Деп жырлаған ақын, композитор, Балуан Нұрмағамбет Баймырзаұлының ескерткіші бой көтерді
Белдескенін алып та, шалып та жыққан, қазақтың даңқты толағайы, сом білекті ұлы, ұлт батыры Балуан Шолақтың туғанына жүз елу жыл толуына орай еліміздегі әлемдік стандартқа сай санаулы спорт кешендерінің бірі – «Тараз- Аренаның» тура алдында балуанның ескерткіші бой көтерді.
Ұзындығы да, төменгі қабаты да бес жарым метрді құрайтын ескерткіште қазақ даласы алыбының кір тасын көтеріп тұрған бейнесі орын тапқан. Ескерткіштің ашылу салтанатында сөз алған облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев Балуан Шолақтың балуандық қырын, композиторлығын, ақындығын тіліне тиек етті. Сонымен қатар: «Биыл облысымыздың 75 жылдық мерейтойы тойланғаны белгілі. Бабамызға деген құрметіміздің бір белгісі сынды бой көтерген бұл ескерткіштің Балуан Шолақтың 150 жылдығымен, облысымыздың мерейтойымен тұспа-тұс келгенін байқап тұрсыздар. Демек, біздің мерейтойымыз әлі де жалғасуда» деді өз сөзінде. Мұнан соң сөз алған Жамбыл облысының Құрметті азаматы, облыстың бұрынғы басшысы Өмірбек Байгелді де Балуан Шолақ бабамыздың қазақ күресіндегі рөлін, жалпы өмірін, өнегесін тебірене сөз етті. Балуан Шолақтың немересі Шайдолла Шолақов та балуанның өмірін тіліне тиек етіп, бүгінгі қазақ күресі батырларының баба жолын абыроймен жалғауы қажеттігін нақты айтып өтті. Балуан Шолақтың тағы бір немересі Айбат Құдайбергенқызы: «Ескерткіштің бой көтерген жері де көңілімнен шығып тұр. Бабамыздың балуан болғандығының айғағы іспеттес еліміздегі озық үлгідегі спорт кешендерінің бірі – «Тараз-Аренаның» алдына орнатқанына қуаныштымын. Мұнда қазақтың сан толағайы жаттығып жатқанына шүбәм жоқ. Бабаның ескерткішіне қараған олардың бойында намыс оты лаулап жанары да сөзсіз. Бұл құрмет Балуан Шолаққа ғана емес, қазақ күресіне көрсетілген ілтипат деп білемін» дейді өз сөзінде. Иә, Тараз жұртшылығы ұлтық күрестің толағайына айрықша архитектуралық шешімі бар ескерткіш қою арқылы да бас иді, ізет көрсетті. «Өлі разы болмай, тірі байымайтынын» тағы бір мәрте еске түсірді.
Табиғат Абаилдаев, «Ақ жол».
Ұқсас жаңалықтар
«Салауатты ауыл» қатары көбейіп келеді
- 17 қараша, 2024
Зертханалық диагностика мәселелері зерделенді
- 17 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді