«Болашақ бүгіннен басталады»

«Болашақ  бүгіннен басталады»
ашық дереккөз
«Болашақ бүгіннен басталады»

өңірдегі қайырымдылық шаралары осы тақырып аясында өтті

«Бөбек» қорының бастамасымен қараша айының соңғы аптасының бейсенбісі «Ризашылық күні» деп белгіленіп, еліміз көлемінде мереке ретінде кең көлемде аталып өтіліп келеді. Облыстық Жасөспірімдер үйінің ұжымы да осынау қайырымдылық мерекесін асыға күткен еді. Қамқоршы ұйымдар өкілдері, танымал тұлғалар мен меценаттар жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған білім беру мекемелерінің тәрбиеленушілерін бұл жолы да мейірімге, жүрек жылуына бөлеуді ұмытпады. 

Жасөспірімдер үйіне ТарМУ-дың ректоры, педагогика ғылымдарының докторы Махметғали Сарыбеков тұрмыстық тұтыну бұйымдарын, «Интерлинк Ресорсиз» дамыту орталығының өкілі Мария Цой линолеум төсеніштерін тапсырып, отбасылық мереке қуанышын бөлісті. Мекеме басшысы Гүлнар Төрежанова былтыр аталған ұжымдардың бірі теннис үстелін тарту етіп, екіншісі спорт алаңшасын жабдықтап бергенін айтып, ұжым атынан алғысын жеткізді. Мереке одан әрі концерттік қойылымға ұласты. Бұл күні қайырымдылық шаралары аясында, сондай-ақ, «Қазфосфат» ЖШС, «Қазақстан халық банкі» АҚ, ТарМПИ, ТИГУ секілді жоғары оқу орындары мен жеке кәсіпкерлер тарапынан «Үміт» бөбектер, Қ. Сарымолдаев атындағы, В. Савва атындағы (Меркі), сондай-ақ, Ержановтар, Тимофеевтер отбасы үлгісіндегі балалар үйлерінің тәрбиеленушілеріне олардың шығармашылық қабілеттерін дамытуына, спортпен айналысуына, саламатты өмір салтын ұстануына септігі тиетін сый-тартулар жасалды.

Баймаханбет АХМЕТ,  «Ақ жол».

Ұқсас жаңалықтар