Тәуелсіздік пен Тұңғыш Президент – егіз ұғым. Бүгінде кіммен пікірлессеңіз де осылай ой сабақтайды. Шындығында да егемендікке қол жеткізген өткен жылдар ішінде жас мемлекетті қалыптастырып, нығайтқан, дамудың даңғыл жолына бастаған Елбасының еңбегі ерен. Еліміз сындарлы кезеңде сүрінбей, төрткүл дүниенің назарын өзіне аударды. Халқы тату, экономикасы қуатты, даму әлеуеті жоғары елге қызыға да қызғана қарайтындар көбейді.
Мұның бәрі де Ұлт Көшбасшысының туған халқына деген сүйіспеншілігі мен адалдығының, ел басқарудағы кемеңгерлігі мен көрегенділігінің жемісі. Тұңғыш Президент күніне орай облыстық драма театрда өткен «Тәуелсіз Қазақстанның дамуындағы Тұңғыш Президенттің рөлі» тақырыбындағы ғылыми-тәжірибелік конференцияда осы мазмұнды құнды ойлар, пайымды пікірлер айтылды.Салмағы үлкен басқосуға облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев, Астана мен Алматыдан белгілі қоғам және мемлекет қайраткерлері, айтулы ғалымдар, зерделі тарихшылар мен тынысы кең әдебиетшілер, сонымен бірге, облыстық мәслихаттың депутаттары, мемлекеттік органдар, зиялы қауым, этномәдени орталықтар мен үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, жалпы білім беретін мектептердің тарих және әдебиет пәнінің мұғалімдері қатысты.
Конференцияға модераторлық еткен М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің бірінші проректоры Асқар Абдуалы жиынның мән-маңызына тоқтала келе алғашқы сөзді облыс әкімі Кәрім Көкірекбаевқа берді. – Тұңғыш Президент күні – бәріміз үшін ерекше мереке. Бұл тарихи таңдау және Қазақстанның саяси жетістіктерінің күні. Бұл ел тағдырын шешуші кезеңде халықтың қалауы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа түскен күн. Бұл барлық қазақстандықтардың Елбасы-Тұңғыш Президентіміздің төңірегіне топтасу күні. Сондықтан да осы мерекені халық тәуелсіз мемлекетіміздің негізін қалаған Елбасыға деген шексіз құрмет, ерен дамудың даңғыл жолына салып отырған тарихи Ұлы тұлғаға деген ілтипат ретінде қабылдады. Бүгінде еліміз өз Тәуелсіздігінің 23 жылдығын атап өткелі отыр. Осы жылдар ішінде халықтың ой санасы, тұрмыс тіршілігі бүтіндей өзгерді. Қоғамдық құрылысымыз толық өзгеріп, жаңа қоғам, жаңа заман, жаңа болмыс келді. Мемлекетіміз қалыптасып, нығаюда. Экономикамыз жаңаша сипатқа көшті. Еліміз бейбітшілік пен келісімнің, тұрақтылық пен татулықтың киелі ордасына айналды. Әлемнің барлық мемлекеттерімен дипломатиялық қарым-қатынас орнаттық. Түркі ынтымақтастығының құрамына кірдік. Бұрынғы одақтас республикалармен қайта жақындасып, Тәуелсіз Мемлекеттік Достастығын, Орталық Азия елдері одағын, Шанхай ынтымақтастығы Ұйымын ұйымдастыруға ұйытқы болдық. Шекарамыз заңдастырылды, шетел қазақтарын елге шақыру басталды. Осының бәрін де әлем танып, мойындағаны ақиқат. Бұл Елбасымыздың көреген кемеңгерлігінің арқасы. Көп жылдар бойы қазақ халқына азап арқалатқан ядролық сынақ тоқтатылды. Сол арқылы Қазақстан әлемдік қауіпсіздікке зор үлес қосып, теңдессіз өнеге көрсетті. Дүниежүзіндегі бір ғана мемлекет – Қазақстан, бір ғана саяси қайраткер – Нұрсұлтан Назарбаев қана осындай шешімге бара білді. Елбасының тағы бір ерен еңбегінің көрінісі- ел ордамыз Астана. Алтай мен Атыраудың арасындағы қыран ұшса қанаты талатын, құлан жортса тұяғы тозатын алып даланың төсіне ел қондыру, жағалай қонған сол елге мал толтыру, арғы-бергі ата-бабаларымыздың баршасының аңсаған арманы еді. Егемен ел атанып, көк байрағымызды көкте желбіреткеннен кейін Елбасымыз кең-байтақ даламызды ел иесінің, жер киесінің орайлы орналасуын ойластырды. «Бұл мен үшін емес, бұл ел үшін керек. Елдің ертеңі үшін керек. Оның мәнін қазіргі адамдар толық ұғар- ұқпас, бірақ, болашақ ұрпақтар ұғатын болады» деген еді сонда Елбасы. Мұның мәнін қазіргі адамдардың өзі толық ұғып, үлгерді. Бүгінде Елбасы мен Елорда егіз ұғымға айналды. Халқымыз Елорданы Елбасымыздың ерен ерлігі, елінің ертеңін ойлап жасаған ұлы шешімі деп білді. Сол үшін де құрмет тұтады. Міне, сондықтан да Тұңғыш Президент күнін өмір бойы елі мен жерін сүюдің өлшеусіз өнегесін көрсетіп келе жатқан зор тұлғаға деген халықтың шынайы сүйіспеншілігінің айқын көрінісі деп білемін. Қазіргі таңда біз әлем мойындаған ерікті де еркін елміз. Әлемдік өркениет көшінде өзіндік бет-бейнесі, мақтан тұтар мәдениеті, лайықты салт дәстүрі бар елміз. Ұлтымыздың тарихи ескерткішіне кіретін Орхон Енисей жазбаларында, соның ішіндегі Күлтегін ескерткішінде «Халқы бегін, бегі халқын сыйлайтын ел ұзақ жасайды» деген ғибратты сөз бар. Сондықтан Президентіміз үшін мақтанғанымыз – елдігіміз үшін мақтанғанымыз. Бұл мақтаныш – ұлттық мақтаныш,- деді Кәрім Нәсбекұлы. Конференцияда тарих ғылымдарының докторы, Ұлттық ғылым академиясының корреспондент-мүшесі Мәмбет Қойгелдиев «Нұрсұлтан Назарбаевтың реформаторлық қызметі», Назарбаев университетінің «Қазақ тілі мен әдебиеті және мәдениеттану» кафедрасының меңгерушісі, филология ғылымдарының докторы, профессор Гүлтас Құрманбай «Президент: халықтың адал перзенті», «Нұр Отан» партиясының талдау, болжау және әлеуметтік бастамалар орталығының жетекшісі, профессор, академик, философия ғылымдарының докторы Қазбек Қаскенов «Президент Н.Назарбаев: Қазақстан тағдырын айқындаушы» тақырыптарында баяндама жасады. Белгілі жазушы, драматург Елен Әлімжан «Елбасы жолы: дәстүр мен жаңашылдық үйлесімі» тақырыбын кеңінен ашып берді. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің «Қазіргі заманғы Қытайды зерттеу» орталығының директоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор Набижан Мұхаметханұлы «Тұңғыш Президенттің Мәңгілік Ел идеясының тарихи-мәдени негіздері», Сүлеймен Демирел атындағы қазақ-түрік университеті ректорының кеңесшісі, филология ғылымдарының докторы, профессор Дандай Ысқақұлы «Тіл - Мәңгілік Ел идеясының өзегі» тақырыптарында ой қозғады. Ұлттық руханиятты ұлықтау жолындағы тағылымы терең, маңызы зор, мәртебесі биік басқосу осылайша үлкен әсермен қорытындыланды.
Тұрсынбек СҰЛТАНБЕКОВ, «Ақ жол».
Суреттерді түсірген Ақәділ Рысмахан.
Ұқсас жаңалықтар
Халықтық сайлау: тиімділік пен мүмкіндік
- 21 қараша, 2024
Аманат жүгі абыройға бастайды
- 19 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді