«Назарбаевтың нұрлы жолы» атты дөңгелек үстел отырысына қатысқан жастар осылай ой сабақтады
Егемен еліміз Тәуелсіздікке қол жеткізген сындарлы жылдарда ғасырға бергісіз ғаламат белестерді бағындырды. Шекарамыз шегенделіп, төл құндылықтарымыз төрімізден табылды. Тіліміз мемлекеттік мәртебе алып, дініміз бен діліміз қайта жаңғырды. Арқа төсінен айшықты Астанамыз бой көтеріп, сәулетімен әлемді аузына қаратты. 130-дан астам ұлт пен ұлыс өкілдері тату-тәтті тұрып жатқан кең-байтақ Отанымыз төрткүл дүниеге үлгі, өнеге. Міне, мұның бәрі де оңайлықпен келген жоқ. Бұл сөзсіз Елбасы-Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың сарабдал саясаткерлігінің, алысты болжай білетін көрегенділігінің, еліне деген шексіз сүйіспеншілігінің дәлелі. М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің мәжіліс залында өткен «Назарбаевтың нұрлы жолы» тақырыбындағы дөңгелек үстел отырысына қатысушы жастардың ой-пікірі осылай өрбіді.
Аталмыш оқу орнының «Жеңіл өнеркәсіп бұйымдарының технологиясы мен конструкциялау және дизайн» кафедрасының оқытушылары мен студенттері ұйымдастырған басқосу Мемлекет басшысының «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» атты Жолдауын талқылауға арналды. Дөңгелек үстел отырысын ашқан ТарМУ технологиялық факультетінің деканы, экономика ғылымының докторы, профессор Әнуарбек Әймен өз сөзінде Елбасының жаһандағы геосаясат пен қаржылық дағдарыстың күрделене түскен кезеңінде осынау қиындықтың салдарын алдын ала бағамдап, еліміздің тығырықтан шығар жолын белгілеп бергендігін атап өтті.
Басқосуға модераторлық еткен техника ғылымының кандидаты, доцент Маржан Омарбекова Мемлекет басшысының жыл сайынғы Жолдаулары – еліміздің рухын асқақтатып, күш-қуатын біріктіретін құжат екенін, 1997 жылдан бері осы уақытқа дейін Президент 19 Жолдау жариялағанын айта келе олардың әрқайсысына шолу жасады. – Мемлекет басшысының барлық Жолдауы дамыған 30 елдің қатарына кіруімізге, қазақстандықтардың әл-ауқатының жақсаруына және болашақтың іргесін бірге қалауымызға жаңа серпін беретіні сөзсіз. Дегенмен, Жаңа Экономикалық Саясатқа негізделген «Нұрлы жол» бағдарламасының тарихи маңызы зор. Себебі, Елбасы геосаяси жағдайға нақты баға беріп, алыс және жақын болашағымыздың бағдарын айқындап отыр. Сондықтан, Жолдауды бәрімізді біріктіретін, болашаққа сенімді қадам деп айтуға толық негіз бар. Жолдаудан туындайтын міндеттер ел экономикасының қуатын еселеуге бағытталады. Халыққа мемлекет тарапынан зор көмектер белгіленген. Келесі жылдан бастап ақпан айында Ұлттық қордан экономикалық өсім мен жұмыспен қамтуды қолдау үшін 500 миллиард теңгеден екі транш бойынша 1 триллион теңге бөлу туралы шешім қабылданған болатын. Басталған жобаларды аяқтау және аса өткір мәселелерді шешу үшін Үкіметке Ұлттық қордан 500 миллиард теңге көлеміндегі екінші транш қаржысын тиісті мақсаттарға бағыттауды тапсырды Елбасы. Жолдауда тұрғын үй бағдарламасын одан әрі дамыту мәселесі де қамтылған. Мемлекет басшысы әсіресе, еліміздің болашағы – жастарға, жас отбасыларына арнап қолжетімді үй салу мәселесіне кеңінен тоқталды. 2015-2016 жылдар ішінде жалға берілетін тұрғын үй құрылысын қаржыландыру қосымша 180 миллиард теңге сомасында ұлғайтылады. Әлеуметтік инфрақұрылымдарды дамыту бойынша білім мен ғылым саласына да ерекше көңіл бөлінді. Бірінші кезекте, бұл – апатты мектептер мен үш ауысымда оқыту проблемаларын шешуі және анықталған 10 жоғары оқу орындарына 2017 жылға дейін 10 миллиард теңге бағыттай отырып, материалдық-техникалық базасын қалыптастыруға көңіл бөлінді. Жолдау халықтың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсарту, ел бірлігін нығайту мақсатында барша қоғамды белсене жұмыс атқаруға үндейді, – деді М.Омарбекова. Елбасының Жолдауынан түйген ойларын ортаға салудан студент жастар да қалысқан жоқ.
Айя АҚПАНОВА, 4-курс студенті:
– Мемлекет басшысы Жолдауының «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» деп аталуында үлкен мағына жатыр деп ойлаймын. «Қазақстан – ұшқан құстың қанаты талатын ұлан-ғайыр аумақтың иeci. Сондықтан, аталған жоспар орасан қаражат пен еңбекті, аса ауқымды жұмысты қажет етеді. «Елдің өркенін білгің келсе, жолына қара» деген қағида қалыптасқан. Барыс-келіс пен алыс-берісте жол қатынасы айрықша маңызға ие. Көне замандарда ірі қалаларымыздың көбі Ұлы Жібек жолын жағалай қоныс тепкен» – деп Елбасы атап өтті. Қазіргі жаһандану жағдайында Қазақстан жерінің кең байтақтығы мен оның экономикасының бәсекелестік қабілеттілігі көліктік коммуникациялық кешенінің тиімді әрекетіне тікелей байланысты. Сондықтан да қазіргі жағдайда көлік Қазақстан экономикасында өте маңызды рөл атқарады. Жолдау жүктеген міндеттерге сәйкес бірінші кезекте, негізгі автожолдар жобасы жүзеге асырылмақ. Бұлар: «Батыс Қытай – Батыс Еуропа», «Астана – Алматы», «Астана – Өскемен», «Астана – Ақтөбе – Атырау», «Алматы – Өскемен», «Қарағанды – Жезқазған – Қызылорда», «Атырау – Астрахань» бағыттары. Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының транспорттық саясаты дамуының тағы бір жетістіктері жаңа теміржол, автомобиль торабын құру, Шығыс Еуропа – Шығыс Қытай автомобиль транзитті дәлізді жаңғырту жобасының жүзеге асырылуы күтілуде. Елбасының Жолдау жолдарында «Бұл Қазақстанды Еуропадан Азияға апаратын транзитті дәліздің күретамыры болады» деп атап көрсеткеніндей, бұл жобаның орындалуы алға қойылған міндетпен үйлесім таппақ.
Ұлдана Әбдумәлік, 1-курс студенті:
– Елбасы жаңа Жолдауында әлеуметтік инфрақұрылымдарды дамытуға баса назар аударғаны баршаны қуантып отыр. Инфрақұрылым тартылған жерде тұрғын үй де, балабақша да, мектеп те, өзге де қажетті нысандар болады. Бұл жағынан біздің облысымызда үлкен жұмыстар атқарылып жатқанын көріп жүрміз. Мысалы, «Бәйтерек» мөлтек ауданында сәулеті келіскен тұрғын үйлер мен су жаңа ғимараттар бой көтерді. «Інжу» білім беру кешені «Балапан» бағдарламасы аясында әрі мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде салынған. Оған 280 орынға арналған балабақша, 80 орынға арналған бастауыш мектеп-гимназия кіреді. Мұның өзі қаншама ата-ананың қуанышын еселегені сөзсіз. Сонымен қатар, «Тараз-Арена» спорт сарайы ғимаратының өзі не тұрады?! Қазіргі таңда бұл жерде көптеген жарыстар өткізілуде. Жалпы, «Жүрек» клиникасының да халықтың денсаулығын жақсартуда өзіндік орны бар. Бүгінде Тараз қаласында 102 білім мекемесі бар екен. Оның 58-і мектеп, 40-ы балабақша, 3-еуі қосымша білім беру орталығы. Қуанарлығы, соңғы жылдары облыста балаларды мектепке дейінгі біліммен қамту мәселесі оң шешімін тауып келеді. Мәселен, «Балапан» бағдарламасы аясында мектепке дейінгі мекемелердің саны соңғы 5 жылда 193-тен 387-ге дейін артқан. Осылайша, балаларды мектепте дейінгі біліммен қамту деңгейі облыста 67,6 пайызға жеткен. Мұның бәрі де Елбасы Жолдауының жарқын жемісі. Біз оны жүрекпен сезініп отырмыз.
– Баспана – баршаның басты арманы. Өйткені, басыңда баспанаң болмаса, атқарған еңбегіңнің де берекесі болмайтыны анық. Осыны ескерген Елбасы жаңа Жолдауында тұрғын үй инфрақұрылымын нығайту мәселесін де ұмыт қалдырған жоқ. Бұл орайда Мемлекет басшысы жалға берілетін тұрғын үй құрылысына көзқарасты қайта қарауды тапсырды. Әсіресе, мемлекеттік әлеуметтік жалдамалы баспана салып, оны тұрғындарға сатып алу құқығын бере отырып, ұзақ мерзімді жалға ұсыну туралы идеясы көптің шаттығын шалқытқаны сөзсіз. Біздің облысымызда тұрғын үй инфрақұрылымын дамыту бағытында жүзеге асып жатқан жұмыстар жоқ емес. Қазір қарап отырсақ, жаңадан бой көтеріп жатқан «Бәйтерек» шағын ауданында тұрғын үй құрылысы қарқынды жүргізілуде. Биылғы Астана күні мерекесінің құрметіне екі бірдей көпқабатты тұрғын үйдің тұрғындар игілігіне берілуі осы сөзімізді дәлелдей түскендей. Баспаналы болғандардың қатарында Ұлы Отан және Ауған соғысының ардагерлері, жетім балалар мен кезекте тұрған көптеген азаматтар бар. Олардың қуанышында шек болған жоқ, әрине. Сол сияқты мемлекеттік бағдарлама аясында былтыр біздің университеттегі «Дизайн» мамандығының студенттері Гауһар Омарова мен Сәуле Оспанова да жаңа пәтерге ие болды. Елбасының жаңа Жолдауы елдің көңіліне жаңа үміт, тың талпыныс сыйлауда. Өйткені, баспаналар тікелей, делдалсыз және несиеге барынша төмен өсім пайызымен ұсынылатын болады. «Бастапқы жарнаның болмауы мен ипотека үшін төмен пайыздар баспананы қазақстандықтардың көптеген жіктері үшін қолжетімді ете түседі» деді Президент. Осы мақсатта 2015-2016 жылдар ішінде жалға берілетін тұрғын үй құрылысын қаржыландыру қосымша 180 миллиард теңге сомасында ұлғайтылмақ. Бұдан артық не керек?! Біз елін сүйген, елі сүйген осындай Елбасымен мақтанамыз. Басқосуда жалынды жастар осылайша тебірене сөйледі. Тіпті 3-курс студенті Ернар Әбдіразақ Елбасына арнау өлең жазып келіпті. Жүректен шыққан жырын толқи оқыды. Өзге де студенттер Мемлекет басшысының жүргізіп отырған саясаты, Жолдау жақсылықтары туралы пайымды пікірлерін ортаға салды. Ең бастысы, даму стратегиясымен сабақтасқан еліміздегі қыруар жұмыстың бәрі де жастардың кемел келешегіне бағытталып жатқанын олар жете сезініп, жүрекпен жеткізе білгендігіне риза болдық.
Тұрсынбек СҰЛТАНБЕКОВ, «Ақ жол».
Суретті түсірген Ақәділ Рысмахан.
Ұқсас жаңалықтар
Аманат жүгі абыройға бастайды
- 19 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді