Жамбылдықтар сайлауға белсенді түрде қатысты

Жамбылдықтар сайлауға белсенді түрде қатысты
ашық дереккөз
Жамбылдықтар сайлауға белсенді түрде қатысты
Еліміздің аса маңызды саяси додасы – ҚР Парламенті Мәжілісінің және жергілікті мәслихаттардың сайлауына әулиеаталық әлеумет белсене қатысты. Оны Тараз қаласындағы бірнеше сайлау учаскесіне барғанда байқадық. Әуелі таңғы сағат 7:10-да No45 сайлау учаскесіне барып, дауыс бердік. Сайлау басталған алғашқы 30 минуттың ішінде-ақ отызға жуық сайлаушы өз таңдауын жасады. Олардың ішінде Кенен Әзірбаев атындағы облыстық филармонияның әншісі, Мәдениет саласының үздігі Маралбек Бабақұлов та бар. «Бүгін – барша қазақстандық тұрғындар өз таңдауын жасайды. Мен де Отанымның болашағы үшін ерте келіп, дауыс бердім. Көршілеріміз бен таныстарымыз да өз учаскелеріне дауыс беруге асығуда. Осы сайлауда таңдалған азаматтардан жақсы қадамдар күтеміз», деді ол. Аталған сайлау учаскесінің төрайымы Гүлнұр Нартаева «Біздің аймақта 2735 сайлаушы бар. Қазір жаңадан басталып жатса да, 50 адам өз таңдауын жасап үлгерді. Оның ішінде үлкен кісілер де, жастар да бар», деді. «Біз таңғы 6:00-ден бақылауға келдік. Бәрі заң аясында, талап бойынша басталып жатыр», дейді «Дауыс» қоғамдық бақылаушылар коалициясы» республикалық қоғамдық бірлестігі облыстық филиалының бақылаушысы Алдаберді Мақашев. Келесі сәтте Тараздағы No50 сайлау учаскесінде болдық. Аталған учаскеге облыс әкімінің орынбасары Қанатбек Мәдібек келіп, өзінің таңдауын жасады. Сондай-ақ, белгілі ғалым, медицина ғылымдарының докторы Сейітхан Жошыбаев, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаев, облыстық мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының басшысы Айтқазы Қарабалаев, облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Ұлана Сламбекова, облыстық кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасының басшысы Аспандияр Сейсебаев дауыс берді. 97 жастағы майдангер, ақын-журналист, Талас ауданының Құрметті азаматы Мүтәліп Ережепбайұлы да бұл сайлаудан тыс қалған жоқ. «Елдің өркендеуі үшін таңдау жасадым. Еліміз аман, әлемде бейбітшілік бола берсін», дейді ақсақал. жұмыстары жүргізілді Аталған учаскеде 2 мыңнан астам сайлаушы болса, олар сайлау барысында белсенділік танытты. Учаскелік комиссия төрайымы Салтанат Төлеу «Дауыс беруші тұрғындардың белсенділігі жоғары. Учаскеміз Әнұранмен ашылған сәттен бастап тоқтаусыз келіп жатыр. Кешке дейін 70 пайызға жуығы таңдау жасайды деп болжап отырмыз», деді. Облыс әкімдігінің ішкі саясат басқармасының мамандары мемлекеттік ұйымдар мен құқық қорғау органдарында бірінші басшыларының дербес жауапкершілігін арттыру, ҚР Мемлекеттік рәміздерін дұрыс пайдалану және қолдану бойынша жұмыс тәжірибесімен бөлісіп, әдістемелік көмек көрсетті.

***

ҚР Парламенті Мәжілісінің және барлық деңгейдегі мәслихаттардың сайлауы бойынша No11 сайлау учаскесінде 2804 сайлаушы және 11 комиссия мүшесі бар.

Ғани Мұратбаев атындағы No17 мектепке келіп, аталған учаске тұрғындары дауыс берді. – Жаңа Қазақстанның жарқын болашағына қадам жасап, сайлауда таңдаған кандидатыма дауыс бердім. Әрбір қазақстандық болашаққа жауапкершілікпен қараса, бұл науқанға бейжай қарамайды деп ойлаймын, – деді 92 жастағы Виктория Комарова. – Үйде дауыс беру мәселесі бойынша мүмкіндігі шектеулі жандардан 7 өтініш түсті. Оларға үйлеріне барып дауыстарын алу үшін комиссия барды. Сағат 12:00-ге дейін 500-ге жуық сайлаушы келді. Мектеп ауласында, Наурыз мерекесіне орай, қазақтың дәстүрлі әндері шырқалып, спорттық, ұлттық ойындар өтті. Және де демеушілердің көмегімен қонақтарға наурыз көже таратылды, – деді аталған сайлау учаскесінің төрағасы Совет Кенесариев. Сайлау барысында ешқандай заңбұзушылық орын алған жоқ.

***

Тараз қаласындағы No11 орта мектепте орналасқан No13 сайлау учаскесінде 1935 сайлаушы тіркелген. Аталған учаскелік сайлау комиссиясының төрайымы Нұрила Қараулованың айтуынша, таңғы сағат 07:00-де басталған сайлауға сағат 11:00-ге дейін 200-ге жуық қала тұрғыны келіп, қалаған партиясы мен кандидаттарына өз дауыстарын берген. Байқаушылар қатарында партиялардан келгендермен бірге кандидаттардың сенімді өкілдері және «Жастар зерттеу» қоғамдық бірлестігі, «Жастар үні» республикалық қоғамдық бірлестігінің өкілдері де бар. – Сайлау басталардан бұрын ертерек келіп, содан бері жауапты саяси науқанның өту барысын бақылап отырмын. Ешқандай заңсыздық, тәртіп бұзушылықты байқаған жоқпын. Кешкі сағат 20:00-де дауыс беру аяқталған соң, берілген дауыстардың саналған сәтін де бақылайтын боламыз. Халық таңдауы әділ шешіледі деген үміттемін, – дейді Қазақстан Халық партиясының байқаушысы Мөлдір Молдахалықова. – Бұл сайлау кандидаттардың белсенді үгіт-насихатымен және Президент айтқан Жаңа Қазақстанға бетбұрған елдің сенімінің жоғарылығымен есте қалары анық. Отбасымызбен таңертең ерте тұрып, дауыс беруге келдік. Болашақтың қамы ғой. Еліміздің ертеңі, ұрпағымыздың қамсыз болашағы үшін өз даусымызды бердік, – деді көпбалалы ана Райма Абдрахманова.

«Aq jol»-дың тілшілер тобы:

Есет ДОСАЛЫ,

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ,

Қамар ҚАРАСАЕВА.

Ұқсас жаңалықтар