Студенттер қалашығына айналған гидрокешен
1962 жылы Алматы қаласындағы Қазақ ауылшаруашылық институтының гидромелиоративтік факультеті негізінде Жамбыл гидромелиоративтік-құрылыс институты ашылды. Институттың алғашқы ректоры болып Рахмет Жанғазыұлы Жолаев тағайындалды. Ол бұған дейін 1961 жылы Қазақстанда алғашқылардың бірі болып гидротехникалық құрылымдар мәселесі бойынша докторлық диссертациясын қорғаған. 1962-1973 жылдар аралығында Жамбыл гидромелиоративтік-құрылыс институтының бірінші ректоры лауазымын абыроймен, зор жауапкершілікпен атқарды. Оның жетекшілігімен қысқа мерзім ішінде сол заманғы құрал-жабдықтармен институттың оқу-лабораториялық базасы жасалды, білікті оқытушылар құрамы жинақталды. Мамандар дайындау үшін білікті кадрлар шақырылды. Республикадағы жаңа гидротехника және құрылыс мамандықтарын инженер кадрларымен қамтамасыз ету мақсатында құрылған Жамбыл гидромелиоративтік-құрылыс институты мелиоративтік ғылымды дамыту және су шаруашылығының жоғары білікті мамандарын дайындайтын танымал білім ошағына айналды. Институт өнеркәсіптік және азаматтық құрылыс, гидромелиорация, гидротехникалық құрылымдар және су электр станциялары құрылысы, сумен қамтамасыз ету және канализация мамандықтары бойынша күндізгі және сырттай оқыту түрлері бойынша мамандар дайындады.
1962 жылы институт құрамындағы факультеттер қаланың орталығындағы облыстық салық комитеті, мұражай, телеорталық және «Әскери» кафедрасының орналасқан ғимаратында еді.
Р.Жолаев ғылыми-инженерлік мамандар даярлауда қосқан үлкен үлесі үшін мемлекеттік орден және медальдармен марапатталды, ал өмірден өткен соң бірнеше жылдан кейін 2015 жылы Тараз қаласы гидрокешені маңындағы бір көшеге оның есімі берілді. Институттың материалдық негізінің толығуына, білікті ұстаздармен қамтамасыз етілуіне, оқытушылардың ғылыми дәреже мен марапат алуына 1973 жылы ректор болып келген академик, техника ғылымдарының докторы, профессор Марс Фазылұлы Үркімбаев көп үлес қосты. 33 жастағы ең жас ректор институттың өсіп-өркендеуіне, Кеңес Одағында ғана емес, әлемдік аренада да танымал болуына зор еңбек сіңірді.
1974 жылы Қ.Сәтбаев көшесі бойынан жер телімі беріліп, Марс Фазылұлының басшылық етуімен Жамбыл гидромелиоративтік-құрылыс институты кешенінің қабырғасы қалана бастады. Сол жылдары бұрынғы Жамбыл гидромелиоративтік-құрылыс институты өз оқытушыларына, оның ішінде жас мамандарды пәтермен қамтамасыз етуде одақ көлемінде алғашқы орындардың бірінде болды. «Өз жоғары оқу орнымыз – өз қолымызбен» деген ұранды ұстанған институт оқытушылары мен студенттері жатақхана, оқу корпустарын салу құрылысына белсене араласты. Аз уақыт ішінде жаңа оқу кешендері, спорт кешені, «Айша сұлу» студенттік асханасы, студенттер жатақханасы, оқытушыларға арналған тұрғын үйлер бой көтере бастады. Бүгінде бұл жер – студенттер қалашығына айналған гидрокешен.
Институт басшысының болашақ мамандардың денсаулығына аса көңіл бөліп отыруының арқасында 100 орындық емдеу-сауықтыру, қала сыртында орналасқан «Жасөркен» спорттық-сауықтыру лагері салынды. Лагерьде студенттер оқу тәжірибесінен өтумен қатар, дене шынықтырумен айналысты.
1983 жылы студенттер мен оқытушылардың, аспиранттардың мәдени-ғылыми орталығына айналған «Ғалымдар үйі» ашылды. Ғалымдар үйіне қарасты оқу залы, ғылыми және көркем әдебиет кітапханасы, шахмат клубы, кинозал, сонымен қатар түрлі жастар ұйымдары студенттердің қоғамдық жұмыстармен айналысуына да жаңа мүмкіндіктер туғызды.
Институт Қазақстан және КСРО чемпиондарын дайындайтын ұстаханаға айналды. Серік Қонақбаев, Алмаз Мұсабеков, Қанат және Талғат Байшолақовтар біздің мақтанышымыз болды. Ағалар жолын Бақтияр Артаев жалғастырды.
М.Үркімбаев тек білікті басқарушы ғана емес, сонымен қатар еліміздегі машина жасау саласындағы белгілі ғалымдардың бірі болды. Ол тісті берілістер және машинаның басқа элементтерінің беріктігін жоғарылату жолдарын қарастырып, бірнеше ғылыми бағыттарды қалыптастырды. Оның жетекшілігімен машина элементтері беріктігін зерттеуге арналған ғылыми лаборатория құрылып, онда 4 кандидаттық және 1 докторлық диссертация дайындалды.
Ғалымның ғылыми мұрасын жастар арасында насихаттау мақсатымен М.Үркімбаев атындағы қоғамдық қор құрылып, дарынды жас зерттеушілерге арнайы стипендия тағайындалды. Өзі іргетасын қалаған студенттерге арналған ғимарат бұл күнде академик Марс Үркімбаевтың Жастар сарайы деп аталады. Осы сарайдың алдына ғалымның 80 жылдығына орай бюст орнатылды.
Бүгінде бұл университет М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті деп аталады. Қазіргі уақытта бұрынғы Жамбыл гидромелиоративтік құрылыс институты М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің құрамында «Су шаруашылығы және табиғатқа үйлестіру» институты ретінде мамандар дайындауды жалғастыруда.
Ғаббас ЗӘРУБАЕВ,
Жамбыл гидромелиоративтік құрылыс институтының ардагер ұстазы, техника ғылымдарының кандидаты, доцент.
Ұқсас жаңалықтар
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
«Сапалы білім – саналы ұрпақ кепілі» атты кездесу өтті
- 24 қазан, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді