Қазақстан мемлекетінің Тұңғыш Президенті ретінде елін белестен-белеске шығарып келе жатқан Нұрсұлтан Назарбаевтың есімі қазірдің өзінде тәуелсіз еліміздің тарихында алтын әріптермен жазылып тұр. Оның жөні де бар. Елбасының елорданы Алматыдан Ақмола қаласына көшірудің өзі неге тұрады?! Елордасын Еуразия орталығына көшіруге көп жұрт қарсы тұрды. Сонда біздің Тұңғыш Президент өзінің туған күніне орай, сессия шақырып, Жоғарғы Кеңес мүшелеріне түсіндіре отырып орданы – астананы көшіруге қаулы шығартып алғаны әлі есімізде. Осылай, 1997 жылдың қақаған қысында Үкімет мүшелерін Сарыарқа төсіне қондырып, «жаяу адам жатып қарайтын, атты кісі аттан түсіп көретін» көркіне көз тоймас, ел Астанасын орнатпады ма?! «Білімді кадр бәрін де шешеді», дейді ел даналары. Осыны ойлап, сонау 1993 жылы қазақстандықтардың көпшілігі қиындықты бастан кешіп жатқан шақта Елбасы «Болашақ» бағдарламасын дүниеге әкелді. Қазіргі таңда 35 мың жас шетелдерде өрелі білім алып, лек-легімен елге қайта оралып, шынайы отансүйгіштіктің көркін қыздырып жүр. 1997 жылы «Қазақстан-2030» деген бағдарлама қабылданғанда, ол маңызды құжаттың келешегіне, жүзеге асатынына Нұрекеңнен басқаның сенбегенін де білеміз. Бұл ұзақ мерзімді стратегиялық бағдарламаның негізгі міндеттері мерзімінен бұрын орындалып, нақты нәтижелерін көріп жатқан жайымыз бар. «Көксарай» су қоймасын салдырар кездегі көпшілік талқысының да куәгері болған едік. Бұл су қоймасын салуға қарсы шықпаған қазақ аз болмап еді десем, өтірік емес. Бірақ, Елбасы су қоймасы құрылысын жүргізу туралы шешім шығарып, салдырды. Бүгінде «Көксарай» су қоймасына ел түгел разы. Өйткені, ел су қоймасының игілігін көруде. Қызылорда облысының ақсақалдары бөріктерін аспанға ата қуанып, Президентке алғыс айтып, ашық хат жолдағандарын да көрдік, естідік, газеттен оқыдық. Нұрсұлтан Назарбаев – аса кемеңгер тұлға! 2010 жылы Астанада 67 елдің басшыларын жинап, ЕҚЫҰ Саммитін өткізді. Осы Саммитте бүкіләлемдік кезек күттірмес өткір мәселелер талқыланып, бірауыздан Астана декларациясы қабылданды! Мемлекет басшысының Ақ Азиада ойындарын Қазақстанның ескі және жаңа астаналарында үлкен абыроймен өткізгенін де естен шығара қойған жоқпыз. 2012 жылғы Лондон Олимпиадасына Президент қамқорлығы арқасында Қазақстан спортшылары белсене қатысып, әлемдегі 200-ден астам елдің ішінде толағай жетістіктері бойынша 12-орынға шығып, елдің Әнұранын шырқатқаны, көк байрағын көтергені баршаға мәлім. Ғасыр жолы атанған «Батыс Еуропа- Батыс Қытай» халықаралық автомобиль дәлізі – Тұңғыш Президентіміздің идеясы. Биыл оның құрылысы аяқталып, пайдалануға беріліп отыр. Осы дәліз арқылы Қазақстан нарықтық экономиканың аса бір биік деңгейіне көтерілмек. Ал, енді мына ғажапқа қараңыз. «ЭКСПО» көрмесіне қол созып, 2017 жылғы бүкіләлемдік бұл маңызды шараны Астана қаласында өткізуге ТМД елдері ішінде бірінші болып ұсыныс жасаған да біздің Тұңғыш Президентіміз, еліміздің көшбасшысы – Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев! Бұл бүкіләлемдік көрмені Қазақстанда өткізу мәселесін шешу барысында біз Бельгия елімен бақ сынастық. Осы бәсекенің басы-қасында болуға ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаев арнайы Парижге барды. Нұрекеңнің салиқалы саясатының арқасында бұл жолы да жеңіске жеттік. Сайлауға қатысқан елдердің 103-і бізді, Қазақстанды жақтап дауыс берді. Бұл деген – әлемнің Қазақ елін «Ұлы держава» деп бағалауымен пара-пар. Ендігі жерде 2017 жылы Сарыарқа төрінде Астананың оңтүстік-шығысында, әуежайға жақын жердегі 113 гектар жазықтықта тағы бір қала бой көтеріп, дүниежүзінің төрт-бес миллион турисі үш ай бойы Қазақ еліне ағылмақ. Бұл – орасан зор жетістік. Ұлт көшбасшысы Н. Назарбаевтың «Қазақстан-2050» Стратегиясында көздеген мақсаты – мықты мемлекеттің, дамыған экономиканың және жалпыға ортақ еңбектің негізінде берекелі қоғам құру. Сөйтіп, Қазақстан 2050 жылға қарай әлемнің ең дамыған отыз елінің қатарына қосылуы тиіс. Еліміз осылайша жаңа бағытта өсіп-өркендеп, барлық сала бойынша бәсекеге қабілетті ел атанатынымызға біз кәміл сенімдіміз.
Қуандық Тұрдалы, ТарМПИ-дың профессоры.
Ұқсас жаңалықтар
«Салауатты ауыл» қатары көбейіп келеді
- 17 қараша, 2024
Зертханалық диагностика мәселелері зерделенді
- 17 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді