«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Ғалым ғұмырының ғибраты

Ғалым ғұмырының ғибраты
ашық дереккөз
Ғалым ғұмырының ғибраты
Егемен еліміздің тағдырлы тарихында Алаш ардақтысы Әлихан Бөкейхановша айтқанда, «ұлтына қызмет ету – мінезден» деп ұрпаққа ұлағатты із қалдырған ізгі жандар аз емес. Олардың қай-қайсысы да қазақы қауым үшін қашанда қадірлі. Себебі солар салған соқпақ һәм әлі де өрнектеп келе жатқан ізгілік ізі ұлтты кемелдену арқылы келешекке жетелеген даналықтың даңғылына айналары сөзсіз. Сондай ізгі жанның бірі де бірегейі, қазақтың белгілі ғалымы – Мекемтас Мырзахметұлы. Ал таяуда жарық көрген танымал жазушы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Елен Әлімжанның «Алтын жүлге жыры» атты романы ғибратты ғалым хақында жазылған ең салмақты рухани олжа. Жазушы Елен Әлімжанның шығармашылық әлемімен таныс оқырман оның Алаш арманын арқалаған оралымды ойларын, орынды образдарын, өмірдің өзінен алынған шынайы оқиғалары мен кейіпкерлерін жақсы біледі. Онда бүт қазақтың тарихынан бастап, қоғамның ащы шындығы да, сауыт бұзып, қалқанның өзін қаламмен қақ жаратын мәселелер де, өскелең ұрпаққа ауадай қажет өнегелер де жетерлік. Бір ғана нәзиралы нәркес әйел образындағы қоғам бейнесін боямасыз азаптарымен ашық бедерлеген «Анажар» романы үшін Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері атанды. Әлемді әбігерге салған карантин кезінде жазушы, қазақтың әйгілі ғалымы Мекемтас Мырзахметұлы жайлы үлкен роман жазып, жарыққа шығарды. Бұл кешегі Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» немесе Шерхан Мұртазаның Тұрар Рысқұлов жайлы жазылған «Қызыл жебесінен» еш кем түспейтін дүние. Мұнда бас кейіпкері Мекемтас Мырзахметұлының Абай мұрасын тұрпайы-социологиялық тұрғыда бағалаушылармен күресе жүріп, ұлы ақынның толық адам ілімін ашуы, қазақтың қалай орыстандырылғаны туралы өз еңбегін жарыққа шығара алмауы, 1986 жылғы желтоқсаншыларды ақтау әрекеттері көркем әдеби шындықпен бейнеленеді. «Мекемтас Мырзахметұлына докторлық диссертациясын қорғатпай қойса да, еңбегінен Абайға ислам шығысының әсері туралы тарауларды алып тастамай, қайта мүмкіндік туған сайын жариялап отырған әрекетінің өзі не тұрады?! Қара басының қамынан ұлт мүддесін биік қойған ақиқат үшін күрестің керемет үлгісі емес пе? Романда ұлттық мүдде үшін күрестің басқа да сипаттары кезегімен суреттеліп отырады. Менің алтын жүлге деп отырғаным – адам бойындағы ізгілік. Сонау Алып Ер Тоңа заманынан келе жатқан ата-бабаларымыздың ізгілік туралы ілімі. Сол ілімді Абай толық мәнге ие етті. Ал мұның бәрін Мекемтас ашты. Бір сөзбен айтқанда, «Алтын жүлге жыры» – ақын-жазушылардың ізгілік пен әділдік жолындағы күрес жыры», дейді автордың өзі өзекжарды роман туралы. Кітап алматылық «Дәуір» баспасынан үш мың данамен қалың оқырманға жол тартып отыр. Мұнда ақиқат пен адалдық жолында «Мыңмен жалғыз алысқан» хакім Абайдың әлі күнге көзімізбен көріп жүрсек те, көңіл сәулелері жетіп үлгермеген терең ойларынан бастап, қазақтың ардақты батыры Бауыржан Момышұлы секілді қайраткерлердің де образын кездестіруге болады. Тіпті Мекемтас Мырзахметұлының ғибратты жолы арқылы Абай әлеміне деген оқырманның жаңа тынысы ашылады. Жаңа романның ғұмыры ұзақ, оқырманы мол боларына сеніміміз зор.  

Нұржан ҚАДІРӘЛІ

Ұқсас жаңалықтар