Төбем көкке жеткендей болды

Төбем көкке жеткендей болды
ашық дереккөз
Төбем көкке жеткендей болды

12Болатхан КӨПТІЛЕУОВ, «Қазфосфат» ЖШС Минералды тыңайтқыштар зауытының бөлім шебері.

Бұл өмірде бақыт атаулының түрі көп. Мен үшін Елбасымен кездесудің өзі үлкен бақыт саналады. Бұл оқиға менің өмірімдегі үлкен оқиға болып қала бермек. Нақтылай түссем, Астанадағы Тәуелсіздік сарайында «Нұр Отан» партиясының кезектен тыс ХІV съезі өтіп, онда партияның сайлау алдындағы тұғырнамасы мен партиялық тізімі анықталған еді. Оның жұмысына Елбасы, партия Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев қатысып, сөз сөйледі. Одан бөлек, еліміздің әр аймағынан жиналған делегаттардың ішінен бірнеше азаматқа сол жиында жарыссөзге шығу бақыты бұйырды. Сол бақыттың бір иегері ретінде мен де ел алдында, Елбасы алдында өзімнің ішкі толғаныстарым мен тебіреністеріме толы жүрекжарды лебізімді білдірдім. Салтанатты сарайдың мінберінде тұрып: «Мен қарапайым жұмысшымын. Құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы, мен де Сіз сияқты еңбек жолымды өндірістен бастадым. Мінезімді өндіріс шыңдады деп едіңіз бірде. Бізге аз сөйлеу, көп іс тындыру тән. Сіз төрағалық ететін «Нұр Отан» партиясы да нақты іс-қимыл ұйымы екенін сан мәрте дәлелдеп келеді. Кезінде халықтық Тұғырнаманың барлық баптары уақытынан бұрын орындалды. Миллионнан астам отандастарымыз жұмысқа орналасты. Зауыттар мен фабрикалар салынып жатыр. Халық тіршілігі біршама жақсарды. Бір сөзбен айтқанда, айтылды – істелді! Сондықтан да, біз әрқашан, Елбасы партиясы «Нұр Отанды» қолдаймыз», – деген болатынмын. Осы съезден елдің де, өзімнің де есімде қалған ерекше оқиға – Елбасымен жүзбе-жүз кездесіп, ол кісінің өз қолынан қаламын алуым болды. Шыны керек Президентпен осылай жолығысу көптен бергі арманым еді. Мұның алдында өткен съезде де бірнеше мәрте оқталып, Елбасымен жолығудың сәтін түсіре алмай кеткенмін. Дегенмен, Нұрсұлтан Әбішұлымен қайткен күнде де кездесуді алдыма үлкен мұрат етіп қойдым. Осы жолы сол мұратыма жеттім. Жиын бітіп, Елбасы есікке қарай беттеген кезде-ақ қаумалаған жұрт ол кісіге жетер жолды жауып тастады. Тағы да арманда кеттім-ау деп, салым суға кеткендей тұрып қалып едім өзімді батылдыққа жетелеген бір ой санама сап ете қалды. Ақыры сол батылдығым мені «Нұрсұлтан Әбішұлы!» деп даусымды қаттырақ шығарды. Күтпеген жерден Елбасымыз «Ау!», деп артқа бұрылды. Сол сәтте, Президенттің қолын алып қалуға тырысып жатқан жұрт жол ашып, біз бетпе-бет келдік. «Жақында бір түсімде Сіздің сыйлаған қаламсабыңызбен Қазақстанның гүлденуіне жоспар құрып жатыр екенмін. Осы түсім өңге айналсын деп, аталық ақ батаңызды беріп, қаламсабыңызды ұсыныңызшы?!», дедім бірден. Осылайша дүйім жұрттың көзінше «әумин» деп батасын берген Мемлекет басшысы сол съезде ұстап отырған қаламын маған арнайы сыйға тартты. Бүгінде мен Тараз қаласындағы минералды тыңайтқыштар зауытында жұмыс істеймін. Президентіміз ылғи да жастарды қолдап, еліміздің болашағы ретінде бізге үлкен жауапкершілік жүктейді.Сондықтан, мен Елбасының ыстық ықыласты пейілі мен ұсынған сыйын тек маған ғана емес, еліміздің бүкіл жастарына арнады, деп қабылдадым. Сол съезд – менің өмірімдегі ең бір ұмытылмас шақ ретінде тағдырыма қатталды. Осы бір жүздесу мені ерекше рухтан­дырып, дем берді. Содан бері Елбасы сыйға тартқан қаламды тастаған емеспін. Жұмыс барысында ең бір маңызды деген құжаттарға қол қойғанда ғана пайдаланып жүрмін.

Ұқсас жаңалықтар