Рысқұлдың сүйегі ойық ауылында жатыр
1991 жыл еді. Шерағаңның «Қызыл жебесінің» үшінші, төртінші кітабын оқығанмын. Ә дегеннен елең еткізген кітаптағы мына сөздер еді: « – Тұрар, міне әкең... – деді қырық құрақ қаудыр тонды Дәуіт шал. Басындағы түлкі тымақ ескіргені сонша, қотыр мысықтың терісіндей өлі жүні ұйпалақ екен. Тұрар төмпешікке қарап қалт тоқтады. Төмпешік тым жүдеу... Тұрар оларға түнере қарап: – Шыннан әкемдікі ме? Басқа біреудікімен шатастырып тұрған жоқсыздар ма? Белгі қойылмапты ғой әлі, – деді. – О не дегенің жиеншар, – деп Дәуіт қалбалақтап қалды, – Рысқұл жиеннің жатқан жерін ұмытып не көрініпті бізге. Батырды өзіміз ақ жауып, арулап, осы араға жайғастырғанбыз. ...Осыны айтып Тұрардың түп нағашысы мүрденің арғы басына барып, қатқан топырақты саусақтарымен тырмалап жатып, тот басқан темірді ырғап-ырғап суырып алды. – Міне, белгісі. Апыр-ай, мұным қандай ақыл болған! Бұл болмаса, маған сенбейтін түрің бар ғой, Тұрар. Міне, қанжары. Басына әдейі қойғам...» Кітаптан Рысқұлдың Ысты Ойықтың Көкшегөзінің жиені екенін біліп, өзім бас редактор қызметін атқарып отырған газетке «Рысқұлдың сүйегі қайда жатыр?» деген мақала жаздым. Көп уақыт өтпей Дулат Шымырдың азаматтары бірігіп, Ойық, Сейілбек ауылдарының қарияларына жолығып, батыр жатқан жерді тауып, басына құлыптас орнатып, Құран бағыштатқан. Бұл іске жәрдемдескен Сайлау Нүрпейісов деген ілкімді азамат еді дейді білетіндер. Заманның заңғар жазушысы Мұхтар Әуезовтің «Қараш-Қараш оқиғасы» хикаясындағы Бақтығұл – Рысқұлдың Сайсамай болысты атып өлтірген соң он жыл Итжеккенге (Сібірге) айдалып, одан 1916 жылы қашып, Төменгі Талас бойындағы нағашылары Ысты Ойықтың Көкшегөз атасының Жәдігінен тарайтын Дәуіттің (негізгі Дәуіт емес, Байбурадан тарайтын Мырзабай, Желеубай, Изенбайлар болуы мүмкін дейді аққұмдық шежіреші Асан Отаров) үйін паналағаны белгілі. Жақында ғана Ойық ауылына, Сейілбек елді мекеніне атбасын тіредік. Ауылдың іргесіндегі төбешікте қара тілдің шешені Бөлтіріктің күмістенген кесенесі, іргесінде Қарақожа мешіті мен одан сәл төменіректе Рысқұлдың бейіті. Ауылдың қарияларынан сұрастырам ғой баяғы. «Оу, Тұрар Рысқұлдың түп нағашысынан кім бар?». Ешкім білмейді. Сұрауымның мәнісі мынау: «Жігіттің жақсысы нағашыдан» демекші Рысқұлдай батырды, Тұрардай кемеңгерді берген ананың ұрпағы екендіктерін мақтан ете білсе деген ниет. Оның үстіне құлыптастағы қашалып жазылған жазу да көмескіленіпті, күтімсіздіктен қоршаулары да көнергендей. Осыдан 90 жыл бұрын Тұрар көрген бейітті сүреңсіз кейіпке түспесе екен деген тілек. «Шіркін-ай, – дейді ішкі ойым, – Мұхаңның «Қараш-Қараш оқиғасы» хикаясын оқытқанда, я фильмді көргенде ұстазы шәкірттерін ертіп (ауылдың іргесінде тиіп тұр) келіп, «міне, балалар Бақтығұл – Рысқұл, мемлекет пен қоғам қайраткері Тұрардың әкесі осы жерде жатыр» десе қандай ғанибет!». Содан Тұрардың түп нағашыларын іздестірейік. Көкшегөз Жәдіктің дені Аққұм ауылын мекендейді. Онда Асан Отаров деген шежіреші азамат тұрады. Ал, тоқсанға иек артқан көнекөз қарт Қоқымбай Мәндібаев қартайған, үйден шыға алмайды. Асан менің сауалымды құп көріп: – Тұрардың түп нағашыларынан ауылда Желеубай әулеті бар, – деп қалды. Қош. Білгеніміз Рысқұлдың анасының есімі – Қызтимес, Дулат Шілменбет Жылқыайдардың әйелі. Әкесінің аты Мырзабай, Қызтиместің Рысқұлдан басқа ұл-қызы бар-жоғын бір білсе Шерағаң білер. Алып анадан туады демекші, қазақта алыптарды сыйлаған ананың үрім-бұтақтары реті келгенде бауырлығын, жақындығын білдіріп жатса, оның несі айып. Еврей халқы, мысалы анасы еврей қызы болмаса, тегін мойындамайды екен. Оның астарында үлкен мән жатыр. Қалай болғанда да құда мың жылдық демекші, тамырласып, бауырласып жатсаң, қазақтың берекесі кіріп, көне ескерткіштер жетімсіремей, жаңарып тұрмақ. Әйтпесе, қазақтың қабырғалы биі Бөлтірік шешен ағайын-туысын тастап, ата мекені, кіндік қаны тамған Таласқа жетіп, мәңгілік мекенін таппас еді.
Бөлтірік шешен де мәңгілік мекенін осында тапқан...
Көнекөздерден қалған әңгіме. Ойықтың ең кіші ұлы Ауызүсіген, ағайындарына өкпелеп Шу, Балқаш, Іле бойына көшкен. Қазақта: «ағайынның азары болса да, безері жоқ» деген мақал тегін айтылмаған. Жөн білетін ақсақал-абыздары ағайыннан қол үзбеген. Көшті дегені болмаса алты ай жазда төрт ата Ойықтың балалары Шу асып, Арқаны жайлаған, тіпті, қыс қыстаған. Оған Жамбыл, Байғара тауларындағы жайлы қоныстары куә. Ол кезде барымтаның заманы. Бір жорықта шешеннің бел баласы Танабай қапияда қаза тауып, Бөлтекең Талас еліне құн даулай келіпті деседі, білетіндер. Бірақ одан гөрі жасы келіп, күш кеткен соң ата-бабасының жұртын сағынып, осы жерді мәңгілік мекені етуді мұрат еткен бе дерсің. Әйтпесе, алты Алашқа аты мәлім Бөлтекеңді ауылдың атқамінерлері Балқаш бойына жеткізіп жерлер ме еді, кім білсін. Содан тұп-тура екі ғасырға жуық уақыт өткен тұста Бөлтірік бабасының жатқан жеріне зиярат ету үшін 1974 жылы Талас өлкесіне КОКП Орталық Комитетінің Саяси Бюросының мүшесі, Қазақстан Компартиясы Орталық Комитеті бірінші хатшысы Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев келген. – Ол кезде, – дейді еңбек ардагері, Талас ауданының Құрметті азаматы Көшербек Жұманқұлов, – ескілікті қариялар көп. Ойық ауылының Қаратөбесіне он шақты киіз үй тігіліп, ауданның жөн білетін, сөз білетін ақсақалдары шақырылып, Димекең сол кісілермен дидарласып, «Бөлтірік шешен осында жерленген» деген жерді көріп, Құран бағыштатып кетті. Сол кеткеннен кейін Димекең бабасының басына тәу ету үшін 1991 жылы екінші мәрте атбасын бұрды. Ол кезде аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Ералы Дадабаев еді. Ескілікті әңгімені білетіндерден «Бостандық» совхозының директоры қызметін ширек ғасыр атқарған Сейілбек Әбдіұлы бар, біраз ақсақалдар мен ол кісі шешен жатқан жерге барып, Құран бағыштап қайтты. Сол сапарда жиынға аудандық «Талас тынысы» газетінің редакторы қызметін атқарып жүрген менің де барғаным есімде. Ілесе барғанда үлкен кісіден баба басына кесене орнатуға келісімін алды. Көп болып ақылдасып, Сейілбек ауылының шығысындағы төбеден кесенесі салынып, ол жерге шешеннің жатқан жерінен топырақ алынып, 1993 жылы үлкен іс-шара өткені де есімізде. Аяқтыға жол, ауыздыға сөз бермеген Бөлтірік шешеннің кесенесі алғашқы жылдары келімді-кетімді кісілердің тәу ететін орнына айнала бастағанына қуанып жүрдік. Алдыңғы жылы кенеуі кеткен жерін бір кәсіпкердің өз қаражатымен жөндеп жатқанының үстінен түсіп, ішіміз жылып қалған. Жақында жолымыз тағы түсті. Жарықтық кесене жалғызсырап тұрғандай көрінді көзіме. Осындайда барды салып ас беріп, іс-шара өткізгеннен соң, баруды сирексітіп алатынымыз ойға қалдырады. Тағы да ойлаймын: «ұстаздар, – шіркін, оқушыларын қазақтың шешендік өнеріне баулығысы келсе, кесенеге ертіп келіп, жыр сайысын өткізсе ғой» деп. «Жыл сайын қиюы кеткен жеріне жөндеу жұмысын жүргізіп, жұрттың тәу ететін орнына айналдырса деп. Туған жерді сүюдің толайым үлгісін көрсеткен Бөлтірік бабаның кесенесі киелі орынның біріне айналса» деп. «Жыл сайын қоңыр күзде ауданда Бөлтірік апталығы өткізіліп, онда өлеңдер оқылып, шешендік сөздер сайысы өткізіліп, билік туралы байламдардан көріністер көрсетілсе» деп. Үй де соғылар, жолдар да жөнделер, ұялы телефондар да бебеу қағар, теледидарлар да түрлі сериалдармен адам жанын арбар, бірақ біз ұлылардан тағылым алып, халықтық тәрбиенің қазығына байланбасақ, ұлттығымыздан, ұлықтығымыздан бірте-бірте ажырап, санамыз сансырап қалар деп қауіптенеміз. Қазақ тілінің қаймағын қалқу үшін шешендік сөздерді бүгінгі ұрпақтың құлағына құю да бір міндет. Қайран Бөлтірік шешеннің кесенесі сен де тәу етер орынға айналарсың сонда бір.
Ойық-Сейілбек-Аққұм ауылдары,
Сәулембай ӘБСАДЫҚҰЛЫ, «Ақ жол».
Талас ауданы.
Ұқсас жаңалықтар
«Салауатты ауыл» қатары көбейіп келеді
- 17 қараша, 2024
Зертханалық диагностика мәселелері зерделенді
- 17 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді