Үстіміздегі жылғы 17 қарашада Алматы қаласындағы сән және дизайн колледжінің алғашқы әскери дайындық пәні кабинетінде орын алған оқыс оқиға қалың жұртшылықтың, оның ішінде ата-аналардың айрықша алаңдаушылығын туғызған. аталмыш оқиғадан кейін бірден жұмыс тобы құрылып, өңірлерге оқу гранаталарын сабақта қолданбауға және теориялық бөліммен оқыту тапсырылған. Бұл мәселе кеше облыстық әкімдікте өткен кеңестің күн тәртібіне де өткір қойылды. Осыған байланысты облыс әкімдігі білім басқармасының басшысы Сұлушаш ҚҰРМАНБЕКОВАмеН жедел сұхбаттасқан едік.
– Алдағы уақытта мұндай жағдайларға жол бермеу және алдын алу мақсатында өңірімізде қандай жұмыстар жүргізілді?
– Бұл тұрғыда аудан, қала әкімдерінің өкімдерімен арнайы комиссиялар құрылып, 18-19 қараша күндері білім мекемелеріндегі алғашқы әскери дайындық пәндері өтетін кабинеттердегі қару-жарақтарға тексеру жүргізіліп, олардың қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкестігіне, сараптамадан өткізу жұмыстарының жағдайына талдау жасалды. Аудан, қала әкімдіктері тарапынан түскен тексеру қорытындылары алғашқы әскери дайындық пәні кабинеттерінде жарылғыш заттардың, оқушылар өміріне қауіп тудыратын заттардың жоқ екендігін анықтап беріп отыр. Ендеше, ата-аналардың алаңдауына да еш негіз жоқ. – Алғашқы әскери дайындық пәнін оқытушылар құрамы жөнінде де айта кетсеңіз... – Жалпы өңірімізде 352 орта мектеп пен 48 колледжде, барлығы 400 білім мекемесінде алғашқы әскери дайындық пәні оқытылады. Оған 30 889 оқушы қамтылған. Оқу орындарында бұл пәннен 407 оқытушы-ұйымдастырушы сабақ береді. Олардың 182-і немесе 44, 7 пайызы запастағы сардарлар, 225-і яғни 55, 3 пайызы сержанттар мен қатардағы сарбаздар. – Аталған пән әскери-патриоттық тәрбиемен ұштастырыла оқытылады ғой... – Әлбетте. Жыл сайын барлық қала, аудандарда жалпы білім беру жүйелері мен колледждер оқушылары арасында сапта жүріп, ән айту бойынша байқаулар тұрақты өткізіледі. Оған он мыңнан астам оқушылар атсалысады. Облыстағы алғашқы әскери дайындық пәні оқытушы-ұйымдастырушыларының әдістемелік және әскери біліктілігін көтеру, дене шынықтыру дайындығы деңгейін анықтау, оқу үдерісін ұйымдастыру және жастарға әскери-патриоттық тәрбие беру жұмыстарын жақсарту мақсатында басқарма мен облыстық қорғаныс істері жөніндегі департамент бірлесе бірқатар жұмыстарды жүзеге асырды. Осы орайда өңірімізде үш күндік оқу-әдістемелік жиын, сондай-ақ, әскери дайындық пәні мұғалімдерінің байқауы өткізілді. Аталған пәнді оқыту ісінде, әрине, министрлік бекіткен орта және кәсіптік білім беру бағдарламаларын басшылыққа аламыз. Бұл мәселе – министрліктің құзыретіндегі іс. Биылғы оқу жылында министрлік бекіткен стандарттар мен бұйрықтар негізінде жұмыс істеудеміз, жұмыс істей де береміз.
Сұхбаттасқан Баймаханбет АХМЕТ, «Ақ жол».
Ұқсас жаңалықтар
«Салауатты ауыл» қатары көбейіп келеді
- 17 қараша, 2024
Зертханалық диагностика мәселелері зерделенді
- 17 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді