Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті күні мерекесіне орай кеше Тараз қаласы әкімдігінде салтанатты жиын өтіп, онда шаһар басшысы Нұржан Календеров қала тіршілігіне атсалысып, оның көркеюіне өзіндік үлес қосып жүрген бір топ тараздық азаматқа Алғыс хат тапсырып беріп, сый-сияпат жасады.
Отырыста алдымен қала әкімі сөз сөйлеп, елімізде кеңінен аталып келе жатқан ең жас мерекенің мәні мен маңызына тоқталды. – Бұл мереке – көпұлтты Қазақстан халқының жүрек қалауы. Бұл күн – елін, ұрпағын мұратқа жетелеген тұңғыш Президентіміз – Елбасын құрметтейтін, ел тарихында алтын әріптермен жазылатын күн. Өйткені, дәл осы күні алғаш рет Тәуелсіз Қазақстанда тұңғыш Президент сайлауы өтіп, сол сайлауда Елбасымыз, Қазақстанның тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев жеңіске жеткен болатын. Қазақстан халқы бірауыздан ынтымақ пен бірліктің үлгісін көрсетіп, кемел келешек пен бейбітшілікке, тұрақтылық пен жарқын болашаққа деген өз таңдауын жасады. Бұл таңдау халқымызға өзінің жеңісі мен жемісін қатар алып келген – Елбасымыз Н.Назарбаевтың сарабдал саясаты екені баршамызға мәлім. Тараздықтар да бұл мерекені жоғары деңгейде атап өтуге лайықты үлес қосатынына сенімім мол, – деп, қала басшысы тараздықтарды келе жатқан мерекемен құттықтады. Жиын барысында бұл мерекенің қайдан шыққанын, 1 желтоқсанның қандай негізде мемлекеттік мереке ретінде белгіленгені жайлы қала әкімдігі ішкі саясат бөлімінің басшысы Кенжебек Олжабай баяндама жасады. Ол 2011 жылдың 12 желтоқсан күні Қазақстан Республикасының Парламенті Сенатының жалпы отырысында палата депутаттары «Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы» Қазақстан Республикасы Заңына толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заңын қабылдап, 1 желтоқсан – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күні болып белгіленгенін атап өтті. – Осы шешім қабылданғалы бері біз, қазақстандықтар бұл мерекені биыл үшінші жыл қатарынан атап өтудеміз. Елі үшін туған ерлер қазақта аз болмаған. Ел тарихында көшбасшы болған сол тұлғалардың тұяғы ретінде Ұлт көшбасшысы – Елбасымызды атауға болады. Халқымызды уыздай ұйытып отырған Президентіміз ерке Есілдің ернеуін жағалата Ақорданың уығын қадап, керегесін жайып, шаңырағын көтерді. Тарихи тамыры тереңге тартқан «Бәйтерегін» тұрғызып, алпыс қанат «Ханшатырын» орнатты. Оған алты құрлықтан келген алпауыттардың ат басын тіретіп, Күлтөбедегідей кеңес құрып, көз тоймас көркіне таңдайларын қаққызды, – деді К.Олжабай хабарламасында. Салтанатты шараның соңында қала әкімі Нұржан Календеров Тараздың тыныс-тіршілігіндегі қызметтерінде үлгі-өнегеге лайық еңбек етіп жүрген оншақты азаматқа Алғыс хат табыстап, гүл шоқтары және сыйлықтармен қуантты. Одан бөлек мемлекеттік қызметке алғаш қадам басқан үш қызметкер Қазақстан халқына адал қызмет атқаруға, қызметінде әділ болуға салтанатты түрде ант қабылдады. Ал 2014 жылдың қорытындысы бойынша «Ең үздік жас ақын» номинациясының иегері атанған Айбек Қадыралиев Елбасына арналған арнау өлеңін оқыды.
Жасұлан СЕЙІЛХАНОВ, «Ақ жол».
Ұқсас жаңалықтар
Аманат жүгі абыройға бастайды
- 19 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді