басқарма басшысынан биыл республика және облыстық бюджеттен қанша қаржы қаралғанын сұрады.
– Білім сапасына қатысты бастауыш сынып оқушыларына жүргізілген монтиторинг бойынша республикада 5-ші, ал 9-сынып бойынша 7-орынға түсеміз. Сонда соңғы 5 жылдың ішінде біз білім сапасын қалай жоғалтып алдық? Егер облыстағы педагогтер өз жұмысын «біз 5-орында қалуымыз керек» деген ұстаныммен атқаратын болса, бұлай болмас еді. Не себепті, біз 5 жылдың ішінде нәтижені екі сатыға төмендетіп алдық. Мұны қалай түсінуге болады? Облыстағы мұғалімдердің кәсіби деңгейі, яғни ең жоғары дәреже – «Шебер мұғалімдеріміздің» саны 2 пайызға да жетпейді. Ең бастысы – педагогтердің кәсіби деңгейін көтеруіміз керек. Ал, мынандай көрсеткішпен біз облыстың білім деңгейін қалай көтереміз? Әр мектепте кем дегенде 1 «Шебер мұғалім» болуы керек. Олар ұжымды алға сүйрейді. Қателеспесем, Мойынқұм ауданындағы Мыңарал ауылында 4-5 «Шебер мұғалім» бар. Елді мекен шалғайда орналасса да, ондағы ұстаздардың білімге деген талпынысы жоғары. Біз осындай мектептерді өзгелерге үлгі етуіміз керек, – деді Нұржан Нұржігітов.
Бұдан бөлек, өңір басшысы оқушылардың қатысуымен жасалған қылмыстарды азайту мәселесіне де назар аударды. Осы және басқа да кемшіліктер бойынша тиісті аудан әкімдері мен сала қызметкерлерінен жауап алды.
Ауылдық жерді жоғары жылдамдықтағы интернет желісімен қамтамасыз ету ісіне мән беріп, жауаптыларға мектептерді қажетті құрал- жабдықтармен жабдықтауды тапсырды.
Гүлжан РАХМАН
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді