«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Тарихи қойылымдар керек

Тарихи қойылымдар керек
ашық дереккөз
Тарихи қойылымдар керек

Тұңғыш Президент күніне орай М.Х. Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің Жастар сарайында Қазақстан Театрлар одағының төрағасы, ҚР Халық артисі Тұңғышбай әл-Таразидың «Қазақ театрларындағы патриоттық рухтағы рөлдері» тақырыбында шеберлік дәрісі өтті. 

Су шаруашылығы, экология және құрылыс факультетінің жерге орналастыру және кадастр мен экология кафедраларының ұйымдастыруымен өткен шараға жоғары оқу орнының білімгерлері қатысты. Өңіріміздің мақтанышы, Тараз топырағының біртуар түлегі Тұңғышбай әл-Таразидың дәрісін тыңдауға ниеттес білімгердің қарасы қалың екендігін залға лық толы тыңдармандардан-ақ аңғаруға болады. – Елбасы күніне орай өткізіп отырған бұл шеберлік дәрісіне Тұңғышбай ағаны шақырудағы мақсатымыз негізсіз емес. Олай дейтінім, сонау еліміз тәуелсіздігін жаңа ғана алып, еңсесін тіктеп жатқан тұста, Тұңғышбай әл-Тарази қазақ театрын қайтсек сақтап қаламыз деп аласұрып, еңбек еткендердің бірі. Сондай-ақ, ол театрда да, кинода да қазақ хандарының образын сомдаушы бірден-бір тұлға, – дейді экология кафедрасының аға ұстазы Аманжан Қонқабаева. – Елбасымыз келер жылғы қазақ мемлекеттілігінің 550 жылдығының үлкен көлемде аталып өтілетінін айтты. Бұл әрі-беріден соң тарихымыздың тамырын нықтайтын, ұлан-асыр той болмақ. Мен жуырда ғана Президенттің қабылдауында болғанымда қазіргі таңда театр сахналарында тарихи қойылымдар мүлде сиреп қалғанын тілге тиек етіп, осы жолда еңбек етуімізді тапсырған болатын. Ендігі мүддемізді сол арнаға қарай бұратын боламыз, – деп өз ойын нықтап алған Халық артисі бұдан ары өткен күндер парағын түре отырып, өзінің өнердегі, өмірдегі өнегелі жолдарынан сыр шертті. Жастарға сабақ болсын деген оймен, өзінің бастан кешкен қиын да қызықты сәттерін де әңгімеге арқау етті.

Жанғазы АХМЕТ, «Ақ жол».

Ұқсас жаңалықтар